Зейнетке шығу – жай рәсім емес, ол өміріңіздің жаңа кезеңіне бастар маңызды қадам. Сондықтан оған алдын ала дайындалу керек.

Балжан Бақытқалиқызы,
салық маманы:
Бірінші кезекте, 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліңізді дәлелдейтін құжаттарыңызды реттеуіңіз керек. Өйткені зейнетақы үш түрлі төлемнен құралады: біріншісі – базалық зейнетақы, бұл барлық азаматқа ортақ мемлекеттік төлем, оның көлемі еңбек өтіліңізге, ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. Еңбек өтілі ең төменгі күнкөріс деңгейіне көбейтіледі де өмір бойы алатын базалық зейнетақы сомасы шығады. Екіншісі – ынтымақты зейнетақы, бұл тек 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар азаматтарға тағайындалады. Ынтымақты зейнетақы 1998 жылға дейінгі табыстан ұсталынады. Еңбек өтілін кез келген 3 жыл қатарынан келген орташа айлық табысқа көбейтіп анықтайды. Есепке алынатын орташа айлық табыс шектелген, ол қазір 55 АЕК (55*3932=216 260). Жалақыңыз одан жоғары болса, есепке тек 216 260 алынады. Әйелдер үшін 20 жыл, ер адамдарға 25 жыл еңбек өтілі есебінен есепке алады, жетпесе барын есептейді. Үшіншісі – жинақтаушы зейнетақы, бұл сіздің немесе жұмыс берушіңіздің БЖЗҚ-ға аударған ақшасы.
Ынтымақты зейнетақының мөлшері 1998 жылға дейінгі нақты еңбек өтіліңізге және қатарынан тұрған кез келген үш жылдағы орташа табысыңызға байланысты. Мысалы, сол үш жылдың ішінде 800 000 теңгедей зейнетақы жарнасы түссе, бұл сіздің болашақ зейнетақыңызға оң әсер етеді. Сондықтан бұл кезеңді нақты құжатпен дәлелдеу өте маңызды. Егер сіздің еңбек кітапшаңыз сақталса, онда бәрі жеңіл – кітапшаңызда көрсетілген жұмыс жылдары автоматты түрде есепке алынады. Ал кітапшаңыз жоқ болса, жоғалып кеткен болса немесе мүлде болмаған жағдайда, жұмыс істеген мекеме орналасқан қаладағы архивке жүгіну қажет. Мысалы, сіз бұрын Ақмола қаласында жұмыс істесеңіз, онда Астана қаласының архивінен анықтама алу керек. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы өтінім беріп, мұрағаттық анықтама аласыз. Бұл анықтама сіздің нақты қай жылдары, қандай мекемеде жұмыс істегеніңізді растайды.
Ер адамдарға еңбек өтіліне жоғары немесе арнаулы оқу орындарында оқыған жылдары, әскердегі қызмет уақыты және жұмыс істеген жылдар кіреді. Ал әйел адамдар үшін еңбек кітапшасымен бірге балаларының туу туралы куәліктері қажет болады. Тіпті балалары өмірден өтіп кеткен болса да, олардың туу туралы құжаттары сұралады, өйткені бұл жылдар да еңбек өтілі ретінде есептеледі. Сондай-ақ әйелдерге де оқыған оқу орны, жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер маңызды. Егер еңбек кітапшасы болмаса, архивтік анықтама алу қажет.
Жинақтаушы зейнетақы – сіздің жеке шотыңызда жиналған қаражат. Мысалы, шотыңызда 11 млн теңге болса, соның 9 млн-ы ай сайынғы зейнетақы төлемі ретінде бөлінеді. Қалған 2 млн-ын алдын ала шешіп алуға болады. Оны баспана жағдайын жақсартуға, көз, тіс секілді медициналық қызметтерге немесе басқа да қажеттіліктерге жұмсауға мүмкіндік бар. Егер жинақ сомасы аз болса, ол бәрібір сізге тиесілі – қор ай сайын, жинағыңыз біткенше шамамен 30 000 теңгеден төлеп отырады. Ең бастысы – жинақтаушы зейнетақы шотындағы қаражат жоғалып кетпейді. Егер зейнеткер өмірден озса, бұл ақша мұрагеріне беріледі.
Сондықтан зейнет жасына таяғанда мынадай нақты әрекеттерді жасаңыз: 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліңізді дәлелдейтін құжаттарды толық жинап алыңыз; еңбек кітапшаңыз болмаса – архивтен анықтама алыңыз; балаларыңыздың туу туралы куәлігін ұмытпаңыз; БЖЗҚ-дан жинақ сомасы туралы анықтама сұратыңыз. Зейнетақы – бұл болашақтағы тұрақтылығыңыз.
Сұрақ қойған –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»