Иә, атақты білім ордалары мен шығармашылық мектептер секілді үлкен кәсіптік еңбек ұжымдары да өздерінде еңбек еткен жастарды құрыштай шынықтырып, болаттай бекіте отырып, өмір жолдарында жарқын із қалдыратындығын, биіктерге қарай самғататындығын талай естіп-біліп те, көріп те жүрміз. Қазақстандағы сондай ұйымдардың бірі деп даңқы жер жарған атақты Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия комбинатын айтамыз.
Міне, осы комбинатта еңбекте шыңдалып, тәрбие алғандардың бірқатары қазіргі күні Ресей, Украина, Беларусь секілді елдерде және басқа да шет мемлекеттерде еңбек етіп, сол елдердің тұлғалы азаматтары деңгейіне дейін жетіп, ел мен елдің арасын жақындастыруға дәнекер болып та жүр. Сондай тұлғалардың арасында Ресей Қаржы-өнеркәсіптік топтары қауымдастығының президенті, ЕурАзЭҚ іскерлер кеңесі үйлестіру кеңесінің төрағасы Олег Сосковецтің есімі дараланып көрінеді десек, артық болмас.
Олег Николаевич Сосковец 1949 жылы 11 мамырда Талдықорған қаласында дүниеге келді. 1956 жылы Қарағанды қаласындағы орта мектептің бірінші сыныбына барып, оны ойдағыдай бітірісімен 1966 жылы Қарағанды металлургия комбинатына жұмысқа қабылданып, осы жылы комбинаттағы жоғары оқу орнының кешкі бөліміне түсіп, жұмыс істей жүріп білімін көтереді. 1971 жылы инженер-металлург дипломын алып шығады да комбинаттың металл өнімін табақшаға прокаттайтын №2 цехына вальцовщик болып жұмысқа орналасады.
Олег Сосковец металлург ретінде қызметке кіріскен 60-ыншы жылдардың екінші жартысында Қарағанды металлургия комбинатындағы өндірістік үдерістер одан әрі жандана түскен еді. Нақ осы жылдары 2 кокс батереясы, көмір байыту фабрикасы, болат балқытуға арналған 250 тонналық оттегі конверторлар кешені, жоғары қуатты слябо-прокат стандары, “1700” ыстық және “1700” салқын прокат агрегаттары өндіріске қосылды. 1971-73 жылдары 3-інші домна пеші, 3-інші оттек конверторы және қосалқы нысандар пайдалануға берілді. 1974 жылы маусымда жылдық қуаты 4 миллион 400 мың тонналық 2-інші агломерат фабрикасы, 25 желтоқсанда 1 миллион 800 мың тонналық 4-інші домна пеші өз жұмысын бастады. Комбинаттағы төрт бірдей домна пеші көлемі мен қуаты бойынша алғанда бүкіл Кеңестер одағы бойынша алдыңғы орындарда болды. Оларда тәулігіне 5 мың тоннаға дейін шойын қорытылды. Ал қорытылған металл тәулігіне 18-20 рет алынатын болды. Алып кәсіпорын үздіксіз даму үдерісін бастан өткеріп жатқан нақ осы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы болып қызмет атқарған еді.
Комбинат өміріндегі қайнаған жаңалықтар Олег Сосковецке де үлкен әсер етті. Алдыңғы толқынға және өзгеріс үстіндегі өмірдің бағыт-бағдарына қарап бой түзейтін саналы да ақылды жас адамдар секілді ол да өзінің әріптестерінің арасында еңбекке деген қабілеттілігімен және барынша алға ұмтылып тұратын күш-жігерімен көзге түсе бастады. 1972 жылы өзі еңбек ететін екінші цехта шебер, прокаттау бөлімшесінің бастығы қызметтеріне жоғарылатылды. 1976 жылы цех бастығының орынбасары, артынша бастығы болды.
Осы ретте Олег Сосковец еңбек еткен Қарағанды металлургия комбинатындағы прокат өндірісінің алар орны туралы айта кетсек артық болмас. Жалпы қара және түсті металлургия салаларының қай қайсысында болмасын олардағы прокат өндірісінің маңызы зор деп есептеледі. Алынған өнімді прокаттау үдерісі жүзеге аспайынша кез келген металлургиялық өндіріс орны толық тұйық циклда жұмыс істей алмайды. Себебі, прокат өндірісінің даму деңгейі қара металлургияның техникалық деңгейі мен мүмкіндіктерінің анықтауышы іспетті.
Міне, осы комбинаттағы прокат өндірісінің дамуына жас маман Олег Сосковец те өзіндік үлесін қосты. Ол 1981 жылы неғұрлым ірірек болып есептелетін №1 табақша прокаттау цехының бастығы, 1984 жылы комбинаттың бас инженері-директордың орынбасары болып жоғарылап, 1985 жылы Мәскеудегі Болат және қорытпа институтында болатты салқын әдіспен прокаттаудың тиімді технологиясын енгізу мәселесіне қатысты кандидаттық диссертация қорғады.
1984 жылы комбинаттың бас инженері, 1987 жылы директоры болып тағайындалады. 1988 жылы одан да өрлеп, комбинаттың бас директоры болады. Осы комбинатта басшылық қызметте істей жүріп 1989 жылы Теміртау сайлау округінен КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады.
Шамасы, осы депутаттық кезең Олег Сосковецтің қызмет баспалдақтарында одан әрі өсіп, одақтық дәрежедегі қызметтерге ауысуына үлкен ықпал еткен секілді. 1991 жылы ол Одақтың Металлургия министрі болып тағайындалады. Сөйтіп, Қарағанды металлургия комбинатында ширек ғасыр еңбек еткен қазақстандық азаматтың алдынан бұрынғы посткеңестік елдерге кеңінен танымал қайраткер болудың сәтті мүмкіндігі түседі.
1992 жылы Одақтың тарауына байланысты КСРО Металлургия министрлігі де жойылды. Оның орнына бұрынғы одақтық республикалар өздерінің дербес құрылымдарын құрды. Ресейде бұл құрылым “Росчермет” корпорациясы деп аталды. Олег Николаевич осы құрылымның президенті болды.
Мұнан кейін 1992 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Өнеркәсіп министрі, Қазақстан өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті болып қысқа мерзім жұмыс істеді де аталған жылдың қазан айында Ресей Федерациясының Металлургия жөніндегі комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.
Олег Соцковецтің мұнан кейінгі өмірі мен қызметі туралы ақпараттарды Ресейдің интернет ресурстарынан молынан кездестіруге болады. Өйткені, ол осы жылдары Ресейдегі ең ықпалды саяси қайраткерлердің біріне айналды. Черномырдиннің үкіметінде ең жауапты қызметтерді атқарды. 1993 жылдың 30 сәуірінде сол кездегі Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельциннің жарлығымен Ресей Министрлер Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Ресейге барып жемісті қызмет етіп, санаулы уақыттың ішінде осы елдің ең ықпалды тұлғаларының біріне айналған жерлесіміз мұнан кейінгі жылдарда да биліктен көп алыс кеткен емес. Бірқатар жылдардан бері Ресей Қаржы-өнеркәсіптік топтары қауымдастығының президенті қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар соңғы жылдары ЕурАзЭҚ іскерлер кеңесі үйлестіру кеңесінің төрағасы ретінде де маңызды мәселелердің шешіміне араласып жүр. Осы қызметтерінде Қазақстан мен Ресейдің арасында іскерлік байланыстардың орнығуына, ел мен елдің арасы жақындасуына өзіндік үлесін қосуда. Қазақстанға қызмет бабымен жиі келіп-кетіп тұрады.
Мәскеуде Қазақстан достары клубының құрылғандығына да 4-5 жылдың айналасы болып қалды. Осыдан 4 жылдай уақыт бұрын Мәскеуде болғанымызда Олег Сосковецтің осы клуб жұмысына да белсене қатысып жүретіндігін байқадық.
Атақты жерлесіміздің Теміртауда қызмет етіп, Қарағанды металлургия комбинатының өркендеп өсуіне қосқан үлесі лайықты бағаланыпты. Осыдан біраз жыл бұрын оған Теміртаудың құрметті азаматы деген атақ берілді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.