• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2015

Қазақстан жолы жарқын болашаққа бастайды

592 рет
көрсетілді

Кеше Астанада «Қазақстан саясаттанушыларының конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі мен ел Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты бірлесіп, саясаттанушылардың халықаралық форумын өткізді. «Қазақстан жолы – болашағы бір ұлт» тақырыбында ұйымдастырылған бұл алқалы жиынға депутаттар, отандық және шетелдік ғалымдар, сарапшылар, саясаттанушылар және әлеуметтанушылар қатысты. Форумды Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев ашып берді. Ал Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов жиынды жүргізіп отырды. Айта кетейік, конгресс барысында Елбасының ұсынған 5 институттық реформасына, сондай-ақ, тарихтың жаңа толқынында ұлт бірлігін нығайта түсуге және жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеуге қатысты мәселелер талқыланды.   Юрий СОЛОЗОБОВ, саясаттанушы, Ре­­­сей Ұлттық стратегия инс­титутының халық­­ара­лық жобалар жөніндегі директоры: – Президент Нұрсұлтан На­зарбаевтың Қазақстанда жүр­гізіп келе жатқан са­лиқалы саясатына лайық­ты бағаны халықтың өзі берді. Үстіміздегі жыл­­­дың 26 сәуірінде өткен президенттік сайлауда Қазақстан халқының дауыс беру белсенділігі ең жоғары деңгейде болды. Нақтылай айтқанда, қазақстандықтардың 98 пайызға жуығы Президенттің саясатын қолдап-қуаттап дауыс берді. Мен сайлауды байқаушы ретінде бұл фактіге куәгер бола аламын. Президент сайлауы барша Қазақстан халқының сенім мандатына айналды. Бұл қазіргі буын ғана емес, сонымен қатар, болашақ ұрпақ арасында да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған бағыт, алға қойған ауқымды міндет кеңінен қолдауға ие болғанын айқындайды. Біз Қазақстанда өте маңызды, мақсатты, өміршең саяси және экономикалық реформалар іске асып жатқандығын көріп жүрміз. Қазақстанның жетістіктері Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жарқын көрінісі екенін білеміз. Сондықтан да халық ол кісіні әрдайым қолдап келеді. Қысқарта айтқанда, Қазақстан Президенті өз елін дамытып, алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосу мақсатында тың бастамаларды, ауқымды міндеттерді күн тәртібіне шығарып отыр. Ал мұның барлығы өз кезегінде жемісін бермей қоймайды. Хуман САДРИ, АҚШ-тың Ақпарат және сая­си талдау орталығының прези­денті: – Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан көрінуіне мүмкіндіктер көп. Менің ойымша, қай мемлекет болса да оның қуатын арттыру үшін бірнеше фактор қажет. Солардың арасындағы ең маңыздысы – экономикалық ресурстар. Ал мұндай ресурс Қазақстанда жеткі­лікті. Бұған қоса, сіздердің елдеріңізде адами ресурстар да бар. Қазақстан жастары білімді. Барша әлемде қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілер кеңінен танылып келе жатыр. Бұл Қазақстан Президентінің осы бағыттағы жұмыстарының жарқын көрінісі. Мұны мен Қазақстанның өзгелерден артықшылығы деп білемін. Тағы бір ерекше айтып өтер жайт, Қазақстан – Орталық Азия елдері арасында мүмкіндігі жоғары, жетекші орындағы мемлекет. Елдегі тұрақтылық, орнықты даму Қазақстанды Орталық Азиядағы ғана емес, дүниежүзіндегі беделін өсіре түседі. Бұл орайда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін айтпай өту орынсыз болар. Мемлекет басшысының уақыт талабына сай тамаша шешімдер қабылдауы кісі қызықтырады. Әсіресе, соңғы кезде күн тәртібіне шығарылған мемлекеттік бағдарламалардың, талайлар тамсана айтып жүрген бес институттық реформаның қолға алынуы Қазақстанды биік белестерге жетелейді. Арун МОХАНТИ, Дж.Неру атындағы уни­­­­вер­ситеттің Ресей және Орталық Азияны зерттеу орталығының төрағасы (Үндістан): – Қазақстан алдағы 30 жылда әлемнің дамыған 30 ірі мемлекетінің бірі болуға ниет білдіріп отыр. Меніңше, бұл межеге жетуге елде алғышарттар ір­гесі қаланып, нақты жос­парлар түзіліп қойған. Сол жоспарлардың бір бөлігі ретінде тұрмысы орта санаттағы адамдардың қатарын көбейту міндетін айтар едім. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сайлауалды науқаны кезінде халыққа түсінікті етіп айтып берген болатын. Қоғамда орта санаттағы азаматтардың көп болуы елдегі тұрақтылыққа кепіл болатын факторлардың бірі екені анық. Мәселен, Еуропа елдерінде тұрақтылық факторы – орта санаттағылар. Бұл топтағылар еуропалық және өзге де дамыған елдерде халықтың шамамен 60-70 пайызын құрайды. Президент осыны жақсы біліп отыр. Сондықтан да ол кісі бұл мәселеге баса назар аударуда. Жалпы, алдағы 10-15 жылда Қазақстанда халықтың шамамен 70 пайызы орта санаттағылар болатынына сенемін. Президент әлеуметтік инфрақұрылымды заман талабына сай құру керектігіне қатты көңіл аударып отыр. Дәлірегі, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамытуға қомақты қаржы салынып, тиісті жұмыстар атқарылмақ. Осы сәтті пайдалана отырып айта кетейін, Қазақстан – инвестиция тарту ісінде тәжірибесі мол мемлекет. Бұл туралы көп айтуға болады. Қазақстан Президенті инвесторлар үшін елде жағымды ахуал қалыптастыруға көп жұмыс істеді. Енді соның игілігін халық көруде. Айта кетейін, «Жібек жолы» жобасы аясында Қазақстанға құйылатын инвестициялар алдағы 10-15 жылда 250 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Тиберио ГРАЦИАНИ, Жоғары геосаяси зерттеулер және аралас ғылымдар инс­­­­титутының президенті (Италия):  – Қазақстанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар Орталық Азияға үлгі бола алады деп есептеймін. Сондай-ақ, ел дамуының кепілі ретінде қарастырылып отырған бастамалардан Қазақстанның әлемдегі өзіндік рөлін айқын көруге болады. Қазіргі таңда Қазақстан мемлекеті ғаламдық экономикалық дағдарысқа қарсы күресуде нәтижелі жұмыстар атқарып, оң­тайлы шешімдер қабылдауда. Дағдарысты еңсеруде сіз­дер­­дің мемлекеттеріңіздің тәжірибесі өте көп. Сондықтан да Қазақ­стан бұл мәселеде соншалықты қинала қоймайды. Негі­зі­нен, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуын әлемдік дағ­дарысты еңсерудің ұтымды шарасы деп қарастыруға болады. Бұған қоса, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күн тәртібіне дер кезінде шығарған бес институттық реформасы Қазақстанның әлеуетін күшейтіп, ел дамуының бұған дейін қалыптасқан алғышарттарын одан әрі  жетілдіре түседі. Ал қазақстандықтардың өз Президенттерінің бастамаларына бірауыздан қолдау білдіруі аталмыш реформаның өз деңгейінде жүзеге асатынын аңғартады.   Малек МАРТИН, Австрия Ұлттық қорғаныс академиясының аға ғылыми қызметкері: – Президент Нұрсұлтан Назар­­баевтың сарабдал саясаты Қазақ­станды тұрақтылықпен қамтамасыз етіп отыр. Мұны қазір әлем мойындайды. Қазіргі таңда әлемде «ыстық нүктелер» көп. Ал Қазақстан өзінің тыныштығымен, ынтымағымен үлгі көрсетуде. Еңсесі биік, мәртебесі жоғары деп есептелініп жүрген елдер­дің өзі дағдарыс қыспағынан шыға алмай, халқы қиналып отырған осы шақта Қазақстанның жаһандағы озық 30 елдің сапы­нан көрінуге талпынуы кімді де болса қызықтырмай қоймай­ды. Бұдан мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жемісті саясатын көремін. Баршамыздың есімізде болар, Кеңес Одағы тарап, Қазақ­стан тәуелсіздігін алған кезде бұл елдің болашағына күмәнмен қарап, орынсыз пікірлер айтқандар көптеп кездесті. Бірақ, олардың бұл ұшқары ойлары теріске шықты. Мемлекет бас­шысының өлшеусіз еңбегі арқасында елдеріңіз санаулы жылдар ішінде адам танымастай өзгерді. Басқасын былай қойғанда, Астананың қазіргі келбетіне қарап көз тоймайды. Әсіресе, қазақ­стандықтардың ауызбіршілікте ғұмыр кешуі көңіл тоғайтады.   Данияр ӘШІМБАЕВ, сарапшы-саясаттанушы: – Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің елімізді жаңа белестерге жетелейтін басты бағыттардың бірі. Мемлекетімізде жарқын болашаққа бет түзеу үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының өзіндік рөлі зор екенін айтқым келеді. Мемлекет басшысының саяси шешімдері  қашанда әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталып келеді. Осы арада айта кетейін, Президент бірқатар аспектілерді атап, болашақ үшін өте қызықты бағыттарды нақтылап берді. Бұл өз кезегінде еліміздің орнықты дамуына жол ашады деп ойлаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасы ел үшін маңызды. Оны жүзеге асыруға бүкіл қазақстандықтар атсалысуы қажет. Өйткені, ол біздің болашағымызға тікелей қатысты.   Эдуард ПОЛЕТАЕВ, саясаттанушы, «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының басшысы: – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасы дер кезінде жарияланды деп есептеймін. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі саяси ахуал қиын жағдайда тұр. Бұл тұрғыда көптеген мысалдар келтіруге болады. Жаһандық экономикалық дағдарыстың ауыртпалығы талай мемлекетке оңай тимей отыр. Осындай кезеңде Қазақстан өз алдына жаңа міндеттер, тың жоспарлар түзуі қажет болды. Елбасы бұл мәселеде өте сәтті қадам жасады. Енді мемлекеттің бұдан әрі қарай орнықты дамуын сақтау үшін халықтың ынтымақты болғаны маңызды. Жазып алған Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.