• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2010

ТАРИХЫМЫЗ ӨТКЕН ӨМІР БЕДЕРІНДЕ

640 рет
көрсетілді

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Ел мен Елбасы тари­хына қатысты көрмелер саны ар­тып келеді. Сондай көрмелердің бірі кеше ҚР Тұңғыш Президенті­нің мұражайында болып өтті. Аталмыш мұражай мен “Нұр Отан” ХДП бірлесе ұйымдастырған “На­зарбаев және Қазақстан” атты көрме прези­денттік институттың 20 жылдығына орайластырылды. Көрменің атауының өзі оның си­па­тын ашып көрсетеді. Өйткені, мұнда қойылған фотосуреттер Ел­ба­сының тұлға ретінде қалып­тасуы мен еліміздің тәуелсіз ел ретінде құры­луының тарихы бедерленген. Ел тәуелсіздігінің оңай келмеген­дігін ескерсек, мұндағы көріністер сол қиын­дықты кезеңдерден сыр шерте­ді. Негізінен көрмеге қойыл­ған фото­суреттер бірінші рет көп­ші­лік назары­на ұсынылып отыр. Сондай-ақ, мұнда кітапхана қоры да жинақталып, әрбір кіта­п бір дана­дан сақталады. Әйтсе де бұл кітап­тар қалың оқырман мен зерттеуші ғалым­дарға әлі ұсыныла қойған жоқ. Оның да өзіндік себебі бар. Көр­менің тағы бір ерекшелігі, оның тари­хи орын болып табы­латын Күм­безді залда өткізілуі. Бұл залда 1998 жылы Елбасы Ақмоланы Аста­на деп өзгертуді жариялағаны белгі­лі. Бұдан басқа 2004 жылға дейін мұнда көптеген іс-шаралар өткізілді де. ҚР Тұңғыш Президенті мұра­жайы ди­ректорының орын­ба­сары Күләйша Ақтаеваның сөзі­не қара­ғанда, Прези­денттің жеке мұра­ға­тынан, достары мен әріптес­терінің же­ке қорларынан 280-ге жуық фото­­сурет алынып, көпші­лік­ке ал­ғаш рет ұсынылуда. Бұған қоса көр­меде әлемнің 30-ға тар­та шет тіліне аударылған Н.Назар­­­баевтың кітап­тары да көпшілік назарына қойылған. Әр түрлі атаулармен берілген жәдігерлер Елбасының әр жылдар­дағы есею жолдары мен қалыптасу кезеңдерінен сыр шертеді. Мыса­лы, 1961 жылы Теміртау қала­сында өткен бір сенбіліктегі көріністі бей­не­лейтін фотосуретте Н.Назар­баев терезе ал­дын­да әріптесімен сөйлесіп тұрған сәті бейнеленген. Бұл жас отбасы­лар­ға баспана тұр­ғызуға арналған сенбі­лік екен. Мұра­жай қызметкерлері Прези­дент­­тің қасын­дағы досының есімі әлі де белгісіз қалып отырған­ды­ғын айта­ды. Мамыр мерекесіндегі, Бүкіл­әлем­дік жастар мен студент­тер­дің фестивалі­не қатысу үшін Хель­син­кийге аттану алдындағы вокзал­дағы суреттер қызықты да қызғылық­ты. Со­ны­мен қатар мұнда Алматыда, Темір­тауда, Қарағанды­да, тіпті Дне­про­дзер­жинскі­де түскен Елбасы­ның фото­лары бар. Оларды мұражай қыз­­мет­керлері іздестіріп, өңі кете бас­та­ған­дарын қалпына келтірген. Әсіре­се, 1950-60 жылдарғы фотолар саны аз немесе аз сақталған, ал 1980 жыл­дар­дағы фотолардың саны көп бол­ғаны­­мен, сапасы нашарлау көрінеді. Үлкен еңбек жолдары деген бө­лім­­де Нұрсұлтан Әбішұлының 1980 жылдардағы зауыт, фабрика жұмыс­шыларымен кездесулері бедерленсе, Өмір мектебі бөлігінде Д.А.Қонаев­­пен бірге түскен сурет­тері кездеседі. 1984 жылы Үкімет басшысы болған кезі, 1985-1990 жыл­дар аралығын­дағы М.С.Гор­бачев­пен түскен сәт­тер де осында көрініс тапқан. Ал Өз­геріс­тер кезеңі деген бөлігінде Н.Назарбаев­тың Мәскеудің Қызыл алаңында бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдеріне сұхбат беріп тұрған сәті өзіне назар аудартады. Бұдан басқа Елбасының парашют­пен секір­­ген кезі, немерелерінің қасын­дағы сәті сияқты отбасылық жеке сурет­тері де қойылыпты. Сонымен қатар Қазақ­станның әлемдік саяси арена­да таныла бастаған кезеңдерін­дегі Елбасының әлемнің белді де бедел­ді саясаткерлерімен кездесу­лері, БҰҰ міңберінен сөйлеп тұрған кезі тарих қойнына тарта түседі. Міне, осындай көркем де тари­хи маңызы орасан зор дүниелерді өз көзімен көру үшін жиналған қауым­­ның қатары да мол болды. Олар­дың арасынан көптеген депу­таттарды көзіміз шалды. Жинал­ғандар алдын­да сөз алған Тұңғыш Президент мұражайының дирек­торы Алма Сағынғали көрме арқы­лы Н.Назар­баевтың Ұлы тұлға, алғыр саясаткер болып қалып­тасуын көрсетуге ты­рыс­­қандық­тарын ерекше атап өтті. Ал “Нұр Отан” ХДП Орталық ап­параты басшысының орынбасары Мұхтар Ерман бірлесіп жасалған жобаның өте сәтті шыққандығын ерекше атап өтті. Ендігі мәселе, осы жоба­ны мультимедия арқылы елі­міз­дің жоғары оқу орындарына, тіп­ті шет елдерге де көрсету. Көр­мені Астана қаласының тұрғындары ғана емес, бүкіл ел болып тамаша­лауға тиіс, деді Мұхтар Тілдабекұлы атал­ған шараның маңызын аша түсіп. Осылайша Күмбезді залда орын алған көрме Қазақстан Республика­сы Тұңғыш Президенті Н.Назар­баев­­тың тәуелсіз демократиялық мем­лекетті құрудағы тарихи рөлін ашып көрсетуге арналған. Фото­көр­менің басты құндылығы – оның маз­мұны­ның ауқымдылығы мен көр­некілі­гінде. Аталған шара жаз­дың соңына дейін жалғасын тауып, көпшілік назарына ұсыны­латын болады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.