ОРАЛ. 6 мамыр. Батыс Қазақстан облысының орталығы - Орал қаласының үш жас домбырашысы Чехия астанасы – Прагада өткізілген балалар мен жасөспірімдер арасындағы VII халықаралық фестиваль-байқаудың жеңімпаздары атанды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Байқауға әлемнің бірнеше елінен жас шамалары 5 пен 20-ның арасындағы 300-ден астам балғын музыканттар қатысты. Аталған сында ел намысын қорғаған Орал қаласындағы №11 дарынды балаларға арналған мектептің жанындағы өнер мектебінің оқушысы Малика Ахметова қазақ домбырасымен еуропалықтарды таңырқатты.
Малика екі шығарма орындады. Біріншісі, белгілі Бразилия композиторы Зекиньи де Абреудің «Тисо-тисо» шығармасы болса, екіншісі, қазақ композиторы Ермұрат Үсеновтің «Жалқы жігіт» атты туындысы. Қазылар алқасы халықтық мәнерде орындалған қазақстандық жас өреннің өнерін жоғары бағалап бірінші орын берді.
Еуропа жүрегінде қазақ домбырасының үнімен еуропалықтарды тәнті еткендердің қатарында Орал музыка колледжінің төртінші курс студенті Архат Стамғазы да бар. Оның репертуарында Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі мен Әбілахат Еспаевтің «Бөгелегі» бар. Архат та бірінші орынның тұғырынан табылды.
Халықаралық байқаудың шыңын бағындырған үшінші музыкантымыз – Ержан Құмарғалиев. Ол – облыс орталығынан шалғайда жатқан Қазталов ауданындағы Ақпәтер музыка мектебінің оқушысы.
Осылайша оралдық үш музыкант талғамы биік, шоқтығы жоғары еуропа көрермендеріне қазақтың қара домбырасының құдіретін танытты. Сөйтіп, Прага сахнасында Қазақстанның туы желбіреді. Жарайсыңдар, жас өрендер – Малика, Архат және Ержан!
Темір Құсайын.
Дерек, сурет: egemen.kz.