АСТАНА. 6 мамыр. Бүгін таңертең Астанаға Павлодар, Жамбыл, Қызылорда және Ақтөбе облыстарынан Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен құралған делегация келді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бұдан кейін Алматы қаласынан, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан Ұлы Отан соғысына қатысушылар келеді деп күтілуде.
5 мамыр күні кешкі авиарейспен елордаға келген алғашқы қонақтар Атырау облысының соғыс ардагерлері болатын. Оларды әскери музыканттар және армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері салтанатты түрде қарсы алды.
«Қаншама жылдар өтсе де Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есінде сұрапыл соғыс жылдарының естеліктері мәңгі қалды. Біз Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге келдік. Жастардың жүз мыңдаған адамның қанымен келген жеңісті, бейбітшілікті көзінің қарашығындай сақтап, бағалайтынын көру бір ғанибет», деді Атырау облысы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев.
Әскери парадқа және мерекелік іс-шараларға қатысу үшін еліміздің 14 облысы мен Алматы қаласынан жалпы саны 244 ардагер, сондай-ақ Астанада тұратын 16 Ұлы Отан соғысының ардагері шақырылды.
7 мамыр күні өтетін әскери парадтан кейін ардагерлер салтанатты қарсы алу рәсіміне, «Қазақстан» орталық концерт залы мен «Астана опера» балет театрында өтетін мерекелік концерттерді тамашалайды. Сонымен бірге Отан қорғаушылар монументіне гүл шоқтарын қойып, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, «Бәйтерек» монументі, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені, «Хазірет Сұлтан» мешіті мен басқа да көрікті жерлері аралайды.
Содан кейін Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды, Павлодар, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан алты ардагер Жеңістің 70 жылдығына байланысты мерейтойлық парадқа қатысу үшін Ресейдің Мәскеу қаласына аттанады.
Дастан Кенжалин.
Дерек, сурет: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі.