Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты еліміздегі әскери ұшқыштар және ұшақтар мен тікұшақтарға техникалық қызмет көрсететін мамандар даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны болып табылады. Бұл әскери жоғары оқу орнын қарапайым халықтың қырандар қанаттанатын ұя деп атауы да сондықтан. Біз осы институттың бастығы, полковник Марат Ботинге жолығып, әңгімелескен едік.
– Марат Торғайұлы, өзіңіз басқаратын жоғары оқу орнының өткені мен бүгінін сабақтастыра әңгімелесеңіз.
– Дана халқымыз «Өткенсіз бүгін жоқ» деп бекер айтпаған ғой. Біздің жоғары оқу орнының отыз жылдан астам өткен жолы, өзіндік тарихы бар. О баста, сонау 1974 жылы Ақтөбе жоғары азаматтық авиациялық ұшқыштар училищесі болып құрылған. Оның қабырғасынан мыңдаған азаматтық авиация ұшқыштары даярланып шығып, сол кездегі КСРО-ның түкпір-түкпірінде еңбек еткені белгілі. Ал 1994 жылы осы училище базасында әскери-әуе күштері факультеті ашылды. Екі жыл өткеннен кейін екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Ақтөбе жоғары әскери авиациялық училищесі болып қайта құрылды, 2003 жылдан бастап Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты болды.
Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған мақсаттарына сәйкес армия кәсіби, осы заманғы озық техникалармен және қару-жарақтармен жарақтандырылған, еліміздің әскери және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кез келген міндеттерді орындауға қабілетті болуы тиіс. Қазіргі таңдағы Қарулы Күштердегі заманауи ұшақтар мен тікұшақтардың құрылымының күрделілігі авиация мамандарынан жоғары ұшу техникасын, терең инженерлік білімді, әуе шабуылдары мен бомбалауды сауатты жүргізуді, ұшу аппараттарының барлық тетіктерін сауатты пайдалануды талап етеді. Институт қабырғасында курсанттарды осыған үйретеді, шеберліктерін шыңдайды. Біздің институттың негізгі міндеттері – еліміздің Қарулы Күштері әуе қорғанысы саласына білікті офицер кадрларын даярлау, олардың әскери теорияны, қоғамдық ғылымдарды игеруіне, қару-жарақ, авиациялық әскери техниканың мәселелерін жетік білуіне жағдай жасау, оқу-тәрбиелік үрдісті жетілдіру, ғылыми-зерттемелер жүргізу, оқу, материалдық және әлеуметтік-тұрмыстық базаны дамыту мен жетілдіру болып табылады.
– Институт қандай мамандықтар бойынша мамандар даярлайды? Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы, профессорлық-оқытушылар құрамы оған мүмкіндік бере ме?
– Орынды сұрақ. Бүгінгі күні жоғары оқу орны тоғыз мамандық бойынша тек Қорғаныс министрі әуе қарулы күштері үшін ғана емес, ҚР ІІМ және ҚР ҰҚК Шекара қызметі авиациясына кадрлар даярлайды. Институттан курсанттар командалық-тактикалық майдандық, армиялық, әскери-көліктік, штурмандық тактикалық авиация, командалық тактикалық авиацияны жауынгерлік басқару, авиациялық қару-жарақ, авиациялық радиоэлектронды жабдықтар, авиациялық жабдықтар, ұшақтарды, тікұшақтарды, көлік ұшақтарын пайдалану бойынша мамандықтар алып шығады. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының және Қорғаныс министрінің тұрақты қолдауы нәтижесінде әскери институттың материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығая түсуде. Бүгінгі таңда бізде оқу-зертханалық корпустарымыз, жаттығу және мәдени демалу орталықтары, асхана, жатақхана және медициналық пункт, сондай-ақ, оқу аэродромы, біріккен қондыру аэродромы бар. Екінші, үшінші және төртінші курстарда ұшу факультетінің курсанттарын ұшуға дайындау Ақтөбе аэродромында «Л-39» ұшағында, ал, Хлебодар аэродромында «Ми-8МТ» тікұшағында жүргізіледі. Соңғы курстың курсанттарына жоспарланған ұшулар 80 сағатты құрайды. Олар Балқаш, Қарағанды, Астана және Алматы қалаларында әскери тағылымдамадан өтеді. Әуе қорғанысы Қарулы Күштерінің әскери институты қабырғасынан осы кезге дейін 1700-ден астам түлек түлеп ұшты. Институт 2007 жылдан бастап елімізге ғана емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдерге де мамандар даярлауда.
Қазір жоғары оқу орнында 500-ден астам курсант оқиды. Оларға бір ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты және 30-дан астам академиялық білімі бар ұстаздар мен магистрлер сабақ береді. Курсанттарды теориялық оқыту 12 кафедрада жүзеге асырылады. Есептеу орталығы, оқу шеберханалары, авиация техникаларының оқу мұражайы, баспахана, ғылыми-зерттеу бөлімі курсанттарға қызмет етеді. Сондай-ақ, біздің әскери жоғары оқу орнында курсанттардың ұшу оқуларын қамтамасыз ететін авиациялық және тікұшақ эскадрильясы, авиация техникасын ұшуға дайындайтын инженерлік-техникалық қызмет жұмыс істейді. Жалпы, біздің түлектеріміз Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің қатарында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің авициялық бөлімдерінде, Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің бөлімшелерінде абыройлы қызмет етуде. Біздің түлектеріміздің арасында елімізге белгілі адамдар көптеп саналады. Басқасын айтпай-ақ, Халық Қаһарманы, Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы Талғат Мұсабаевты айтсақ та жеткілікті болар.
– Астанада өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеруге сіздің институт атсалысады екен деп естідік. Сол жайында бірер сөз айта кетсеңіз.
– Иә, Астанада өтетін әскери шеруге біздің институттың 200-ден астам курсанттары мен офицерлері қатысады. Шеруге қатысатындар қатаң іріктеуден өтті. Онда көп жағдайлар есепке алынды. Курсанттың тәртібінен бастап оқуына дейін назарға алынды. Бір айдай дайындық жасадық. Олар Ұлы Жеңіс мерекесінің салтанатының сәнін келтіреді, саптан әдемі өтеді деген сенім мол. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, жалпы, қазақстандықтарды және институт ұжымын Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймын. Бейбіт өмір, зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін.
Әңгімелескен Сатыбалды Сәуірбай, «Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.