• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2015

Еуропаның ентігі басылмай тұр

446 рет
көрсетілді

Тұманды Альбионға келушілер кімдер?

Өткен аптаның ортасында 1,5 мыңға жуық заңсыз мигранттар Ла-Манш бұғазы астындағы Еуротуннель арқылы Франциядан Ұлыбританияға өтпек болған кезде бір адам қаза тапқан, деп хабарлады француздың Monde газеті.

Біздің команда қайтыс болған адамның мүрдесін сәрсенбі күні таңертеңгілік тапты, өрт сөндірушілер бір адамның мерт болғанын растап отыр, деп жазады жоғарыда аталған басылым Еуротуннель өкілінің сөзіне сілтеме жасай отырып. Газеттің ақпаратынша, маусым айының басынан бері заңсыз өтуге талпынған тоғыз адам Еуро­­туннельде қаза тапқан. Осы жолы қайтыс болған жігіт 25-30 жас­­тар­дағы Суданның азаматы көрінеді. Па-де-Кале префектурасында тұрып жатқан заңсыз мигранттар Ла-Маншты кесіп өтіп, Ұлыбританияға жету үшін қолда бар мүмкіндіктердің бәрін пайдалануда. Бүгінде Каледе 1,5 мыңға жуық мигрант бар. Соңғы уақыттары олардың қатары айтарлықтай өсе түсуде. Миг­ранттардың көпшілігі Францияға Эритрея, Судан және Сомали елдерінен келген азаматтар. Иммиграция Ұлыбритания үшін үлкен проблемаға айналып отыр. Өткен жылдың мамырында болған парламент сайлауында миграцияға қарсы Ұлыбритания тәуелсіздігі партиясы жеңіске жеткен Консервативтік партия мен өзінің негізгі бәсекелесі Лейбористік партиядан кейінгі үшінші орынды алғаны мәлім. Премьер-министр Дэвид Кэме­рон 2017 жылы Ұлыбритания Еуропалық одақта бола ма әлде жоқ па деген мәселе шешілетін референдум қарсаңында имми­гранттар үшін әлеуметтік жеңілдіктерді қысқарту үшін жұ­мыстар жүр­гі­­зу­де. Оның айтуынша, Ұлыбри­тания халқы­­­­­­ның жартысынан астамы елде иммигранттардың азай­ғанын қалайды.

Босқындарға деген көзқарас біркелкі емес

Германияда өз елдеріндегі соғыстар мен зорлық-зомбы­лықтардан қашып келген шетелдік босқындардың лагерь­леріне шабуыл жасау ­барынша асқынып тұр. 

Үкімет келтірген мәліметтерге қарағанда, үстіміздегі жылдың бірінші жартысында Германияға келеді деп күтіліп отырған 450 000 адам үшін жаңадан салынған құрылыстарды өртеудің немесе шабуыл жасаудың 150 жағдайы тіркелген. Босқындар үшін баспаналар салуға жергілікті тұрғындар қарсылығының көрінісі болып табылатын бұл шабуылдар ел беделіне елеулі нұқсан келтіруде. Көптеген немістердің босқындарға қолдау көрсетуіне байланысты орын алған оқиғалар сонымен бірге, әлеуметтік шиеленіс жағдайын да туындатып отыр. Мен Германия көшелерінде шетелдіктерге деген жеккө­рушіліктің орын алғаны үшін ұяламын, деп атап көрсеткен елдің әділет министрі Хейко Маас. 2014 жылы мұндай оқиғалар саны 170 болған еді. Германияда босқындарға қарсылық білдірумен қатар, олардың тағдырларына аяушылықпен қарау жағдайы да бар, деп атап көрсеткен әділет министрі жергілікті басы­лымға берген сұхбатында. Осы жылдың сәуір айында жүргі­зілген әлеуметтік сауалнама неміс­тердің тең жартысының елдің бос­қындарды бұдан да көбірек қабылдауын қалайтынын көрсеткен. Германия 1990 жылы Батыс пен Шығыс қосылғаннан кейінгі жылдарда 186 адамның қайтыс болуына апарып соқтырған нәсілшілдік негіздегі зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізуде. Бірақ сыншылар орын алып отырған расистік бағыттағы популистердің белсенділігі аясында үкіметті сылбыр және батыл қадамдарға бара алмай отыр деп айыптауда. Үкіметтің бірізді стратегия­сы жоқ, кейбір саясаткерлер, әсіресе, оңшылдар өздерінің ушықтырғыш сөздерімен және іс-әрекеттерімен ахуалды күрделендіре түсіп отыр, дейді Берлиннің Еркін университетінің саясаттанушысы Рейтер Хайо Функе. Бавария премьері Хорст Зеехофер және оның кон­сер­вативтік Христиандық-әлеу­меттік одағы өткен аптада Бал­кан елдеріндегі жағдайды босқын­дар үшін өте қатерлі дей отырып, Германиядан баспана беру үшін оларды тездетіп көшіруге шақырды.

Грекияның қарыз алуы қиындай түсуде

Халықаралық валюта қорының директорлар кеңесі Грекияның борыш деңгейінің жоғарылығы және реформаларды жүзеге асыру нәтижелерінің нашарлығы Афинаның ХВҚ-дан үшінші құтқару пакетін алу мүмкіндігін күрделендіре түседі деп мәлімдеді. 

Осылайша, қордың Еуроодақ тарапынан болатын соңғы құтқару бағдарламасына қосылу-қосылмасы белгісіз болып отыр. Халықаралық валюта қорының шенеуніктері Афина мен кредиторлар арасындағы келіссөздерге қатысатын болады, бірақ қор жаңа бағдарлама бойынша келісімге тек бірнеше айдан кейін ғана келу жөнінде шешім қабылдап отыр. Ақшаның бөлініп қалуы да мүмкін, бірақ ол тек алдағы жылы ғана орын алмақ. Германияда саясаткерлердің егер ХВҚ қолдау көрсетпесе, 85 миллиард еуро тұратын құт­қару бағдарламасына қол­дау біл­дірілмейтіні туралы айтқан­дық­тан, мұндай кешігудің айтар­лық­тай зардаптарға соқтыруы мүмкін. Өткен аптада ХВҚ алға қойған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін еместіктен қазіргі бар құтқару бағдарламасы күшін жоюы керек деген шешім қабылдады. Ал ол Афинаны жаңа бағдарлама үшін өтініш жасауға мәжбүрлеп отыр. Грекияның кейбір шенеу­ніктері ХВҚ мен Германияның бітімге келмейтін қаржы министрі Вольфганг Шойблеге шілде айындағы келісімге қарамастан елді құтқару ісіне нұқсан келтіріп отыр деген күмән білдіруде. Кейбір сыбыстарға қарағанда, Халықаралық валюта қорының жоғары лауазымды шенеуніктері ХВҚ-ның беделін тәуекелге салғысы келмейді, сондықтан да айтарлықтай бір өзгерістер орын алмайынша, жаңа бағдарламамен келіспек емес. Кристин Лагардтың қор өз абырой-беделін естен шығармауы тиіс деген сөзін және таратушы-директордың өзінің де жоғарыда айтылған шенеуніктер жағында екенін ескергенде, оның өзі Гре­кияның көмекке ақша алу мүмкіндігін іс жүзінде жоққа шығарады.

Жиһаз фабрикасындағы өрт

Египеттің солтүстігіндегі Эль-Обур қаласындағы жиһаз фаб­рикасында орын алған күшті өрт салдарынан 25 адам мерт болып, 22 адам зардап шеккен. Зардап шеккендердің бірнешеуінің жағдайлары өте ауыр күйде. 

Өрттің туындауына газ балло­ны­ның жарылуы себеп болған көрінеді. Өрт сөндірушілер жеткенше от 1,5 мың шаршы метрді қамтып үлгерген. Өрт қауіпсіздігі шараларын сақ­та­мауға байланысты қайғы-қасіреттер өкінішке қарай, Египетте өте жиі орын алатын оқиға. Мәселен, Александрия ауданындағы супермаркетте тұтанған өрт салдарынан да 12 адам зардап шеккен.

Жауын әкелген зардаптар

Үндістанның Гуджарат штатындағы нөсер жауын екі тәулік ішінде 27 адамның өмірін құрбандыққа шалған. 

Нөсерден қуатты цик­лонның эпицентрі орналасқан Раджастан штатымен шекаралас аудан барынша көп зардап шегіп, онда 8 адам қаза тапты, деп хабарлады аудандық әкімшіліктің өкілі Дилип Рана. Ауданда 8 адам мерт болды, деп хабарлаған аудан әкім­шілігінің өкілі. Оның айтуын­ша, тағы 6 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Мыңға тарта адамның бас­қа жерлерге көшіріліп, 400-ге жуық деревняның электр жары­ғын­сыз қалғаны белгілі болып отыр. Үндістанның метеорология департаменті күшті нөсердің ал­дағы уақыттарда да орын алуы мүмкін екендігін ескертуде.

Дайындаған Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».