Қазақстан 15 Сәуір, 2025

Altel мен Tele2 арабтарға сатылды

0 рет
көрсетілді

Еліміздегі ірі ұялы байланыс операторлары – Altel мен Tele2 брендтеріне иелік ететін «Мобайл Телеком-Сервис» (МТС) компаниясы Қатардың Power International Holding (PIH) холдингіне сатылды. Бұл мәміле туралы ақпарат «Қазақтелекомның» 2024 жылғы қаржылық есебінде жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәміле құны – 1,1 млрд доллар. Бұл сомаға компанияның барлық активтерімен қатар, оның міндеттемелері де кіреді. KASE сайтында жарияланған есепте «Қазақтелеком» 2025 жылғы қаңтарда МТС-тің 100% үлесін сатқанын растайды. Мәміле құнының бір бөлігі – шартты сыйақы ретінде белгіленген.

Сатуға шығарылған активтердің жалпы құны – 577,3 млрд теңге. Оның ішінде 167,4 млрд теңге – компанияның түрлі міндеттемелері несиелер, жалға алу ақысы, салықтар, субсидиялар мен берешектері бар. Былтырғы жылдың қорытындысында, «Мобайл Телеком-Сервис» 161,2 млрд теңге табыс тапқан. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 38,4% артық. Алайда компанияның таза табысы 22%-ға төмендеп, 53 млрд теңгені құрады.

Қатарлық инвестор кім? Altel мен Tele2 брендтерінің жаңа иесі – Power International Holding (PIH) – Қатардағы ең ірі жеке холдингтердің бірі. Оның құрамында энергетика, құрылыс, өнеркәсіп, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, тағам өндірісі, жылжымайтын мүлік және өмір салты салалары бар. 2024 жылғы 4 маусымда «Қазақтелеком» PIH Interconnect Ltd компаниясымен келісімшартқа қол қойды. Кейін, қарашада құжатқа өзгеріс енгізіліп, сатып алушы ретінде PIH Communication LLC көрсетілді.