• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2015

Денсаулықтарын да қарайды, дастарқандарын да жаяды

312 рет
көрсетілді

Алматыдағы қызметі ерекше емдеу мекемесінің бірі – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің емханасы «Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны». Аты айтып тұрғандай, емхана соғыс арда­герлеріне және оларға теңес­тірілген тұлғаларға, сонымен қатар аумақтық тіркелген тұрғындарға медициналық көмек көрсететін қалалық кеңестік-диагностикалық орталық.

Биыл аталмыш емдеу орталығы ақ самайлы ардагерлердің денсау­лықтарын қадағалауға қатысты кешенді іс-шаралар жүргізуде.

Қазіргі таңда бұл емхананы медицина ғылымдарының докторы Қалдыбай Мадибрайымов басқарады. Айтқандай, ол кісі геронтология саласындағы нау­қастардың денсаулығын тексеру мен емдеудің заманауи технологияларының бастамашысы екенін де айта кетуге болады. Осыған орай, емхана геронтологтары қаладағы басқа емханалардың геронтологтарымен бірлесе отырып, жыл басынан бері ауқымды акцияларды жүзеге асыруда. Ашық есік күндерін өткізіп, емханаға тіркелген жандарға жан-жақты көмек көрсетіп отыр.

Аталмыш емхананың онсыз да атқаратын жұмысы ардагерлерді емдеу екені аян. Дегенмен, бұл емханада ерекше ахуал орналасқан. Аурухана дәрігерлері әрбір ардагерге ерекше құрметпен қарайды, есімдерін жатқа біледі, ата-аналары қарағандай құрмет көрсетіп отырады. Үйлеріне ұдайы хабарласып, телефонмен болса да хал-жағдайларын сұрап, қажет болған жағдайда өз отбасыларында дәрігерлік көмек көрсетеді.

Ал емхана биыл «Отан қорғау­шы күні» мен Жеңіс күніне арнап жыл басынан бері жұмыс істеп келеді. Мәселен, ақпан айында емхана геронтологтары Әуезов ауданында тұратын, бірақ өз бетінше жүріп-тұра алмайтын ардагерлердің үйлерін аралап, қажетті дәрі-дәрмектері бар қобдишалармен жабдықтаған болатын.

Сол сияқты Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің емханасының базасында дөңгелек үстелдер өткізіліп, геронтологтар жасы ұлғайған пациенттердің денсаулығын сақтаудағы маңызды мәселелерге қатысты баяндамалар жасап, соғыс ардагерлеріне сый-құрметтерін де көрсетіп отыру әдемі үрдіске айналған.

Емханада Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға, сонымен қатар аумақтық тіркелген тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлер бригадасы құрылған. Құрамында терапевт, стоматолог, невропатолог, хирург, жалпыклиникалық анализдер мен ЭКГ жасайтын дәрігерлері бар бригада күн сайын ардагерлерін іздеп, жолға шығады.

Оған қоса, күндізгі стацио­нар­ларда да ардагерлерге көмек көр­сетіліп отырады. Ақ самайлы жан­дар кезегіне, денсаулығына қарай «Ардагер», «Аққайың», «Ал­­маты», «Қарғалы» санаторий­ле­рінде емделеді.

Қысқасы, аталмыш емханада ай сайын арнайы ауқымды шаралар, күн сайын емдеу жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, тек наурыз айында 79 адамға 770 мың теңгеге тегін стоматологиялық қызмет көрсетілген.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.