АСТАНА. 2 тамыз. Ғалымдар Гвинеяда Эбола вирусына қарсы екпені сынамадан өткізіп, оң нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сілтеме жасаған BBC хабарлады.
Алдын ала белгілі болған деректерге сүйенсек, жаңа дәрі 2 мыңға жуық адамды қауіпті вирустан аман сақтап қалған. Ең бастысы, тәжірибе 100 пайыздық нәтиже көрсетті.
Соған қарамастан, мамандар «нақты бір қорытынды шығаруға әлі ерте», дейді. Себебі, олар екпе барлық халыққа төнген қауіптің бетін қайтаратынын тексеріп үлгермеген. Сондықтан вакцинаға әлі лицензия берілген жоқ. Алайда, дәрігерлер дәл осы екпенің Эболаның алдын алатынына сенім білдіріп отыр.
Айта кетейік, аталған вирус алғаш рет өткен жылдың ақпан айында Батыс Африкада анықталған болатын. Содан бері эпидемия салдарынан 11 мың адам қаза тапты.
Еламан Қоңыр.
Дерек: BBC.
Сурет: mignews.com.