Астана, Алматы және Қарағанды қалаларына «Еңбек даңқы қаласы. 1941–1945 жылдар» құрметті атағы берілмек. Бұл шешім ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атақты беру бастамасы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған. Соғыс жылдары бұл қалалар әскери және азаматтық өнім өндірісінің маңызды орталықтарына айналып, халық ерлікпен еңбек еткен.
Атақпен бірге аталған қалаларда арнайы стелалар орнатылады. Онда жаңа мәртебе туралы ақпарат пен қаланың елтаңбасы бейнеленеді. Бұл ұсынысты Қазақстан тарапы ТМД-ның Гуманитарлық ынтымақтастық кеңесіне жолдаған. 11 сәуірде Алматыда өткен отырыста бастама бірауыздан қолдау тапқан.
Айта кетейік, мұндай мәртебеге ТМД құрамындағы өзге де қалалар ие болады деп жоспарланып отыр.