ҚАРАҒАНДЫ. 6 мамыр. Қарағанды қаласының жұртшылығы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Мәскеуде және Астанада өтетін мерекелік әскери шерулерге қатысатын бір топ соғыс ардагерін шығарып салды. Бұл туралы egemen kz тілшісі хабарлады.
Мұндай құрметке ие болғандар қатарында «Даңқ» орденінің 2-ші және 3-ші дәрежесінің екі мәрте иегері Камали Дүйсембеков ақсақал да бар. 90 жастан асқан қарт Мәскеуде болатын парадқа 70 жылдан соң осымен екінші рет қатысуға бара жатыр.
18-ге толар-толмас шағында өз еркімен майданға аттанып, талай шайқастарда ерлігімен көзге түскен жауынгер 1945 жылғы Жеңіс шеруінде Қызыл алаңда қаруластарымен сап түзеп өткен болатын.
Ол бұл парадқа қатысатын қазақстандық 6 майдангердің ішінде Қарағандыдан шақырылған жалғыз өкіл саналады.
Айқын Несіпбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.