• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

«Егемен Қазақстанның» майдангер-журналистеріне құрмет көрсетілді

352 рет
көрсетілді

АЛМАТЫ. 6 мамыр. «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы қаласында тұратын майдандағы және тылдағы ардагерлеріне редакция тарапынан арнайы құрмет көрсетілді. Марапат алғандардың ішінде белгілі жазушы-журналист Қалмұқан Исабаев, Бисұлтан Аманғалиев және Бостандық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, тыл ардагері Хамит Біржанов бар. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Ел басына күн туғанда қаншама боздақ қаламын қаруға айырбастап, қан майданға аттанды?! Қаншама қыршын жас Отан үшін майдан даласында опат болды, жауын жеңгендері елге аман оралды. Ұлы Отан соғысының тарихында «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің майдангер журналистерінің есімдері де «алтын әріппен» жазылған. Әр жылдар бедеріндегі «Социалистік Қазақстанның» сарғайған беттерінде қолтаңбалары қалған ардақты ардагерлер редакциямен арадағы байланысын ешқашан үзген емес. Еліміздің бас газеті «Егеменнің» бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар, замана үндесулерінен құлағдар болып отырады. Бостандық ауданының әкімдігінде өткен ардагер-журналистерді марапатау рәсімінде басылымның Алматы бөлімшесінің жетекшісі Қорғанбек Аманжол Астанадағы редакция басшылығының атынан құттықтау хат оқып, газет ардагерлеріне гүл шоқтары мен ақшалай сыйақы табыс етті. Қарт қаламгерлерге ұзақ та бақытты ғұмыр тіледі. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары С. Мәнізоров ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтады. Өз кезегінде майдангерлер де бас басылымға сый-құрметі үшін алғыс айтты. Талғат Сүйінбай. Дерек, сурет: egemen.kz.