• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2010

ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ ҚУАТТЫ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН!

579 рет
көрсетілді

Оралда өткізілген “Елбасымен бірге – қуатты және саламатты Қазақстан үшін!” акциясында Елбасына құрмет айқын көрінді Иә, өткен сенбі күні Орал қаласында аталған тақырыпта өткізілген көпшілік жастар акциясы бірлік пен татулықтың, Астананы ардақ тұту мен Елбасын құрметтей білудің және саламатты өмір салтын орнықтырудағы жарқын істердің жаршысына айналды. Ол сонысымен де Жайық жастарының санасынан берік орын теуіп, алдағы өмірлерінің темірқазығы болып қала бермек. Акцияның тағы бір ұтымды қыры дәл осы жиырма алтыншы маусым күні “Елбасымен бірге – қуатты және дені сау Қазақстан үшін” атты жастар акциясы аясында үш бірдей мәнді де мағыналы шара мәреге жетті. Ең бастысы аталған шаралар мазмұн жағынан да, түр жағынан да, бірін-бірі байытып, бірін-бірі толықтырып отырды. Абай атындағы Орал қаласының орталық алаңы жастарға лық толы. Мұнда егемен еліміздің батыстағы қақпасы іспеттес Батыс Қазақстан облысының географиялық картасы арнайы қойылған тақтаға ілініпті. Бұл карта Елордадан Орал өңіріне және республиканың өзге де аймақтарына арнайы жіберілген екен. Мұндағы басты мақсат – өңір жастарының Аста­на жөніндегі қысқа да нұсқа ой орамдары мен құт­тықтау тілектерін білу екен. Яғни оған өңір өрен­дері ел байтағы жөніндегі өз пікірлерін , тіпті ақыл – жастан демекші, Астананы одан әрі да­мы­тып көркейту жөніндегі ұсыныстарын да жазып қалдыра алатын көрінеді. Кейін әр облыстың кар­та­сына толтырылған осындай бүгінгі ұрпақ үні топ­тастырылып, әрі әр облыстың картасы бір-бірі­не жымдастырылып, біріктіріліп тұтас Қазақстан кар­тасын құрамақ. Осы карта Астана мерекесі күн­дері оған қатысушылардың назарына ұсынылмақ. Жастар іркілген жоқ. Өңір картасынан олар түсірген алғашқы құттықтау тілектер де көзімізге ша­лынды. Оны дереу оқи бастадық. “Астана – Қа­зақ­станның жүрегі”, “Асқақтай бер, Астана”, “Әлем картасындағы жаңа қала”, “Елбасы – Аста­на­ның бас сәулетшісі”, “Астана – ортақ мақта­нышымыз”, “Сарыарқа төсіндегі ел жұлдызы”, “Оралды Астана деңгейіне жақындатайық” деген жастар мен студенттердің шынайы лебіздері көңілдерге жып-жылы нұр сепкендей көрінеді. Акция аясындағы кезекті шара жастар шеруіне жалғасты. Оралдың орталық алаңынан қозғалып алға қарай қадам басқан қалың лек Достық даң­ғылының бойымен аттай он төрт жыл бойы отар­шылдармен, қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күрескен Сырым Датұлының ескерткішіне қарай бағыт алды. “Бірлігіміз жарасқан” атты айшықты жазулары бар киім үлгілері бойынша киінген жастар мен студенттердің адымдары аршынды да асқақ көрінеді. Олардың қолдарына ұстаған транспоранттарда “Менің елім – Қазақстан”, “Елбасымен бірге ел қуа­тын еселейміз”, “Нұрсұлтан Әбішұлы – жас­тардың қамқоршысы”, “Орал – есірткісіз қала” атты жазулар бірден көзге шалынады. Сырым Датұлы алаңына осылайша салтанатты шерумен жеткен жастар осы жерге орналас­ты­рыл­ған үлкен сахнаның қасына келіп аялдады. Бұл жерде шерумен келген жастарды күтіп тұрған олар­дың замандастарының қарасы тіпті мол көрінді. Алаң жастардың көптігінен желді күнгі теңіздей толқиды. “Елбасымен бірге – қуатты және саламатты Қазақстан үшін” акциясына қатысушылар алдында Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Мұратқали Төрегелдиев сөз сөйледі. – Алдымызда Астана күні есік қағып тұр. Оның тез арада бой көтеріп, жаңа тұрпатқа ие бо­луына Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі қомақты. Сондықтан біз бұл екі есім мен екі атауды бір-бірінен бөліп-жара қарай ал­май­мыз. Бүгінде республикамыз әлем жұртшы­лы­ғы таныған елге айналып, келешекке нық қадам ба­сып келеді. Осы арада айрықша атап өтерлік жәйт: тек қуатты, дені сау ұлт қана – келешегі ке­мел, бағдары айқын қуатты мемлекет құра алады. Біз мұндай биік мақсатқа тек Елбасының көреген саясатының арқасында ғана жете аламыз. Сондықтан да бүгінгі акцияның атауы “Елбасымен бірге – қуатты және дені сау Қазақстан үшін!” деп аталып отыр, – деді ол. Қазақстанның азаматтық альянсы Батыс Қа­зақ­стан облыстық филиалы төрайымының орын­басары Сергей Дмитрюк Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы еке­нін айта келіп, бүгінде әлем таныған ұлт көш­бас­шысына айналғанын шынайы жүректен жет­кізді. Сонымен бірге ол саламатты өмір салтын ұстануда Елбасының барша қазақстандықтарға көрсетіп жүрген жеке өнегесі жөнінде де дәйекті мысалдар келтірді. Бұдан әрі шешен әлемдік деңгейдегі ғасыр дерті – нашақорлық пен есірткі бизнесіне қазақ­стан­дық қоғам жағдайында жол бермеу, оған тосқауыл қою қажеттілігіне тоқтала келіп, онымен күреске жұмыла кірісу қажеттілігін алға тартты. Әрі бүгінгі өткізіліп отырған акция мақсатының бірі де осы екенін жеткізді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша бүгінде саламатты өмір салтын қалыптастыру ісі мем­лекеттік деңгейде қолға алынды. Мұның ішін­де нашақорлық пен басқа да зиянды әдеттерді ауыз­дықтау және олардың алдын алу ісі жалпыха­лықтық міндет ретінде белгіленіп отыр. Жастар осы күрестің алдыңғы легінен табылатынына сені­міміз мол, – деп түйін жасады Сергей Дмитриевич. Оның сөзі мен шақыруы акцияға қатысушылар тарапынан толық қолдау тапты. Сондай-ақ, осы күні аталған акция аясында ең үздік номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың тобын ең үздік әншілер мен бишілер, жас мамандар, көңілді тапқыштар клубы, жастар қоғамдық бірлестігі құрайды. Осы арада жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптас­тырудағы ерекше еңбегі үшін номинациясын иеленген полиция аға лейтенанты Қасиет Сатқановтың есімін айрықша атап өтуге болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей Орал қаласында “Елбасымен бірге – қуатты және саламатты Қазақстан үшін” атты тақырыпта өткізілген акция тәуелсіз Қазақстан мен оның бас ордасы Астанаға деген махаббаттың, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына деген құрмет пен бас июдің белгісіндей әсер қалдырды. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.