• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2010

АРҚАДА ҚАЛҚАШ-ҚАМҚАШ ҚЫЗДАР ӨТКЕН

1075 рет
көрсетілді

Ертеректе, кішіректеу уақытымда Жамбыл атты туыс ағайым жазда еңбек демалысын алып, қалаға қыдырып кетіп, ауылға оралғанда ата-анама базарлық ретінде екі күйтабақ сыйлады. Ішінде бірыңғай Құрманғазы күйлері жазылған және ол күйлер тек орындалып қоймайды, әрқайсының басында сол күйге қатысты тарих жайын Ахмет Жұбанов әңгімелеп отырады. Театры жоқ, анда-санда әртістер келіп (онда да тек жазда ғана), спектакльдер мен концерттер қойып кететін ауыл баласына сол күйтабақтар керемет әсер еткен. Сонда бала қиял, апыр-ай, әрбір шығарманың да тарихы болады екен ау, деп кейін де мына ән қалай туды екен, болмаса, мына дүние қалай жазылды екен деген сауалдарды алдыға тосатынды шығарды. Оның үстіне ел ішінен халық әндері мен күйлерін, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинайтын экспе­ди­циялар келіп, үйімізге тоқтап, сол атырапта жақ біткеннің шешені, түнді-түнге қосып ше­жіре мен не түрлі тарихты айтқанда то­сылмайтын, бір айт­қан әңгімесін қайтып айтпай, үнемі бір әң­гімеден бір әңгімені балалатып тудырып отыратын, сөйтіп, тыңдаған жанның аузын аштырып, көздерін жұмдыратын Әбіқайдың Ахметқаны мен өз ата-анамның сөз жинағандарға баяндайтын небір тарихы күйтабақ оятқан қызығу­шы­лықты одан сайын үрлей түсетін. Теледидар жоқ, газет-журнал күн сайын келмейтіндіктен, пошташы бір әкелгенде 20 шақты газет, 2-3 журналды ашық тұрған дә­лізге тастай салатын. Сондықтан да болар, шал­ғайдағы ауыл үнемі радиоға құлақ түретін. Радиодан айтылған әрбір жаңа ән бүкіл елдің қуанышы болатын. Барлығы бір адамдай сол әнді жаттап, жаңадан үйренген әуезді ән дас­тарқан басында шырқалып, ауылдың кеш­кі тынық түндерін керемет бір әсерге бөлейтін. Бірде радиодан Қайрат Байбосынов орындауында бұрын естілмеген ән айтылды. Әнде: “Қайратжан, осы ән жақсы дауысыңа, Шырағым, үйреніп ал, ауырсынба. Ұмытпай 85 жыл есте сақтап, Қарайгөр 85-тің шабысына”, деген сөздер бар екен. Ашытып отырған нанын ұмытып, әннің сөзі мен әуеніне беріліп, басын әнтек бұрған анам: “Байқадың ба, мынау тегін ән емес, асыл мұра жоғалып кете жаздап, бір ақсақалдың көшелілігімен елімен қауышыпты-ау”, деді. Содан бері зымырап талай уақыт өтті. Ахметқан атам да, әкем де, шешем де дүниеден озды. Бірақ қанша заман өтсе де сол әнді естіген сайын менің ойым­нан анам айтқан сол бір сөз кетпейтін. Те­гінде бала жүрекпен білгің келіп, талпын­ғаныңды Жаратушы ие дәл сол мезетінде “түртіп” қоятын болуы керек, араға сан жыл­дар салып, маған сол әнді халқына жеткізуші ақсақалдың баласын кезіктіруді жазыпты. Осыдан бірнеше жыл бұрын кестелі Көкшенің кеудесіне таққан қымбат алқасы–әсем Бурабайдағы “Оқжетпес” санаторийінде денсаулығын түзеп жатқан халық концерт болатынынан хабарланып үлгерген-тін. Жұртшылықпен бірге кешкісін төмендегі залға жиналдық. Бас дәрігер Әбілхакім Ақмұрзин өнерпаздарды көпшілікке та­ныстырды. Бірі – баяғыда радиодан ги­тарамен ән салатын Қорабай Есенов те, екіншісі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов екен. Мен іздеген жауап осы концертте табылды. Серік Оспанов әнді айтып болып: “Бұл ән халыққа сіздердің бас дәрігерлеріңіз Әбілхакім Ақмұрзиннің әкесі Ақмағамбет ақсақалдың халыққа жеткізген мұрасы, 85 жасында Қайратқа үйретіп, бүгін, міне, барлығымыз орындап жүрміз”, деген. Мен Әбілхакім ағамен әңгімелесуге асықтым. Бірақ қым-қуыт тірлік, жұмыс­бастылық араға тағы да бірнеше жыл салды. Әбілхакім ағаның денсаулығы сыр беріп, жүрегіне операция жасатып, қатарға оралуы­на да біраз уақыт керек болды. Сөйтіп, санаторийді тапсырып, зейнетке шыққан ағамен әңгімелесудің сәті түсті. – Аға, мені сіздің әулеттің тарихы қызықтырады. Әңгімені сол бұрынғы тарихтан шертсеңіз, – деп қолқа салдым. – Ендеше, тыңда. Тәңірбергеннен бес берен аталған – Қорысбай, Қапа, Мықты, Жарқын, Сапақ туады. Сапаққа 17 мың жылқы біткен. “Тәңірбергеннен бес берен, Уызға тойған қозыдай, Ұйықтап бір өскен халық ең. Омардың жеткен күнінде, Қияға қыран салып ең”, делінген. Қо­рысбайдан – Баймырза, Ақмырза, Ақмыр­задан – Омар, Омардан – Ақмағам­бет, ал одан мен туамын. Қорысбай қайтқанда үш жүзге сауын айтқан үлкен ас берілген екен. Тігілген үйлердің саны бәйге атының санына сәйкес болып, тура 500 үй тігіліпті. Құйрық-жалы сүзіліп, құйрығының дәл түбі мен кекіліне үкі қадаған ылғи бір жүзіктің көзінен өткендей 500 ат жарысқа түскен. Бас бәйгеге 3 тоқсан тігілген. Ол – 90 сары ала, 90 ақ­боз, 90 қара ала ат деген сөз. Екін­­ші кел­ген атқа – 90 көк шыбық ат, 90 ту бие, қалы кілем жабылған қара нар, үшінші бәйгеге –90 ақ ауыз қой тігілген. Бәйгеде Жортықтың Торғасқасы бірінші, бала Шоң мінген Тәубайдың Кербестісі екінші, Көкшетау дуанының Көкбикеші үшінші, Омбы арғымағы төртінші, найман Құлан­қа­раның Қарагері бесінші келген екен. Қорыс­бай бабамыз Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Қорыс­бай асы туралы, оған Шоң бидің қатысқаны Мәш­һүр Жүсіпте жазылған және Сәйділ Талжановтың шығармаларында да осы ас айтылады. Сәйділ менің шешем Айшаның әкесімен бірге туысқан, сонда нағашым ғой. Омкем жасынан өте пысық болыпты. Егер ел ішінде бір түсінбестік орын алса, жұрт “бұған Омар не дейді екен” дейтін көрінеді. Сол пысықтығынан 16 жасынан бастап Тәшкенге кіре тартады. Жаңаарқадан тері-терсек, жүн жинап, оның барлығын хаттап, тізімге алып, Тәшкен асып, одан қат тауарларды артып елге қайтады. Бірде кірешілерді Тәшкенге жетпей жолда қарақшылар тонап, пәленбай түйе затымен, айдаған малы бар, түгел қолды болады. Енді не істеу керек? Кірешілердің басы 19 жасар Омар жолдастарын жиып: “Біз енді елге қайта алмаймыз, мойында қаншама жұрттың қарызы бар, Тәшкенде Шатыршын деген байдың баласымен доспын, соған барып жағ­дайды айтамыз, еңбек етеміз, мал табамыз, сосын ғана елге қайтамыз”, дейді. Сол кеткеннен 2 жыл Тәшкенде Шатыршынның жанында жұмыс істеп, елге жоғалған жүктің орнын толтырып бір-ақ оралады. Ел жиналып, азаматы бір олжа, әкелген заты бір олжа, мәре-сәре болып, ризашылықтарын айтып, содан атам “Әділ Омар” атанады. Өйткені, ол жұрттың тапсырған ұсақ-түйегін түймесіне дейін түгендеп әкеліп берген ғой. Мен институт бітіргеннен кейін әкемнің іздетуімен Шатыршынның ұрпақтарын Сарыағаштан таптық. Атам өмірден озғанда, “Жасыңнан көзге көріндің, Баурайға біткен шынардай. 20 жасқа келгенше, өнерің келді сыналмай 30-да бойың көрінді жаяулап ұшқан қырандай”, деген жоқтаудың сыры осындай. Бұл – Затаевичтің “1000 әнінде” “Опла­ки­ва­ние Такыр Омара” деп берілген, әнмен айтылатын ұзақ жоқтау. Біздің ел ішінде айтылады екен. “Шоңға 50 жыл қонған ескі бақ бар” деп, Омар атам сол Шоңның Ахметжан деген баласымен Қарағашта болыстыққа түседі. Қаратөбенің басы. Қарақұрым жиналған халық. Дауыс жиналып, тас саналғанда көпшілігі Шоңның баласында екендігі анықталады. Ду-ду етіп, жаңа сайланған болысты қолпаштап, жұртшылық төбеден түскенде, оның басында жалғыз қара қалыпты. Артына бұрылған Шоң: “Оу, анау қара кім?” деп сұрайды. Жауапты естіген Шоң атамыз: “Е, тақыр төбенің басында қалған Омар десеңші, ол енді “Тақыр Омар”, осы отырғаны отырған”, деп үш рет қайталапты. Содан атамыз “Тақыр Омар” атанып кеткен. Бірақ артынан Шоң: “Омарға обал жасалды, ол нағыз ел басқаратын әділетті адам, тек айыбы оқымаған”, деп бір жылдан кейін халықты жиып, “Бұл менің көп жылдан бері ойымда жүрген шаруа еді”, деп Қарағаштан Көнек болысын бөліп, шека­ра­сын анықтайды. Болыс болған Омар атам Жұрт­шыбай деген баласын Сейфолланың Сәкенімен бірге оқы деп Омбыға жібереді де, менің әкем Ақ­ма­ғамбет шаруамен айна­лысады. Сөйтіп жүр­генде, 1916 жылғы патша жарлығы шығып, Омкем әскер бермейміз деп ол жарлыққа қарсылық білдіреді. Көтерілістің бастау­шыларының бірі болады. Сол істі ғой кейін: “Ақ патша адам сұрап айбат қылды, Қорысбай 7 орысты қырып тастап, патшаның жарлығына қарсы тұрды, (Қорысбай, Қопа, Мықты, Жарқын, Сапақ) Бес Берен деген аты болған лақап. Ұсталды ел ішінен 60 адам, Дүреге жығылғаны жүзге тақап”, деп өлеңге қосатыны. Себебі, патшаның жазалаушы әс­кері шыққанда Ахкем бастаған біздің жігіттер олармен соғысып, сонда 7 солдат қаза табады. Сол жолы әкемнің аяғына оқ тиеді. Омкем туралы Сәкеннің “Тар жол, тайғақ кешуінде” “Көнек елінің мықтысы” деп айтылады. Омкем үмітпен Омбыға жөнелткен Жұртшыбайдың өмірі қысқа болады. Оқудан қайтып келе жатқанда обаға шалдығып, жолда көз жұмады. Ел Омкеме естірте алмай қатты сасады. Алайда, естіртпеуге тағы болмайды. Естірткен кезінде миына қан құйылса керек, тілі азу тісінің ортасына кіріп кетіп, сол жатқаннан бір ауыз тілге келмейді. Әкемді ел жұрт тегіс Ахкем дейтін, енді атамның орнына Ахкем болыс болады. Ал енді сені көптен қызықтырып жүрген ән тарихына тоқталайын. Ахкем өте өнерлі, әрі әнші, күйші болатын. Бірақ оның ізіне түсіп, қуған жан емес. Оған, сірә, мына оқиға себепші болғанға ұқсайды. Шоң бірде баласы Ахметжанды шақырып алып: “Балам, сені ел әнші деп жүр ғой, рас па?”, – деп сұрапты. “Иә, аздап “әу” деймін”,– дегенінде Шоңкең тұрып: – Бай баласы бақырмас болар”, – депті. Сол сөз әсер еткен болуы керек, Ахкем көпшілік алдында ән шырқамайтын. Бірақ, жасырақ кезінде, әкесі барында өнерді қызықтап біраз жүрсе керек. Бірде пәлен деген ауылда ажарларына ақылы, тал бойларындағы көріктеріне әншіліктері сай апалы-сіңлілі Қалқаш, Қамқаш атты ару қыздар бар екен деген хабар Ахкемнің құлағына жетеді. Сайланып, қасына мықты өнерпаз жігіттерін ертіп, Ахкем қос қызды көруге шығады. Тақыр Омардың Ақмағамбеті Қалқаш-Қамқашты көруге жолға шығыпты, деген хабар ол ауылға Ахкемнің өзінен бұрын жетіп, олар да дайындалып күтіп отырады. Қос қызға ақ жұмыртқадай үй тігіп, ішінің салтанатын жасауымен келістіріп, қасына өңді деген сол атыраптағы қыздарды жинап, сойыстық малы мен ішетін сусынын, бал қымызын әзірлеп, қапысыз дайындалған көрінеді. Ахкем жолдастарымен ауылға жақындай бергенде көз қылып қойған хабаршы жеткізсе керек, киіз үй ішіндегі шымылдық ішінде отырып, қос қалқа ән шырқай жөнеліпті. Әнге еліткен қасына әнші, балуан нөкерлерін ерткен Ахкем аттан түспей тұрып әнді тыстан естиді. Ән аяғы үзілген соң ішке кіреді. Арқаның небір әуелеген әндері айтылған әсем кеш жұрт­шылық жадында өшпестей болып қалады. Содан бері судай аққан жылдар өз еншісін алып Ахкем де қартаяды. Бірақ Қалқаш-Қамқаш шырқаған әсем ән Ахкемнің көңілінде жатталып, анда-санда өзі оңаша тұсында айтатын. Мен оқуымды бітіріп, үйленгеннен кейін, әкем Алматыға келді. Жұмысы – аңыздай қос ару Қалқаш-Қамқаш шырқаған әнді аманаттап, келер ұрпақтың жадында қалдырып, заманалар көшінде ескіртпеу екен. Әкеме сәлем бере үйге келген Қайрат Байбосыновқа Ахкем сол жолы осы әнді үйретті. Қазір бұл ән “Ақмағамбеттің әні” деп айтылып жүр, Қайрат әкемнен үйреніп айтқан соң солай деп айтқан болуы керек. Ал негізінен бұл – Қалқаш-Қамқаш салған ән. Жалпы, Ахкемді ел өле-өлгенше қатты қастерледі. Жасында жауырыны жерге тимеген балуан болыпты. “Жігітке жетпіс өнер де аз” дегендей, өнер ауылының қай-қайсын да жат санамаған. Кейін болыстық келгенде салмақ­ты сөз, байыпты ой айтып, жұртты өзіне ұйытқан. Ахкемнің алдына ешкім келмейтін, үстіне кісі кірмейтін. Ол кісі ауылдан бір шықса 2-3 айға дейін үйге орала алмайтын. Қолға тимейді, Ахкеме сыйлап ас беруге, жақсы әңгіме естуге елдің бәрі құмар. Тіпті қызығын айтайын, Ахкемнің жүзін өмірі көрмей өткен келіндері бар-тын. Біздің ауылда Кәкенбай деген руласымыз болды. Сол кісі жасырақ кезінде үнемі жылқы ұрлап, содан үстінен үкіметке арыз түсіп, солдаттар келіп ұстап алып кетіп бара жатса керек. Сонда Кәкенбай: “Ахаңа хабар беріңдерші”, депті. Содан Ахкем кепілдігін төлеп, ол кісіні алып қалады. Кәкенбай ақсақалды көзіміз көрді, қартайған шағына дейін әкемнің көлеңкесіндей еріп жүретін. Тырнағын алып, жуындырып, сақал-мұртын күзеп, қонаққа алып барып, үнемі әкемнен бір сүйем жоғары шықпастан “Менің пірім” деп отыратын. Ахкем болмаса, сүйегім Сібірдің қай ағашының түбінде қалар еді, деп қымызын сапырып беріп, атына мінгізіп, түсіріп алып отыратын, жарықтық. Міне, алғысын осылайша басы көрге жеткенше білдірді. Жақсылықты ұмытпау – үлкен кісілік. Осындай да адамдар өткен. Ахкемнің тағы бір еркешелігі – Құранға жүйріктігі. Ол кісі молдалық құрған емес, бірақ ол отырғанда ешбір қожа-молда Құран оқи алмаймыз дейтін. Біздің үйде бір Құран кітап бар. Қай жылғы екені белгісіз, сырты алтынмен апталған, жиегінде Ахкемнің өзі соққан белгілерімен сақталған, кей тұстарының өшіріліп қалған жерлерін өзі жазып қойған, осы кітапты қандай қиындық болса да қолдан шығармадық. 2-3 рет біреулер алып кетіп, кейін ат-шапан айыптарын беріп қайтып әкеліп тастаған. “Оқжетпеске” шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі келгенде мен сол Құранды көріп беруін сұрадым. Алып көріп: – Мына жазуларды кім жазған? – деп сұрады. Әкейдің жазғаны ғой дегенімде: – О, әкеңіз өте оқымысты адам болған екен, бұл Құран тым ескі, қазір мұндай Құран елімізде де жоқ, – деген болатын. Ашаршылық алдында Ахкемді түрмеге жабады. Әкем шешеме: “Айша, Тәшкендегі Шатыршын шалға хабар айт”, дейді. Шешем әкемнің сенімді жігіттерімен Шатыршынға барып, алтын мысқалдарын әкеліп, әкемді түрмеден босатып алады. Одан ашаршылық келіп, Ахкем ауылдағы жүре алатындарды ертіп Ақмолаға, Степнякқа алтын алатын кен орнына алып келеді. Артель ашып, барлығын аштықтан аман алып қалады. Содан мен осы Ақмолада туғанмын. “Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық”, деп тегін айтпаған ғой, мен әкемнен көп тәрбие алдым. Жарымды да әкем таңдап алып берді. Ата-ананың ақ батасымен Қолаңшаш екеуміз 1966 жылы үй болдық. Өзіміз де үлкен ұлымызды солай үйлендірдік. Ақ бата деген тегін емес қой. Құдаларымызбен сыйластығымыз, құрметіміз еш кеміген емес, сыйласудың бір түрі ғой, кеше ғана құдам телефон шалып, шақыратын қонақтарын ақылдасып жатыр. Мен өмірде бірақ нәрседен қорқып, сол үшін барынша тырыстым. Ол – өзімнен бұрын өткен жақсы ата-бабаларымның атына кір келтірмеу. Мен туралы әкем, туыс-туған жаман сөз естімесе екен деп, әкемді, жеті атамды өмірлік үлгі еттім, – деді сұхбаттасым. – Әбілхакім аға, енді бір сәт өзіңіздің өміріңізге де ойысайықшы. Мен сіздің тұралап жатқан “Оқжетпес” санаторийін “Ең үздік курорт” атына дейін алып келгеніңізді білемін. Осы жолдарды шолып өтсек қайтеді, – дедім. – Мен өмірімде адамдармен байлығына, атағына қарап емес, адамгершілігін, кісілігін, ақыл-парасатын бағалап барып достастым. Осы күнге дейін айтар әңгімесі ақша, дүние тө­ңірегіндегі адамдардан сақтанамын. Жа­нашыр, ниеті таза достарымның барлығына қуа­намын. “Оқжетпес” жайлы сұрап отырсың ғой, ал мен саған оған қалай келгенімді айтайын. Мен дәрігерлік жұмысымды ауылдан бастадым. Жас кезіміз, 1969-1970 жылдар. Арқаның алты айлап болатын қысында қатынас жоқ, ауыл-ауылдың арасы үзіліп қалады, ал мен 3 ауылдың учаскелік дәрі­герімін. Осылайша 3 жыл ауылда жұмыс істеп, онда жаңадан аурухана салғызып, сосын барып Алматыға аспирантураға кеттім. Аспирантураға түстім, бірақ тұратын жер жоқ, жағдай жоқ, кіш­кентайымыз бар. Со­дан ойланып, қой, бұ­лай жүргенім жарамас, деп ауылдың денсау­лық сақтау саласына кеттім. Тек үй берсе­ңіз­дер болды, қай ау­ыл­ға жіберсеңіздер де барамын, дедім. Сөй­тіп, Талғар ауданының Калинин колхозына келдім. Елдің азаматтары Қапан Алда­бер­генов, Амангелді Бегімбетов, Тоқтархан Қожағапанов, Әлихан Тойбаев сынды жолдастарымды осы жерден таптым. Олар мені елмен таныс­­тыр­ды. 15 жыл ауданда қызмет жасадым. Бір күні үлкен азамат досым Әлихан Тойбаев сол кезде ауданда екінші хатшы болатын, шақырып: “Мына “Алтын дән” санаторийінде бас дәрігерлік орын босап жатыр екен, мен сені айттым. Сен осыған барсаң қайтеді”, деді. Ат-тонымды ала қаштым, жұмысым жақсы, елге сыйым бар, бармай-ақ қояйын, деп. Бірақ Әлихан Тойбаевтың қамшылауымен мен санаторий жұмысына келдім. Енді бір досым Тоқтархан Қожағапановтың ұсынысымен “Ақбұлаққа” келіп, тау бөктеріндегі пансионаттан санаторий жасадым. Ал 1996 жылы “Алматы” санаторийіне келгенімде, оның жағдайы онша мәз емес екен. Мен үшін мынау ірі, мынау ұсақ жұмыс деген жоқ, кірістім бе, оны атқару азаматтығыма сын деп білемін. Содан оның жағдайы әбден түзеліп, жұмыс өз ырғағына түскен кезде Көкшетаудағы “Оқжетпеске” барасың деді. 1998 жыл, қиын кезең, бармаймын десем, бұл Елбасының өзінің сенімі дейді. Содан “тәуекел” деп Бурабайдан бір-ақ шықтым. Бюджеттен бөлінетін ақша жоқ, 4 жыл бір тиынсыз еңбек етіп, жұрттың еңбекақысын төлеп, 2001 жылы санаторийді қайта жөндеуге жауып, 1 жыл 8 айда ол аяқталды. Маған артылған сенімнің ақталуы өзіме мықты сын екенін түсіндім. Қатты қиналған кездерім де болды, бірақ құдай абырой бергенде алып шықтық қой. Адал еңбек етуді мұрат тұттым, еңбегіңді адал жасасаң абырой да, мал да, атақ та, даңқ та өзі келеді. Мен өзім негізі таланты бар адам болуым керек. Қай жерде еңбек етейін маңайымда ылғи жақсы адамдар жүрді, жақсы ортаға түстім, ел ағаларымен сыйластым. Егер сол жолы Әлихан ұсыныс жасамағанда мен учаскелік ауруханада қалып қояр ма едім, өмірімнің белестері қазір қандай болар еді, деп ойланамын кейде. Күні бүгінге дейін арамыз үзілген жоқ, елге еңбегі сіңген азамат досым менің өмір жолымда осындай оң өзгеріс жасалуына себепші болды. Өмірімде 2 аурухана, 4 санаторийге бас­шылық еттім. Осы уақытта бір де бір адамды сөгіс беріп жұмыстан босатқаным жоқ. Талап қойдым, бірақ қысастық жасамадым, көмек сұрағандарға қолыңнан не жұмыс келеді, мә, атқар, нан тап, бала-шағаңды асыра, дедім. Кейбіреулері артынан келіп: “Аға, кешіріңіз, менің мына жұмысқа ретім келмейді екен, сізге рахмет”, деп кетіп жатты. Осы 40 жыл дәрігерлік ғұмырыңда қатты қиналған кездеріңіз болды ма дейсің бе, әрине, ондай сәттер көп. Әсіресе, көріп, біліп тұрып қолыңнан келер қайран жоқ тұстағы қиналғаның өміріңде есіңнен кетпейді екен. Дәрі-дәрмек әбден таусылғанда, шарасыз­дықтан өлім мен өмірдің ортасында жатқан пациентіңе көмек жасай алмаудан асқан қиындық болмас, сірә. Арқаның қысы кәрлі ғой, бірде дәрілер біткен, қатынас үзілген уақытта екіқабат әйел босана алмай жатты. Іштегі шарана тым үлкен, 1 тәулік креслоның жанында тұрдым. Амал жоқ, іштегі бала өлетін болған соң ешқандай жағдайы жоқ ауруханада қарынды жарып алдым. 5 кило 800 грамм алып бала туды. Енді бірде аса қиын жағдайда орыс әйел­дің өзін де, баласын да аман алып қалдым. Алғыстары ғой, балаға менің есімімді берді. Неше түрлі жағдайлар өтті ғой. Көрші бөлімшеде қатты науқас бар дегенге жолға шықтық. Ауылдан ұзаған кезде ат құлағы кө­рінбейтін қатты боран басталып кетті. Не алға, не артқа жүре алмаймыз. Қай уақытта екенін білмеймін, шопырымыз екеуміз де есімізден танған болуымыз керек, еміс-еміс дауыстар естілгендей. Сол жылы сайлау бо­лып, партком хатшысы, экономист, жұмыс­шылар коми­тетінің төрағасы үшеуі атпен жолға шығады. Мәшинемізді қар басып қалған. Жүргіншілер мінген аттар бір шамаға келгенде осқырынып тоқтайды. Тоқтаған кезде қарап: “Ойбай, мынау дәрігердің мәшинесі ғой, ішінде адам бар ма”, деп аршып алыпты. Аршып жатқан кезде ыңырсып дыбыс берсем керек. Содан бір жарым ай ауруханада жаттым. Қасымдағы жүргізуші содан ақыры оңала алмай қайтыс болды. Ал менің көретін жарығым бар екен. Шүкір, өміріме разымын. Халқымыздың талай марқасқа ұл-қыздарымен таныстым. Қадірлес, сыйлас болдым. Қолаңшаш екеуміз ұлдарымызды үйлендіріп, екі келін бір-бірімен қашан апалы-сіңлілідей болғанша бірге ұстап, отау етіп шығардық. Еңбегім елен­бей қалған жоқ, мемлекеттік награ­да­лармен марапаттал­дым. Дүние қуған жоқпыз. Дүние-мал менің әкемнен де, бабамнан да өткен. Біз дос жидық. Талғарлық оншақты досым: “Біз сені іссапарға жібергенбіз, елге қайт, үйің салулы тұр”, деп өздері уәделесіп үй де салып қойыпты. Әр марапаттың өз орны бар ғой, бірақ солардың ішінде маған “Талғар ауданының құрметті азаматы” деген атақ өзгеше. Мұны өзім еңбек еткен аудан­ның құрметі деп ұғынамын. Соған марқая­мын. “Көже қатығымен дегендей”, екі ұлым, бір қызым, тоғыз немерем бар. Күйеу балам мен келіндерімнің көңілдерінде алаң жоқ, барлығымыз бір жұмылған жұдырық­таймыз. Бәлкім, бақыт дегеннің өзі осы шығар. Бұдан артық не керек. – Аға, Ахкеңіздің әншілік құрмаса да жоғалып кете жаздаған халық қазынасын елімен қауыштырғаны мәлім, сіз де дәрігер болғаныңызбен, әннен тым қаражаяу емес шығарсыз, – дедім. Сонда немересі тұрып: “Атамның әнін Елбасы да тыңдаған”, деп қалды. Сөйтсе, Әбілхакім ағаның ән айтатынын естіген Елбасы арнайы ән салдырып, артынан мына әндеріңді маған жаздырып бер, депті. Дискіге түскен сол әндерді мен де тыңдадым. Ән тыңдап отырып, салтанаты келіскен киіз үйдің ішінде, шымылдықта отырып ән салған апалы-сіңлілі Қалқаш-Қамқаш пен дала серісі Ақмағамбет көз алдыма келді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.