• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2010

ЖАҢА ОҚУ ОРНЫ ЖАСТАРДЫ ҚАНАТТАНДЫРАДЫ

477 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезектен тыс мәжілісі болып өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. “Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы Халықаралық университетінің – Назарбаев Университетінің ресми ашылуы болды. Әлемдегі үздік университеттердің бағдарламалары бойынша жұмыс істейтін және елімізге қажетті әрі заманауи маман­дарды даярлайтын елордамызда осындай жоғары оқу орнының ашылуы – Елбасының еліміздегі оқу жүйе­сінің сапасын көтеру, сондай-ақ жас мемлекетіміздің болашағына нақты қамқорлығының  айғағы. Жаңа университет жас қазақстандықтарға жоғары білім беріп, сонымен қатар оның дипломының халықаралық білім жүйесінде танылуы мен кең қолданысын қамтамасыз етеді. Жаңа университет Астананы танылған халық­аралық білім және ғылым орталығына айналдырып, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін көтеретініне мен кәміл сенемін”, – деді Қанат Саудабаев. Назарбаев Университетінде болатын мамандықтардың кең ауқымын ескере отырып және қаржыны еліміздің оқу жүйесіне жолдау мақсатында, біз “Болашақ” президенттік бағдарламасында қазіргі уақытта белгіленген ұқсас мамандықтарды қысқарту жөніндегі мәселені қарауға тиіспіз. Енді аталған мамандықтар бойынша үміткерлер Назарбаев Университетіне оқуға жіберіледі”, – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша 2010 жылғы “Болашақ” халықаралық стипендиясының Басым мамандықтар тізбесіне тиісті өзгертулер енгізілді.