• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2015

Өнеге

838 рет
көрсетілді

Отарлықтан құтылып, өгіз мойнын езіп, жара салатын мойынтұрықтай азапты лақтырып тастап, қасиетті Ақордамызға қайта кірдік. Отан деген атқа ие болып, Қазақ елі, Қазақстан мемлекеті деген биік дәрежемен төрткүл дүниеге танылдық. Санаулы жылмен шектеу, шеңбер ішінде қалу болатынын уақыт алға тартып, енді осы жеткен өрісімізді місе тұтып, отыра бермей төрт құбыламызды түгендеуге бет бұрдық. Арғы тарихқа бойлап, қазақ кешелі бергі жұлыны жұқа жұрт емес екенін Қазақ хандығының 550 жылдығымен көрсетсек деген ниетке бекініп отырмыз. Тәубе, деп көтеріліп айтатын ұлы мерекеміз биыл осы болса керек. Бұған жеткенге дейін ширек ғасырға таяу уақыт өте шықты. Әр ұрпаққа артылған жүк, атқаратын мінсіз міндеттер болады. Оны сырты жылтырап тұрғанмен – қу тірлігі үшін қырық құбылтатындар да табылады. Бірақ адал ниет, асыл арман жолы бәрін жеңеді. Ел болғалы бері ел азаматтарымен бірге сол адал ниет, асыл ар­манға өзіндік үлесін қосқан Ербол Шаймерденұлы болатын. Ерте елге танылды. Кіршіксіз киінді, үлкенге ізетпен иілді, кішіге ілгеріден кө­ріне алды. Қызмет үстінде талапшыл болса, еркін отырыстың гүлі болатын. Ашылса Есіл болып есі­ліп кететін. Біздер бір шоғыр – абитуриент кезімізде жолығып, курс­тастық достыққа ұласып, ол ұрпағымыз өсіп, өріс кеңейгенде бір-бірімізге жақын бауыр басып, бауыр болып кеткен едік. Жаңа ғасырдың жақсылығына жадырап, жарасып, жарқылдап жүретінбіз. Риясыз қолтықтасып қай жерге де қатар келетінбіз. Ондайда дүние түгел, көңіл алаңсыз, жүрек лүпілі қалыпты болушы еді. Иә, Ербол тас түйін азамат еді. Ша­лағайлық оның бойынан табылмайтын. Ойланып сөй­лейтін, білімі бекем болатын. Ол алпыстың асқарына бір қадам қалғанда мәңгілік сапарға аттанды. Содан бері арада екі жыл жылыстады. Үшінші жылдың төбесі көрінді. Жаратушыға адам билігі жүрген бе?! Ербол журналист деген қасиетті мамандық қазанында қайнап, шыңдалды. Елдік істерде жүрді, басшылық қызметті де бір кісідей атқарды. Ағайын-туыс, дос-жаран, жар, баланың да ұйытқысы болды. Арасында өзі айтқандай: «Төгілді жыр боп нөпір ағын, Қа­на­тынан шабыт-құсымның. Жанымның жайып жапырағын, Жалаңаш күйде ұсындым. Өріп бір ой мен сезіммен, Сыйлаған осы гүлдестем. Оңаша қалған ке­зіңде, Аларсың қолға бір кеште», деп жыр жазды. Оны: «Қанарсың, мүмкін, қанбассың, Бұлаққа көл­беп бір өткен. Әйтеуір, бейжай қалмассың. Мазасыз соққан жүрек­ке... Демеймін: демеп, ала сал, ке­шірмес сөздің құдіреті. Ескерткіш болсын – қаласаң, Осынау көңіл суреті. Құштарлық, мұң мен ізгі арман. Жалғайды адам арасын. Ой соқты осы жылдардан, Іздесең мені табарсың», деп аяқтады. Біз бүгін Ерболдың артында қалған рухани дүниесінің сыр-сипатын өз жырында айтқандай, танып, біліп жатырмыз. Екінші өмірімен осылайша ұшыраса бас­тадық. Бір қуанарлығы: «Әде­биет әлемінде өлім болмайды. Өлгендер де құдды тірілер секілді. Біздің іс-әрекетіміз бен қимыл-қарекетімізге тікелей араласып тарта береді», деген Гоголь сөзіне бақсақ, Ербол өлмес рухани дүниесі арқылы бізбен бірге жасап келеді. Мына жалған дүниенің жыртық, тесігін мәңгі тірі қалып кім бітеген дейсіз. Бірақ кеткен адамның ізін өшірмеу артындағылардың парасат-пайымына, адамдық қасие­тіне, ұрпағының, жарының, жақынының ұғымталдығына, отбасының жара­сымдылығына тәуелді. Онсыз әркім өзі болып, күн көрудің ал­мағайып әлегімен жүргенде аузыңмен құс ұстасаң да өте шықсаң – қаға бе­ріс­те қалып қоюың ғажап емес. Бұл жағынан келгенде ниетіне қарай шығар, Ерболға құрмет көрсетіліп келеді. Жары Күләш бас­тап, ұрпағы тік тұрды. Курстасы Ерағаңның (Ержұман Смайылдың) сіңірген еңбегі де өлшеусіз болды. Ол кі­сі зейнетке шыққаннан кейін курс­тастардың арасына алтын арқау болып, ұр­пақтарымызды ұштастырып жүретін еді. Біз мұны: «Әкең алпысқа келгенде малай алма», деген осы», деп әзілге жеңдіріп қоятынбыз. Ербол өмірден озған соң, оның ар­тында қалған мұрасын жинап жа­рыққа шығару ісі ортаға салынды. Бұл жұмысты Күләшпен кеңесе оты­рып бел шешіп қолға алған Ерағаң еді. Сөйтіп, ініден бауырға айналған Ерболдың кітаптарын шығару кезінде бәрімізге Ерағаң ес болды. Томдарды жинақтай жү­ріп, арасында жылына дейін ес­телік кітап шығаруды қолға алды. Түйінінде екеуін де мінсіз орындады (Естелік кітап «Жүрегімен от тасыған» деп аталады). Ең бас­тысы, бас-аяғы бүтін, өзі болмаса да Ербол Шаймерденұлының көзіндей алты томнан тұратын ке­лісті кітабын «Қазақ энциклопедия­сы» баспасынан шығарып, жұрт қолына тигізді. Енді соны парақтап көрелік. Тағылымдық мәні, тәрбиелік үлгісі бөлек, түзу ой, ізгі ниеттен туған жандардың жауһар сөздері бірінші томның алтын арқауы – Ерболдың өз байламымен айтсақ, «Қазақ афоризмдері (Ақыл-ой антологиясы: бағзыдан бүгінге дейін)». Бұл – ұлтқа керек, жұртқа қажет деген ойдан туған, әдемі жүйеленген іргелі іс, бізде де бар екенін дәйектеген, бүкіл саналы өмірінде тірнектеп жи­наған ұлт жауһары. «Қазақ афоризмдерінің» ал­ғашқы данасын көргенде жүзі нұрланып, терең тыныс алыпты. Ал алты томның басын біріктірген, түйінді ой, түймедей түйін сөз бірінші томның беташары ретінде берілген. Оны терең толғап, кеңінен қозғап, бүгінгі қазақ әдебиетінің тізгінұстары, қарасөздің бетіне қаймақ кілкіткен Әбіш аға Кекілбайұлы жазған. «Біздің халық: «Атыңның сырын білгің келсе, қырық күн жемін салып, суын беріп, өзің қолға ұста, жақыныңның сырын білгің келсе, қасыңа қырық күн серік қылып, жолға шық» – дейді. «Бір күн жолдас болғанға қырық күн сәлем» дейтіні тағы бар. Сол айтқандай, Ербол екеуміздің де танысқанымызға бір-бірімізге әбден сырмінез болатындай уақыт өтіпті. Күні кешегідей еді-ау?» деп бастап, танысу мен табысу, тонның ішкі бауындай сыр­ласып кеткен сәттер, қатар жү­ріп ой бөліскен кездер, аға-інілі болып, бауыр басқан тұстар, өмір­дегі өзгерістер кезінде бірі парасатты басшы, екіншісі адал қосшы бола білгенін қос бұрымдай тарқата келіп, «Жаныңдағы жақсы адамдар келмес сапарға аттанған сайын дүниенің аса ұлан-ғайыр, тіршіліктің тым келте екенін ұғын­ғанның үстіне ұғына түсесің», деп нүкте қойыпты. Ақиқат сөз. Ал жеке томның көтерген жү­гін нақтылай айтсақ, жиырма бес ғасырдың алтынға бергісіз ақыл-ой жемісінің жинағы «Қазақ афо­ризмдері» сыр-сипатын, мазмұны мен мәтінін, қамтыған уақытын, тарихи танымын, берер өнегесін академик Сейіт Қасқабасов баян етеді. Кестелі сөз, кемел ойдан тұра­тын афоризм жанры туралы мол мәлімет беретін бұл кітап негі­зінен авторлық афоризмдерден тұратынын айтады. Жалпы, афоризм түзу – құмнан көзіңді қорғай жүріп, алтын іздеу қандай азап болса, ой мәйегін, сөз асылын тізу де соған пара-пар, оңай шаруа емес. Ол үшін ой-өрең биік, талғам-танымың, зерде-зейінің ерек­ше болуы тиіс. Ұзын саны 80-ге таяу авторлардың сөзбен өрнектеген ой-ақықтарын Ербол маржандай тізіп, ұлт руханиятына қажет құнды кітапты құрап шыққан. Бұл шымыр шебердің ғана қолынан келетін еңбек десек, асырып айтқандық емес. Мұндай іргелі жәдігерді жа­лықпай ізденген адам ғана орындай алса керек. Ендігі міндет арғы қазақ Анақарыстан бастап, Сағат Әшімбаевқа дейінгі даралардың сөздері қамтылған осы кітапты жәдігердей жақсылыққа пайдаланып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыруды дәстүрге айналдырсақ, қане! Әсіресе, «Жеріңді жат баспаған» (Тоныкөк), «Біз көктен жаралған, көктің ұлы – түркі жұрты боламыз» (Білге), «Қаған ел құрар» (Күл­тегін), «Тәкаппарлықты – Тә­ңір сүймес» (Қорқыт), «Ақиқат – адалдықпен ағзалас» (әл-Фараби), «Аяққа кісен салуға болар, қолға кісен салуға болар, тілге кісен са­луға болмас» (Бәйдібек би), «Тек­сіздің тегі – құл» (Әйтеке би), «Ерікті ұл – көрікті» (Қазыбек би), «Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза» (М.Әуезов), «Тәртіп кейде тәртіпсіздік те тудырады» (Б.Момышұлы), «Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын» (Қ. Мырза Әлі), «Шын­дық – ащы һәм ажалсыз» (Ш.Мұр­таза) деп келетін болмысы бөлектердің ой-маржандары оның көз майын тауысып жинаған, бастырған, өлместей етіп артына қалдырған аманаты. Асыл азаматпен бір әңгіме үстінде афоризмдер сөз болғаны бар. Оған себеп, Асқар Сүлейменовтің 2001 жылы шыққан «Болмыспен бетпе-бет» кітабын қалап алған еді, кейін қайтарып берді. «Алдыма қойған бір мақсатым орындалған секілді. Ол қазақ афоризмдерін жинап, шығарып өзгеге таныту, әлемдік дәрежеге көтеру, бізде де ақыл-ойдың иесі аз емес екенін өзімізге де, өзгеге де жеткізу болатын. Ба­сы қайырылды. Келісті кітап шы­ғарсам деймін. Ол дүниежүзіне тараған өзге жұрттардың афоризм­дер жинағы сияқты кітап сөрелерінен берік орын алса, деген ізгі ниеттемін», деп еді. Өмірінің соңында сол арманы орындалды. Ол кітапты көзімен көргенін, көз нұрымен аймалағанын алда айттық. Екінші том өлеңдерден тұ­рады. «Рух сапары ұзақ» деген алғысөзді жыр патшайымы, осыдан бір жыл бұрын өмірден озған досымызды «Ербол бауырым» деп бағалаған Фариза Оңғарсынова жазған. Өлеңдерін оқып отырып, мына күн, мына тірліктің өлшеулі екенін ерте сезген бе дейсің. Арсыз ажалға: «Босат мына төсектен, байлап қоймай, Өткенімше дем бітіп өңешімнен», деп айбат шегіпті. Артынан: «Мұнар да мұнар, мұнар күн, Шалғайын шалған шынардың, Шаршатып бір күн шырғалаң, Шарт етіп мен де сынармын. Сынармын мен де шарт етіп, Найзағай сынды жарқ етіп. Ниеті қара көк төбет, Қарғадай қалар қарқ етіп», деп алады да: «Жүрегім жырға айналар» дейді. Жүрегі жырға арналған ақынның әр жырынан оның жан дүниесін, ішкі иірімдерін көресің. «Қайран тағдыр» деген өлеңіндегі Ерболдың тереңдігіне тәнті бо­ласың. «Аппақ әлем, ақ шуақты аң­садың, Болдың ортақ қызығына қаншаның. Көңілі – көр, жүрегі жоқ жандарға, Жан сырыңды жеткізе алмай шаршадың. Қайран жүрек көтереді екен қанша мұң!» дейді де «Қара жерде енді мәңгі тұрағың» деген байлам жасай­ды. Осы жолдарға қарап отырып, оның мына дүниеден ерте кететінін сезгендей әсерде қаласың. Ақындардың көріпкелдігі деген ұғым бар. Сол Ерболдың бойында да болған секілді ме, қалай?! Біздің Ербол дос-жарға адал, балаға мейірімді еді. Оны жыр жолдарына келістіріп түсіріп кетіпті. Біз мұны желдей есіп жүргенде аңғара қоймаған секілдіміз. Соған «Ностальгия» деген өлең дәйек болады. «Балауса балғын едік сен де, мен де. Ойды – от, бойды – сезім кернегенде. Ақ қанат періштедей шыға келдің, Махаббат зәмзәміне шөлдегенде», деген жолдар әр адамның жанындағы жарымен өткізген балдәуренін ойға оралтып, көңілге елестетпей қой­майды. «Өмірге адам бір келгені тәрізді, Махаббат та бір-ақ рет гүлдейді», деп келетін екі жолда үлкен философиялық байлам жатыр. Кім болса да ізімді жалғайтын ұрпа­ғым дейді. Шынына келгенде, ұрпақ бір отбасының емес, ұлттың басты қазынасы. Ұлт қазынасына қосқан балалары жайлы Ербол ақын: «Жан үзіп жайсаң, пейіл, жарасымға, Ақтілек – алтын алқа таға­сың ба. Келеді өсіп менің үш құлыным, Көзімнің ағы менен қарасындай», дейді де: «Жауратпа суығыңа, салқыныңа, Жолатпа найзағайдың жарқылына. Жарасам – тұмары боп оралар ем, Ойланбай шаштарыңның талшығына... Келеді өсіп менің үш қарағым, Өмірде тіккен әсем үш дарағым. Бала деп шырылдайды әке жаны, Жүргендей жүзінде өткір ұстараның», деп әкелік жандүниесін алдыңа жайып салады. Бұл барлық әкенің сөзіндей естілері анық. Үш баланың әкесі өз әкесі туралы да әдемі ой айтады. «Адастырмас аманаты әкенің, Жүрегіңнің төріне әкеп қондырсаң», деп алады да арты­нан: «Сен де, әке, бөлшегісің бүтіннің, Мен де, әке, бөлшегімін бүтіннің. Тізе бүгіп тағдырымның алдында, Деймін іштей: жазғаныңа шүкір мың!» деген екен. Нағашы туралы өлеңдерді оқып жүрміз. Ерболдың «Анам елі» деген ойлы жыры бөлекше естіледі. «Еркелер саған келіп, Мен де бір балаң едім. Анамдай аялаған, Аман бол, анам елі. Жақсыны аласың құп, Жанға пәк жарасым – құт. Менің де сынбас сағым, Сен барда, нағашы жұрт», дейді. Осы сегіз жолға ана бейнесі де, нағашы мейірімі де сый­ып кеткен. Мұны шеберлік десе болады. Бұл томдағы кесек туынды «Ән – ғұмыр» атты лирикалық-философиялық поэма. Қазақ өне­рінің тағдырлы бір өкілі Естай туралы шығармада жаны ізгілікті, ізетті сүйетін ақын шабыты ерекше көрініс тапқан. Ел, жер, Естайдың замандастары, Хұсни-Қорлан жайы, табиғат көріністері – бәрі ұштасып, бірін-бірі толықтырып отырады. Шашау шыққан шумақ жоққа тән. Қорытындысы былай түйінделеді: «Тірлікте таусылғанмен татар дәмі, Ес­тайдың үзілген жоқ сапары әлі.  Жол шегіп мәңгілікке бара жатыр, Атағын алысқа әлі апарады.Шырқалса, мың құбылған әні ізгі, Тербейді сұлу ырғақ жанымызды. Рухына бас иейік Естай ақын, Аруағы жүрсін қолдап бәрімізді». Осы жолдарды Ерболдың өзіне де бағыштауға болатындай. Бұл поэма Шаймерденұлының қазақ өлеңіне салған олжасы ғана емес, екінші өмірінің өзегі дер едік. Қазақ елінің бүгінгі, ертеңгі, келешектегі ұрпағы Аристотель, А.Марк, А.Смит, У.Шекспир, Ә.Науаи, Ш.Уәлиханов, А.Шпен­гауэр, О.Бальзак, Л.Толстой, О.Уайльд, А.Камю, Ф.Ницше, өзге де әлем­нің асқан ақыл-ой иелерінің қанатты сөздерінен тағылым алсын, тәрбие үйренсін деген ниетпен ақықтай етіп іріктеп жинаған Ербол Шаймерденұлының елеу­­лі дүниесі үшінші томды құ­райды. Беташар сөзін «Азамат аманаты» деп ізетті інісіне қазақ баспасөзінің қаламы жүйрік, ойы ұшқыр белді өкілі, белгілі ғалым Уәлихан Қали­жан жазыпты. Ой-қазынасының отын үрлеген керемет философтар мен қаламгерлердің, ойшылдардың әр сөзі атан түйеге жүк боларлық. Өз ісіне ықтиятты да тиянақты қарайтын әдемі әдісін Ербол бұл кітапты аударып, дайындау жұмысында да бұлжытпай орындаған екен. Асыл сөз иесі кім екен демес үшін әр ойшыл, не қанатты сөзін алған автор туралы қысқа да нұсқа мәлімет беріп отырады. Бұл кітап ойыңды өсіреді, көңіліңнің көкжиегін кеңейтеді, кейде «қисайсаң» «тәйт» деген емеурін танытады. Санаңа сәуле тү­сіретін «сиқыры» да бар. «Оқып көріңіз... ойланып көріңіз» дейді Ербол. Төртінші том – бұрын қауым жақсы қабылдаған, әлденеше рет жұрт қолына тиген «Ақиқат айнасы» атты философиялық афоризмдерден және «Тыңда тоғысқан тағдырлар» атты очерктер жинағы мен «Әз Астана» кітапшасынан топ­тастырылған екен. Беташар сөзін жазу профессор Серік Неги­мовтің еншісіне тиіпті. Ол Ер­бол Шаймерденұлына құптауға тұратын: «...философиялық афористика жанрының негіздемесін жасаушы санаткер» деген баға береді. Ал очерктер жинағын сөз еткенде, автордың зейін-зердесіне ерекше тоқталады. «Ақиқат айнасының» болмысын Ербол өзі де тайға таңба басқандай етіп баяндайтыны бар. «Әлемдік ақыл-ой қазынасын әр қырынан игеру – өркениет көшіне енудің бірден-бір дара жолы. Өйткені, көңіл көкжиегі кеңейген сайын ұлт рухының сапалық сипаты жетіле береді. Адамзат тәжірибесінің рухани бағыт-бағдарын жіті қадағалап, жете пайдалана білу – материалдық болмыс бітімін де бедерлендіре тү­седі. Ұлттық рухани өрлеудің одан басқа жолы жоқ. Оқырман назарына ұсынылып отырған жинақтың дүниеге келу себебінің басты сыры осы айтылған ойлармен өзектес. Мақсат – қал-қадірімізше қазақ оқырмандарын ХХ ғасыр ойшылдарының бір тобының фи­лософиялық көзқарастарының кейбір қырларымен, өмір жайлы, адам­заттық құндылықтар туралы һәм қоғам жайлы ұстанымдарымен таныстыруға қолғабыс жасау», депті. Қалай десек те, миллиондаған адамдардың тағдыр-талайы жатқан тың игеруді, оның жетістігі мен кемшілігін қазақ тарихынан мүл­де сызып тастай алмасақ керек. Тың өлкесінің түлегі Ербол бұл тақырыпқа тереңдеп барған. Шұ­райлы жерді, еңбек адамдарын өмірдің өзіндей етіп баяндайды. Жиырмаға таяу тақырыпта қара­пайым егіншілерден бастап, ұлт зиялысына айналғандардың бейнесі көз алдыңнан өтеді. Жаңа астанаға қатысты ойлары да орамды. Алғашында өлең болып құйылып, артынан ән мәтініне айналған «Арман қала – Астана» (әні Марат Омаровтікі) жұрттың ерекше ықыласына бөленгені бел­гілі. Осы ән әуелей айтылған сәтте Ербол достың бейнесі биіктей бере­тіні сөзсіз. Бір замандары Конфуций: «Әлем­ді нышандар мен рәміздер билейді» деген екен. Шынында, Отанның Туы, Отанның Елтаңбасы, Отанның Әнұраны – бірінші белгі екені ақиқат. Осы үш қасиетті ерен киелімізді қабылдау кезінде, басы-қасында жүргендердің қатарында  Мемлекеттік рәміздерді жасау жөніндегі комиссия хатшысы Ербол Шаймерденұлы да болған еді. Қилы-қилы пікірлерді, әр алуан ұсыныстарды үйлестіру, алмағайып заманда оңай болмағаны рас. Көз алдында жасалып жатқан елдің жаңа тарихының әрбір сәтіне ұқыптылық танытпасаң, ай, жыл, тіпті ғасырлар өткен соң, күңгірттенеді, ұмытыла бастайды. Біздің Ербол жаңа жасалып, талқыдан өтіп қабылданған елдік рәміздерімізге алғашқы күн­нен терең мән беретініне талай куә болдық. Тынымсыз ізденетін, ір­гесі берік жұрттардың нышандарын зерттеп, оны тиісті адамдарға жеткізіп отыратын. Осы ұмтылыс Ерболды ұлтымыздың бірінші рә­міз танушысы дәрежесіне жет­кізді. Рәміздеріміздің болмысын көр­се­тетін бірінші кітапты да Ербол жаз­­ды. Ол кітаптар толыға келіп орыс, ағылшын, өзге де тілдерге ауда­рылды. Ерболдың елдік нышандары­мызды қабылдау кезінде, одан кейінгі уақыттарда жазған ма­қалаларын жете қадағалап жүрген, қазақ баспа­сөзінің айтулы өкілі, ел бүгіншіл, менікі ертең үшін, деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, кеңес заманының өзінде халқының бүгініне қуанумен қатар, келешегіне ойлы көзбен қарап, ертеңіне керекті ерте ескеріп, ұрпағына қажетті алдын ала атқаруды міндет санаған сөз семсері, жүздеген жас шеберханасынан шыққан Сейдахмет Бердіқұлов енді талдау мақалаларды кітап етіп шығару қажеттігін айтқан екен. Осыны Ерболдың өз сөзімен жет­­кізсек дейміз: «1992 жылы 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер қабыл­данысымен іле-шала өтініш жасаған журналистикадағы ға­жайып ұстазым, «Лениншіл жас­тағы» редак­торым, ол кезде «Ба­лауса» баспасын басқаратын Сей­дахмет Бердіқұлов ағаның ұсынысы бойынша бар болғаны бірер айдың ішінде әзірленіп, жедел 1993 жылдың басында бірден елу мың данамен (кейін талай қайта басылып шықты ғой) жарық көрген «Қазақ елінің рәміздері» кітапшасының жарық көруі сол ізденістердің арқасы еді» дейді. Иә, алғашында осылайша, пы­шақтың қырындай болып шыққан кітапшаны жетілдіріп, көлемді еңбекке айналдырған болатын. Бұл еңбек алты томдықтың бесінші томын құрап отыр. Бұл томның беташар сөзін, замандасы профессор Бүркіт Аяған толғапты. Кітапты парақтап отырғанда, рәміздер тарихына, қазақтың ұлттық рәміздерінің бастау басы қайда жатыр дегенді, бүгінгі құндылығымыздың бітім-болмысын, ерекшелігін, оның авторларын осы кітап арқылы танып-білеміз. Дүниежүзіндегі мемлекеттердің рәміздерінен де мол мәлімет аламыз. Қазір қазақтың аспан түстес Көк туы төрткүл дү­ниенің кез келген құрлығында желбіреп тұр. Мұхит толқынындай толқығанда, тәубе дейсің! Ән­ұранымыз да асқақ естіледі. Мем­лекет басшысы шетелге шыққанда, ресми дидарласуларда, қыран қанат, тұлпар текті спортшыларымыз қиқулап жеңіс тұғырынан көрінгенде, Туымыз көтеріледі, Әнұранымыз орындалады. Мұны азаттық берген бақ пен бақыт демей көріңіз! Осының бәрін кестелі сөзге түсіріп, алуан түрлі суреттермен толықтырып, жұртына бірінші ұсынған – Ербол Шаймерденұлы. Болашақта осы еңбекті ұлт тану оқулығының біріне айналдырсақ, ұтылмас едік. Осы жерде «Тарих – халықтың киелі кітабы, оның тұрмысы мен қызметінің айнасы һәм ата-бабаларының ұрпақтарына арнаған өсиеті болуы тиіс», деген Н.Карамзин сөзі ойға оралады. «Мейірім, ынсап, ақпейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бой­ында болса, сол шын адам болады», депті философ ақын Шә­кәрім. Осы төртеуі де Ербол Шай­мерденұлының бойында бар еді. Ол қарымды қаламгер ғана емес, қоғам өміріне ерте араласып, біраз белді қызметтер атқарған белді де белгілі азамат болатын. Соның кейбіреуін алда айттық. Тіл саласындағы тір­шілігімізге өз үлесін табандап тұрып қосқандардың бірі де Ербол болды. Соның дәлеліндей, алтыншы томның алғысөзін академик, қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі Өмірзақ Айтбайұлының қалам тербеуі еді. Ғалым кітапқа кірген сауатты мақалаларды жан-жақты талдап, Шәкәрімнің төрт қағидасына Ербол еңбегі сай екенін алға тартады. Әсіресе, «Е.Шаймерденов – төл тілімізді шын мәнінде толыққанды мемлекеттік тілге айналдыруды ұлттың ұлы мұраты деп есептеді», деген байламы оның еңбегіне берген үлкен баға деп білеміз. Кітаптың арқауы ойлы мақа­лалар, әсерлі публицистика, сыр-сипаты бөлек сұхбат, оған қоса, алыс-жақын шетелдерде өткен шараларда сөйлеген сөздері, алқалы жиындарда талқыға тастаған ойлары құрайды. Бәрінде де өзі куә заманның бітім-болмысын бүкпесіз айтады. Елбасының тәуелсіздік жолындағы батыл бастамалары, тың шешімдері, нақты мысалдармен, дәлел дәйектермен беріліп отырады. Мысалы, «Елбасы және ел рәміздері» деген танымдық ма­қаладағы тарихи көрініс кім-кімді де бейжай қалдырмайды. «Ербол, сен маған өткендегі әлем рәміздері каталогын тез жеткізші. Мына бір көпшілік ықыласы ауа бастаған жоба басқа бір елдің нышанына ұқсайтын тәрізді. Байқамай «ұрлап» алып, ұятқа қалып жүрмейік, – деп шұғыл тапсырма берді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, жол бол­ғанда іздеген кітап кабинетте болып шықты. Елбасының бір көргенін ұмытпай, есте сақтайтын зердесіне тәнті болдым. Ашып қарасам – күдігі анық, тура қолмен қойғандай. Қажетті бетті белгілеп, жедел апарып, Елбасы қолына тапсырдым. – Маған бұл да ұнайды, – деді Елбасы. – Тек Болгарияның әс­кери-теңіз байрағынан аумай қа­лыпты. Міне... Тұп-тура өзі. Сонда Қазақстанда Болгарияның теңіз әскерлерінің жалауын желбіретіп жүреміз бе? Қисынды сөзге кім қарсы келсін», дейді. Иә, қазір бәрі оңай көрінгенмен, кезінде рәміз­дерді бекіту ісі талай тартысқа ар­қау болғанын осы кітаптағы дүние­лерден аңғаруға болатын шығар. Томдағы тағы бір елеулі ең­бек – афоризмді біраз зерттеп, айту­лылардың кемел сөзін көркем тілімен ұлтына жеткізген Ербол дос та артына біраз ойлы афоризмдер қалдырған екен. Сөзіміз жалаң болмас үшін бірер мысал келтірелік: «Қулыққа қулық – қу ісі, Өнеріңмен озу – дұрысы», «Есер­ге есе жіберме, тұяқ қалмас тігерге», «Иіле білген – ие де біледі, Күйе білген – сүйе де біледі», «Көңіл кірі – тұзақ, достық жыры – ұзақ», «Заңына қарай заманы, айна­ласына қарай адамы», «Тәнің ауырса – дәрі сеп, жаның ауырса – жарың сеп» – осылай жалғасып кете береді. Қазақ әдебиетінің көзі тірі бүгінгі алыбы Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің көңілінен шығу екінің біріне бұйырмаған ғой. Бұл тұр­ғыдан келгенде, Ерболдың жолы болған. Кезінде Әбеағаң оған атақ­ты «Қан мен теріне» алғысөз жаздырып, кітабына берген еді. Сол «Суреткер әлемі» атты өзі жанрын философиялық-эстетикалық эссе деп көрсеткен еңбек соңғы том­ның нүктесін қойған екен. Бұл да бір әдемі шешімдей көрін­ді. Мақаланың соңын Ербол Шай­мерденұлы: «Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының соң­ғы парағын аударып отырып, тағы бір ойға сырға тағуға болады. Ол – сөз басында әңгіме болған жаһандану жағдайындағы әдеби бәсекелестікке қатысты. Қазақ ро­­манының классикалық үлгісі ұлт­тық сөз өнеріміздің қандай ға­ламдық шақыруларға да лайықты жауап бере алатындығын көрсетеді деген көзқарас», деп аяқтаған екен. Ар­тына рухани мұра етіп қалдырған оның алты томы туралы өз ойын өзіне айтудың артықтығы жоқ болар. Ербол Шаймерденұлы алпысқа жетпей кетті деп жатамыз. Бірақ оның артына қалдырған мына мұ­раларын зердеден өткізгенде, мәселе көп жас жасауда емес, істі атқаруда екенін айқын аңғарасың. Алты томдығының беташар сөз­дерін жазғандардың бедел-биігіне қарап отырып-ақ Ерболдың осал емес екенін сезесің. Қазақ жұр­тының кілең мықтылары ол туралы емірене сөйлеп, еңбегін ту етіп көтереді. Адамдығын, білім-білігін таратып айтады. Өмірге іңгәлап келген әр сәби – осылай азамат болып, абырой биігінен көріне алудың өзі үлкен мәртебе дейді. Расында, бұл жағынан келгенде Ербол жолы өміршең деуге толық негіз бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қаламын қолға ұстаған адам – көсемсөз иесі. Ол алдымен – Құдай, адам, заман, елдің алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек», депті. Осы жауапкершілікті Ербол Шаймерденұлы мүлтіксіз орындап шықты. Оған тәубе дерлік мына алты том кітап дәлел де, дәйек те болары хақ. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».