• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2015

Ақжайықтың денсаулық сақшылары соңғы орында ма?

312 рет
көрсетілді

Таяуда денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығы саладағы өткен жылдың қорытындыларына мониторингтік зерттеулер жүргізіп, әр облыстағы істің жай-күйіне рейтингтік бағалар берді. Мұнда Орал өңірі ең соңғы 16-шы орыннан бір-ақ шығыпты. «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облы­сындағы меншікті тілшісі Темір Құсайын Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Хамидолла ИРМЕНОВКЕ: – Сіз бұған не дейсіз? – Бірден айтарым, жоғарыдағы рейтингтік баға шындыққа сәй­кес келмейді. Бұл жөнінде біз атал­ған орталыққа арнайы хат жолда­дық. Қазір оның жауабын күтіп отырмыз. Нақты дәлелмен және дәйекпен айтылмаса қандай жақсы іске де көлеңке түспей қоймайды. Әрине ақталғанымыз емес, нақты деректерге сүйенсек, облыстағы денсаулық сақтау ісінің өткен 2014 жылғы басты нәтижелері төмендегідей. Өңірде Денсаулық сақтау министрі алға қойған барлық мін­деттер мен іс-шаралар кеше­ні ойдағыдай орындалды. Осы аралықта 69,5 деп күтілген тұр­ғындардың орташа ғұмыр жасы 70,2-ні көрсетіп тұр. Сон­дай-ақ, әр 1000 адамға шаққандағы жалпы өлім-жітім деңгейі мен сәбилердің шетінеуінің төмендеу мөлшері күтілген көрсеткіштен асып түсті. Сонымен бірге, әрбір 100 мың тұрғынға есептегендегі онкологиялық аурулардан болатын өлім де алдын ала болжаған деңгейден әлдеқайда аз болды. Осындай түйінді туберкулезден болатын қайтыс болу көріністеріне де қатысты айта аламыз. Ұлттық экономика министрлігі Статистика жөніндегі комитетінің деректеріне сүйенсек, билығы 2015 жылдың 1 қаңтарында алдыңғы 2013 жылмен салыстырғанда Батыс Қазақстан облысында тұрғындардың өмір­ден өту көрсеткіштері әжептәуір төмен­деген. Және 1000 адамға шақ­қанда осы аралықта сәбилер­дің өмірге келу коэффициенті бір­шама көтерілген. Ең соңғы орын емес, керісін­ше облыстағы көрсеткіштер жо­ғарыда айтылғандай көптеген индикаторлар бойынша алдыңғы орынға лайықты екенін көрсетеді. Бұған қосарым, оралдық отоларингологтер мен кардиохирургтер және травматологтер бұдан басқа да көптеген мамандар республика бойынша ең үздік деп танылып отыр. Бұл ой-пікірімізге Орал өңіріне оларды арнайы іздеп өзге облыстардан және таяу шетелдерден жанына шипа іздегендердің толассыз келіп жатқаны айқын айғақ. Біз медициналық қызмет көрсетудің ең жоғарғы деңгейіне қол жеткізу үшін күн сайын жан-жақты жұмыстар жүргізіп келеміз. Соның лайықты түрде бағаланғанын қалаймыз. Батыс Қазақстан облысы.