29 маусым күні ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен телефон арқылы сөйлесті.
Әңгімелесуші тараптар Қырғызстанда 27 маусымда өткен референдумды талқылай отырып, плебисцит айтарлықтай ереже бұзушылықтарсыз, тыныш жағдайда өткені туралы халықаралық бақылаушылар берген бағамен келісті.
Екеуара әңгімеде жақын арада сенім мен төзімділік жағдайын қайта орнату маңыздылығы аталып өтілді. Сол мақсатта Қырғызстан мен Өзбекстанға ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылық жөніндегі Жоғарғы комиссары К.Воллебек сапар жасамақ.
Сонымен қатар, Ұйымның саммитін, 16-17 шілде аралығында Алматыда өтетін ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесін өткізу мен дайындық шаралары қарастырылды.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа және ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалыққа Орталық Азия аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатудағы үлесі үшін алғысын білдіріп, қолдайтындығын жеткізді, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.