Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчуктің хабарлауынша, жыл басынан бері бейнебақылау арқылы 4383 әкімшілік құқық бұзушылық пен 40 қылмыстың беті ашылған. Соның арқасында ұрлық, тонау, бұзақылық, өзгенің көлігін мініп кету секілді басқа да келеңсіз жағдайларды дер кезінде алдын алуға мүмкіндік туды.
Мәселен, жуырда облыс орталығындағы дүкендердің бірінде қала тұрғынының 60 мың теңге ақшасы мен әшекейлік алқасы қолды болған еді. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған 22 жастағы екі азаматты тұтқындады.
Құрықталғандардың үстінен ҚР ҚК 191-бабының 2 бөлімімен (тонау) қылмыстық іс қозғалды. Олар уақытша оқшаулау изоляторына тоғытылды.
Қазіргі күні Көкшетау қаласының көше қиылыстарында, тұрғын үй аулаларында, қоғамдық орындарда 103 бейнебақылау камерасы қойылып, оның оң нәтиже беріп отырғанын айта кеткіміз келеді.
Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.