АҚТӨБЕ. 22 маусым. Ақтөбе қаласындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында «Жас түлек-2015» атты мектеп бітірушілердің салтанатты кеші өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов түлектерге құттықтау сөз арнады.
«Еліміздің ертеңі – жастар. Тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, көк байрағының биік болуы сіздерге байланысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әркез жастарға қолдау көрсетіп, үлкен сенім артып келеді. Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да «Нұрлы жол – біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы» деп жастарға зор сенім артты. Биыл Қазақ хандығына 550, Ұлы Жеңіске 70, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы ассаблеясына 20 жыл толған ерекше дата. Сондықтан сіздер тәуелсіз Қазақстанның, Мәңгілік елдің азаматы ретінде алдағы уақытта Отанымыз үшін адал қызмет етеді деп сенемін», – деді Архимед Бегежанұлы.
Өңір басшысы облыста білім саласында жасалып жатқан игі істер мен қол жеткен жетістіктер жайында әңгімеледі. Оқушыларға сапалы білім беру үшін аз ғана уақыт ішінде заман талабына сай 37 жаңа мектеп салынғанын, оқу жылы басында 5 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, қазір тағы 13 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатқанын тілге тиек етті.
Мектептердің материалдық-техникалық базасы да нығайып келе жатқанын, жаңа модификациялы физика, химия, биология бөлмелерімен жабдықталып, бірқатар білім беру ұйымы «e-learning» электронды оқыту жүйесіне қосылғанын да назарға алды.
Білім сапасының басты бағамы – ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында облыстың орташа көрсеткіші 82,68 баллды құрады. Облыс республика бойынша төртінші орынға табан тіреді. Білім сапасы жоғары үш ауданды ерекше атау орынды. Олар: Хромтау (95 балл), Алға (89 балл), Ойыл (86,8 балл) аудандары. Ауыл мектептерінің арасында Хромтау ауданындағы Бөгетсай гимназиясы алдыңғы қатарда тұр: орташа көрсеткіш – 112,3 балл. Сонымен қатар, Мұғалжар, Шалқар, Ырғыз, Әйтеке би аудандарының да динамикасы жоғары.
Облыс бойынша 156 түлек – «Алтын белгі» иегері атанып, 66 түлек үздік аттестат алды. Сондай-ақ, 70 түлек халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанды.
Бұдан соң облыс әкімі ҰБТ-да ең жоғары – 124 балл жинаған үш түлекке – Рахила Тулина, Назкен Үмбетова, Айдана Тәңірбергендерге бағалы сыйлықтар табыс етті. Рахила Тулина мен Назкен Үмбетова «Алтын белгі» иегерлері атанды. Одан бөлек, Архимед Мұхамбетов «Алтын белгі» иегері атанған түлектің әрқайсысына аттестат пен планшет берді.
Жиын барысында облыстық қазақ-түрік лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Ислам Мұхаммедрахым түлектер атынан облыс әкіміне, ата-аналар мен ұстаздарға алғысын білдірді. Бұдан кейін «Алтын белгі» иегерлері облыс әкімімен естелік суретке түсті.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.