• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар табыс етті

284 рет
көрсетілді

АСТАНА. 6 мамыр. Бүгін Елбасы бірқатар тұлғаға мемлекеттік наградалар тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев марапаттау рәсіміне қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Қазақстан Президенті марапатқа ұсынылғандардың бәрі де ерен еңбегімен, қалтқысыз қызметімен ерекшеленген жандар екенін атап өтті. «Биыл Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне тәуелсіз елдің төл наградалары тапсырылады. Бүгінгі ұрпақ Ұлы Жеңісті алып берген аға буын алдында әрқашан қарыздар. Мемлекет басшысы ретінде мен бүкіл ел атынан Сіздерге мың алғыс айтамын, ардақты ардагерлер,, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев ер-азаматқа туған Отанды, қастерлі тәуелсіздікті қорғап, ел тыныштығын күзетуден асқан мәртебе жоқ екенін айтты. «Сіздер сол абыройлы борышты адал атқардыңыздар және атқарып келесіздер. Сіздер соғыстан кейін де елге қызмет етуді жалғастырып, бейбіт күнде де батырлыққа орын бар екенін қапысыз дәлелдей білдіңіздер. Қоғамда тұрақтылық пен тәртіптің сақталуы да мына сіздердің еңбектеріңізге тікелей байланысты», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысының айтуынша, елдің өмірінде Отан қорғаушы ердің орны қашанда ерекше. «Ұлттық әскер – егемен елдің құрыш қалқаны. Оның басты міндеті – ұлт пен ұлыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінде шекарамыздың қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын сенімді сарбаздар күзетіп тұр. Олар ата-бабалардың ерлік дәстүрін лайықты жалғастырып, аға буын аманатына адал болады деп сенемін. Елге қорған болу үшін ер-азаматқа қажымас қайрат, асқақ рух қажет екені анық. Сіздердің бойларыңыздан соның бәрі табылады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімі екі бірдей маңызды мерекенің қарсаңында өтіп отырғанына назар аударды. «Бүгін рәсімге елдің бостандығы мен бейбіт өмірін қорғап қалған ардагерлер қатысып отыр. Біз сіздерге «Барыс» және «Құрмет» ордендерін тапсырамыз. Бұл – бүгінгі ұрпақ сіздерге ұсына алатын сый-құрметтің титтей бір бөлшегі ғана. Бүкіл ел, бүкіл әлем фашизмнен қорғап қалғандарыңыз үшін сіздерге борыштар. Ардагерлерді марапаттау үзілмес ұрпақ сабақтастығын айғақтайды. Сіздердің майдан даласы мен бейбіт өмірдегі ерліктеріңіз әрдайым батырлық пен патриотизм үлгісі болып қала бермек. Ұлы Жеңіске қол жеткізгендердің барлығы үшін ең үздік марапат – тәуелсіз Қазақстан, өркендеу үстіндегі еліміз, азаматтарымыздың бақуат өмірі. Бұл сіздердің ерліктеріңіздің бекер кетпегенін дәлелдейді. Бүгінде сіздердің істеріңізді қазақстандықтардың жаңа ұрпағы табысты жалғастыруда. Ел олардың да еңбегін бағалайдый, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті бүгін ордендер мен медальдар тапсырылатындардың қатарында түрлі салалар мен ұйымдардың өкілдері бар екенін атап өтті. «Баршаңызды бейбіт әрі бақуатты Қазақстанды дамытуға қосқан зор үлес біріктіреді. Қазір, бейбіт уақытта сіздер тәуелсіздікті күзетесіздер, ел шекарасын, тұрақтылықты, тыныштық пен республикамыздағы заңдылықтың сақталуын қорғайсыздар. Сіздердің өмірлеріңіз тұтастай Отанға қызмет етуге арналған. Мен сіздерге наградаларды ризашылықпен тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларды тағы да құттықтап, оларға зор денсаулық пен табыс тіледі. Марапатталған ардагерлер Мемлекет басшысына қамқорлығы, сондай-ақ, еліміздегі татулық пен тыныштықты қамтамасыз етіп отырғаны үшін алғыс айтты. Рәсім барысында ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен соғыс ардагері С.Жиенбаев (Алматы қаласы), соғыс және еңбек ардагері С.Исаев (Алматы облысы); «Құрмет» орденімен соғыс ардагері М.Абдрахманов (Орал қаласы), соғыс ардагері З.Әділбеков (Алматы қаласы), соғыс ардагері Қ.Әмренов (Павлодар қаласы), соғыс ардагері Қ.Бекенов (Астана қаласы), соғыс ардагері Б.Боқаев (Маңғыстау облысы), В.Болотин (Қарағанды облысы), соғыс ардагері К.Брезговин (Қостанай облысы), еңбек ардагері А.Дауылбаев (Солтүстік Қазақстан облысы), соғыс ардагері М.Домовец (Шығыс Қазақстан облысы), соғыс ардагері А.Елубаев (Атырау облысы), соғыс ардагері О.Жалмағамбет (Ақтөбе қаласы), соғыс ардагері Ш.Жаныбеков (Алматы қаласы), соғыс ардагері С.Жарықбасов (Алматы облысы), соғыс ардагері Р.Житковская (Алматы қаласы), соғыс ардагері И.Қалиев (Қызылорда қаласы), соғыс ардагері И.Құрбанов (Жамбыл облысы), соғыс ардагері М.Полтарацкая (Астана қаласы), соғыс ардагері Ж.Рамазанов (Көкшетау қаласы), соғыс ардагері С.Шәменов (Оңтүстік Қазақстан облысы) марапатталды. Сонымен қатар, II дәрежелі «Даңқ» орденімен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары Р.Әлімов, Астана қаласының прокуроры С.Бекбосынов, Қостанай облысы ішкі істер департаментінің бастығы Т.Мәткенов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары Қ.Оразқұлов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы А.Шайымова; ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының департамент бастығы Р.Досымбекова, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 1-авиациялық базасының ұшу дайындығы командирінің орынбасары М.Каушенов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі №44803 әскери бөлімінің командирі Н.Қабақов, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы басқармасы бас штабы бастығының орынбасары – жедел бас басқарманың бастығы А.Степаненко; ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің сержанты – Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының бөлім бастығы С.Шораханов; «Ерлігі үшін» медалімен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жағалау күзеті өңірлік басқармасы «Сақшы» шекара кемесінің командирі Е.Калишев, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің инспекторы Е.Садықбеков, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі №28079 әскери бөлімі арнайы мақсаттағы десанттық-шабуылдаушы ротасының аға радиотелефоншысы С.Сармырзаев, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері С.Сейфуллин; «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметі №0112 әскери бөлімі құрмет қарауылы ротасының командирі А.Еламанов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі №62064 әскери бөлімінің командирі Ш.Жарылқасынов, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» қызметі бастығының орынбасары Д.Жұмабеков, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының офицері С.Қабдықұлов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі №29011 әскери бөлімі штаб бастығының орынбасары Д.Қайрошев марапатталды. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: akorda.kz.