ҚЫЗЫЛОРДА. 6 мамыр. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Корея және Орта Азиядағы фольклор: салыстырмалы талдау» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Конференция жұмысына Кореяның Алматыдағы Бас консулы Сон Чхи Кын, Корея Республикасы Чолланам-до провинциясы білім басқармасының бастығы, профессор Манчай Чанг бастаған делегация, Салыстырмалы фольклористика жөніндегі азиялық қауымдастық президенті Чунг-Анг және Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстанның ғалымдары мен лингвист мамандары, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлары, магистранттар және докторанттар қатысты.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов делегация құрамына университеттің білім беру қызметін таныстырды. Сонымен бірге, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Оңтүстік Кореяның Кангвон, Андон ұлттық университеттері, Кангнам, Кенги, Чун-Анг, Кукмин университеттерімен және Кенги провинциясының білім басқармасымен тығыз әріптестік байланыс орнатқандығын, нәтижесінде аталған жоғары оқу орындарында студенттер алмасу және қос диплом бағдарламаларының жүйелі жүзеге асып келе жатқандығына тоқталды.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Толобек Абдрахманов «Фольклор и размышления об эпосе» тақырыбында баяндама жасап, қырғыз, қазақ әдебиетінің дамуы, ақындардың әдеби байланысы, Орта Азия елдерінің бай фольклор мұрасы турасында өз ойларымен бөлісті. Сонымен бірге, Ханеула Малбита атындағы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Гонгу Ракка «Исследование и разработка традиционных методов крашения по Корейской технологии» тақырыбы бойынша баяндама жасады.
Ержан Байтілес.
Дерек, сурет: egemen.kz.