Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің
ҮНДЕУІ
Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелері, болашаққа деген жауапкершілігімізді сезіне отырып, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жақтастары әрі Отанымыздың патриоттары ретінде халыққа үндеу жолдаймыз. Қазақстан халқы Ассамблеясына Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы бастама көтеріп, еліміздің барлық өңірлерінен көптеген азаматтар хабарласуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы маңызды мәселе бойынша ұстанымын білдіруді өзінің азаматтық борышы деп санайды. Әлемдік экономикалық дағдарыс пен күрделі халықаралық жағдай орын алып отырған тұста сайлау өткізу туралы жалпыхалықтық бастаманың көтерілуі уақыт талабы болып табылады. Жаһандық сын-қатерлер кезеңінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандаты берілуі қажет. Әлемде тұрақсыздық орын алған жаңа әрі күрделі кезеңде еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақстанды жаңғырту және дүние жүзінің озық 30 елінің қатарына енуі үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа сенім білдіру қажет. Сонымен қатар, Елбасына сенім мандатын білдіру арқылы әлемдік дамудың жаңа кезеңінде халқымызды біріктіріп, мемлекетті дамытудағы маңызды мәселелерге ден қоюға мүмкіндік аламыз. Бүгінде «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасын және «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді Стратегиясын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді біріктіру керек. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат төңірегінде топтасу арқылы еліміздің одан әрі қарқынды дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз. Сондықтан осы күрделі заманда біз барша қазақстандықтарды Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төңірегінде топтасуға шақырамыз. Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу арқылы экономика өсімін нығайту, жүргізіліп отырған саясаттың сабақтастығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл бастамаға шын мәнінде басқа балама жоқ. Сонымен бірге, ендігі 2016 жылы президенттік және парламенттік сайлаулар бір мезгілге сәйкес келеді. Конституция нормаларын бұлжытпай орындау мақсатында екі сайлауды әртүрлі кезеңдерде өткізген жөн. Қазақстан халқы Ассамблеясы Отанымыздың орнықты дамуы мен ілгерілеуіне бағытталған бастамаларды қашанда қолдап келді және болашақта да солай бола бермек. Осы жалпыхалықтық бастаманы көтере отырып, қазақстандықтар тарапынан да, халықаралық қоғамдастық тарапынан да қолдауға ие боламыз деген сенімдеміз, өйткені, біз халқымыз бен еліміздің биік мүддесін көздеп отырмыз. Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Қазақстан жылдан-жылға гүлденіп, әлемнің белді әрі беделді мемлекетіне айнала берсін! Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттар тобына Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтерсін деп үндеу жолдаймыз. Қазақстандықтар әлемнің экономикасы ең озық отыз елдің қатарына енуге мүмкіндік беретін «Қазақстан-2050» Стратегиясын жалғастыруды қалайды! Қазақстандықтар «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасын қолдайды! Қазақстандықтар ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуды, одан әрі дамуды қалайды! Біз барша Қазақстан халқын, саяси партияларды, азаматтық секторды және еліміздің патриоттарын Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастаманы қолдауға шақырамыз! Астана, 2015 жылғы 14 ақпанДамудың дара мүмкіндігі
14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастама көтерді. «Нұр Отан» партиясы елдегі жетекші саяси күш ретінде аталған бастаманы толықтай қолдайтынын білдірді. Бүгінде әлемде қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны таралып, күрделі геосаяси қысымның салдарынан жағдай шиеленісе түсуде, делінген «Нұр Отан» партиясының мәлімдемесінде. Дәл осы кезеңде тіпті әлемнің ең дамыған елдерінің өзінде де ксенофобия, діни төзімсіздік өршіп, радикалдық қозғалыстар күш алуға айналды. Елбасы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінде атап айтқандай, «Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен ойдағыдай өте алмайды. Бұдан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады». Қазақстан жаһандық дүниенің бір бөлшегі болғандықтан, сыртқы теріс ықпалдардан тыс қала алмайды. Сондықтан, Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» бағдарламасын ұсынды, экономика өсімін қамтамасыз етудің барлық шаралары қабылданды. «Нұрлы Жол» бағдарламасы – бұл тек нақты, жете есептелген іс-қимыл жоспары ғана емес, бұл – келешектің инфрақұрылымына салынған аса ауқымды инвестиция, бұл – жұмыс орындары, қарапайым қазақстандықтардың жайлы тұрмысын сақтап қалу, олардың кемел келешекке деген сенімі, делінген партияның мәлімдемесінде. Бүгінгі таңда Бірлік пен Келісімді, Тұрақтылықты нығайтудың, қоғам мен мемлекеттің, еліміздің барша азаматтарының күш-жігерін жұмылдырудың маңызы орасан. Осыған байланысты, Қазақстан халқы Ассамблеясын қолдай отыра, «Нұр Отан» кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасын халық мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім деп санайды. Мұндай қадамның қазірдің өзінде-ақ Парламентті, Үкіметті, орталық және жергілікті басқару органдарын тастүйін жұмылдырып, халықтың өміршең энергиясын басты мақсат – Отанымыз Қазақстан Республикасының гүлденуі мен өркендеуіне бағыттауға жол ашады. Біздің халқымыз ел тарихының ең бір шешуші сәттерінде болашақ ұрпақ қамы үшін даналық таныта отырып, өз Лидерінің төңірегіне топтасу мен бірігудің аса биік деңгейін көрсетті, делінген мәлімдемеде. «Нұр Отан» партиясы өзінің мәлімдемесінің қорытындысында барша ел азаматтарын, барлық саяси партиялар мен қоғамдық күштерді кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасын қолдауға шақырды. Бұл біздің ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен Мәңгілік Ел идеясының жүзеге асырылуын қамтамасыз ете отырып, бұдан да қуатты, бұдан да тастүйін бола түсуіміздің тарихи мүмкіндігі, деп есептейді нұротандықтар.Бұл жолы да жұмылған жұдырық болайық
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі ұсынысқа байланысты мәлімдеме жариялады. Онда былай делінген: 14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясы 2015 жылы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөнінде ұсыныс жасады. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі бұл ұсынысты толықтай қолдайтынын мәлімдеді. Қазіргі таңда қаржылық-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны белең алуда. Бұған күрделі халықаралық жағдай да қосылып тұр. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың бір бөлшегі ретінде дүниежүзілік дағдарыстың әсерін сезініп отыр. Әйтсе де, дағдарысқа қарсы төтеп берерлік нақты жоспарымыз да баршылық. Ол – Елбасымыздың бастамасымен өмірге келген «Нұрлы Жол» бағдарламасы. Ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы. Біз, осындай сәтте уақыт оздырмай кезекті сайлау өткізу керек деп есептейміз. Бұл қадамымыз барша халық болып, Үкімет және Парламент, барлық орталық әрі жергілікті басқару органдары бірлесе жұмыс істеуінің арқасында әлемдік дағдарысты еңсеруге мүмкіндік береді деген ойдамыз. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі еліміздің барлық азаматтарын, қоғамдық ұйымдарды осы ұсынысты қолдауға шақырады. Бұл жолы да бәріміз жұмылып жұдырық болып, қуатты әрі гүлденген Отанымыз – Қазақстан Республикасын құру жолындағы кездескен қиындықтарды жеңіп шығатынымызға сенімдіміз.Шешуші сәттегі шешім
Кеше Жазушылар одағының бірқатар мүшелері бас қосқан отырыс болды. Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушылар Сұлтан Оразалин мен Қажығали Мұханбетқалиұлы және белгілі ақын Несіпбек Айтұлы қатысты. Жиынға төрағалық еткен Нұрлан Оразалин басқосудағы негізгі мақсат президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу идеясына қатысты екендігін нақтылады. Күні кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі жасаған ұсынымның ұтымды жақтары сөз болған отырыста Нұрлан Оразалин Жазушылар одағының мәлімдемесін оқыды. «Қазақстан Жазушылар одағы шығармашылық зиялы қауымның жетекші бірлестігі ретінде осы тағдыршешті мәселе бойынша өз ұстанымын айтуды азаматтық борышы деп санайды», дей келе, ол қазіргі күні әлемдегі жағдайдың тұрақсыз екендігіне назар салды. Сонымен қатар, ол Қазақстан жаһандық экономиканың бір бөлігі ретінде әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың салмағын сезінуде дей келе, еліміздегі оған қарсы нақты даму жоспары Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасы екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, даму барысында елімізде ауқымды «Қазақстан-2050» Стратегиясы, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылып жатқандығын баса айтты. Бұл мәселеде қоғамды көп күттірмей, сайлау циклынан өтіп алу маңызды деген көзқарас танытты. Осының аясында, Жазушылар одағы тарапынан президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу идеясын толығымен қолдайтындары атап көрсетілді. Бұл барша халықтың және барлық мемлекеттік органдардың, Үкімет пен Парламенттің дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға жұмылуы үшін шешуші шарт болмақ. Халқымыз әрқашан шешуші сәттерде өз Елбасының маңына шоғырланып, кез келген сын-қатерлерге бір адамдай қарсы тұрады, дей келе, Нұрлан Оразалин сайлауды еліміз үшін маңызды болатын Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында өткізудің маңызы зор екендігін көлденең тартты. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».Еліміздің мүддесіне қажет қадам
Кеше Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен «Нұр Отан» партиясы фракциясының Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасын қолдау мақсатындағы мәселесіне орай жиналысы болып өтті. Басқосуды ашқан Дариға Назарбаева 14 ақпан күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің үстіміздегі жылы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасын ұсынғанын мәлімдеді. Сонымен бірге, фракция жетекшісі партия басшылығы мен Саяси кеңес бюросы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасын қолдау жайында үндеу тастағанын атап өтті. «Нұр Отан» партиясының фракциясы партияның негізгі ресурсы, сондықтан қазақстандықтарға, қоғамдық ұйымдарға, жастарға осы бастаманы қолдау жайында дәл сондай үндеу жасайды. Президенттік сайлау өткізу еліміз бен халқымыздың мүддесі үшін өте маңызды, өте жауапты шешім болып табылады. Бұл қадам Қазақстанның келешегі мен гүлденуі басты мақсаттарына жетуі жолында қазақстандықтардың жігер-қуатын біріктіру болып табылады. Бүгін Бірлік, Келісім және Тұрақтылықты бұрынғыдан да бетер біріктіріп, мемлекеттің қайратын ұштап, қоғам мен елдегі барлық азаматтарды Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңына топтастыру аса маңызды. Бұл – «Қазақстан-2050» және «Мәңгілік Ел» стратегияларын бұрынғыдан да қуатты етіп қана қоймай, оларды бірлесіп жүзеге асырудың тарихи мүмкіндігі. Жиналыс барысында президенттік сайлау өткізу бастамасын қолдап, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Қ.Сұлтанов, фракция мүшелері В.Рогалев, О.Асанғазы, «Халық Қаһарманы» Б.Ертаев сөз алды. Жиналысқа Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар да қатысты. Жиналыс қорытындысы бойынша қаулы қабылданды, деп хабарлады Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының аппараты.Жауапкершілік жүктейді
Кеше Қазақстан президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде 14 ақпан күні өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында президенттік сайлау өткізуге қатысты көтерген бастамасына орай, брифинг өтті. Оған Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының жетекшілері мен «Халықтық коммунистер» фракциясының депутаттары қатысып, осыған қатысты өз ойларын жеткізді. Кездесуде сөз алған партия жетекшісі Владислав Косарев Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 2015 жылы президенттік сайлау өткізу жөнінде көтерген бастамасын қолдайтынын, бұл орайда, өз ұстанымдарын жеткізуді қажет деп тапқандықтарын білдірді. «Біз бүгін бұл мәселені Қазақстанның Коммунистік партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясының талқылауына ұсындық. Фракция мүшелері және барлық «Халықтық коммунистер» бұл бастаманы толығымен қолдады. Қазіргі таңда барлығымыз әлемді шарлаған және күрделі құбылысқа айналған экономикалық дағдарысқа алаңдаушылық танытып отырмыз. Бұл, ең алдымен, қарапайым халыққа өз ауыртпашылығын әкеліп, еңсесін басатыны белгілі. Әсіресе, осындай-қиын-қыстау кезең экономикасы «созылмалы рецессияға» ұрынған елдерді екі есе толғандырып отыр. Демек, біз мұндай қиындықтардың өз елімізге де келмеуіне айрықша мән беріп, үнемі назарда ұстап отыруымыз керек. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың нәтижесінде қаржылық дағдарысты еңсеруде жинаған өз тәжірибеміз бар. Оған 90-шы жылдардың басындағы қиын-қыстау кезең, 1997-1998 жылдардағы Азия, 2008-2009 жылдардағы әлемдік дағдарыстар дәлел. Сондықтан, біздің бойымызда қандай да бір қиындыққа төтеп беретін төзімділік қасиет қалыптаса бастады. Бұл қасиет ғаламдық экономиканың дағдарысына қарсы тұруға сеп болатыны, сол арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жұмыссыздықтың белең алмауына, азаматтарға өз еңбекақыларын, зейнетақыларын, басқа да әлеуметтік төлемдерін уақтылы төлеп тұруға мүмкіндік берері анық. Сондықтан, дәл осындай жағдайда мемлекеттің басты сайлауын өткізу мерзіміне қатысты сан түрлі даулы пікірлерді тоқтату қажет деп есептейміз», деді В. Косарев. Оның пікірінше, бұл сайлау керісінше, мемлекеттік аппараттың, заң шығарушы органдардың, билік өкілдерінің, халықтың барлық күш-жігерін жұмылдыру арқылы жаһандану заманы алға тартқан кедергілерге тосқауыл қоюға сеп болуы керек. «Сайлау – бұл жалпыхалықтық тетік, екіншіден, бұл – үлкен жауапкершілік. Сол себепті, біз даму жолындағы Қазақстанның келесі бір кезеңнен сәтті өтіп қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы бастамаларын нәтижелі түрде жүзеге асырады деп ойлаймыз. Бұл сайлауды өткізу саяси тұрақтылықты, қазақстандық қоғамдағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға да ықпал етер еді», деді В.Косарев сөзінің соңында. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».Партия ұстанымы айқын
«Ақ жол» партиясы мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысты қолдайды – бұл жөнінде кеше ҚДП Орталық кеңесі төралқасының отырысы өткен соң, Азат Перуашев мәлімдеді. Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы 2015 жылы мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу идеясына қатысты өзінің ұстанымын білдіруді маңызды деп санайды. Мұндай бастамамен 14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шыққаны белгілі, деді партия төрағасы. Сондай-ақ, ол аталған мәселе партияның Орталық кеңесі Президиумында талқыланғанын айтты. Бұл идеяның қазірдің өзінде қоғамда оң пікірлер туғызып жатқаны белгілі, деді ол. Бұған байланысты, «Ақ жол» партиясының мүшелері мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеуді қажет деп санайды. Біз бұл тағдыршешті қадам ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерге сай келеді деп есептейміз. Әлемдік тұрақсыздық, сыртқы экономикалық дағдарыстың қысымы жағдайларында Қазақстанда Президент ұсынған «Нұрлы Жол» дағдарысқа қарсы саясатын іске асыруға күш-жігерді жұмылдырудың маңызы зор, деді А.Перуашев. Сонымен қатар, ол мәселенің құқықтық жағын да атап өте келіп, бұл шара конституциялық өткізу мерзімдері 2016 жылға қатар келіп тұрған президенттік және парламенттік сайлауларды айырып өткізуге мүмкіндік беретініне тоқталды. Егер оң шешім қабылданып жатса, мерзімінен бұрын президенттік сайлау біздің елімізді дамытуда жағымды рөл атқаратынына сенімдіміз. Ол сыртқы экономикалық дағдарыстың жағымсыз әсерін табысты еңсеруде және әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену жолын жалғастыруда шешуші шартқа айналатын болады, деді А. Перуашев.Күрделі кезең үшін керек ұйғарым
Мен мұны біздің экономикалық қана емес, саяси мәртебемізді сақтауға қызмет ететін қазіргі күн үшін өте дұрыс, өте қажетті шешім деп ойлаймын. Біріншіден, біз Парламент сайлауына көңіл бұрып жатпаймыз. Парламенттік және президенттік сайлауларды араластырмаймыз. Қазіргі күрделі кезеңде Көшбасшыға ерекше жауапкершілік артылады. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевты қазір қолдаудың маңызы зор. Осынау өте күрделі бірнеше жылды Қазақстан дұрыс өткізуі керек. Елді сақтаймыз, халықты сақтаймыз. Қиындықты еңсереміз. Мен халықтың мұндай ұсынысты қолдайтындығына сенімдімін. Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері.Сенім мандатын білдіру – заман талабы
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелері президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы бастама көтергені жөніндегі хабарды өткен сенбі күні теледидардан естідім. Олар бұл бастаманы бірінші кезекте Парламент Мәжілісіндегі Ассамблеяның депутаттар тобына жолдаған екен. Бұл құптауға да, қолдауға да тұратын, болашаққа деген терең жауапкершілік сезімінен туындаған және ортақ Отанымыз – Қазақстанның шынайы патриоттары ретінде көрініс тапқан үндеу деп түсінемін.
Қазіргі күні әлемде күрделі қаржы-экономикалық дағдарыс пен жаһандық сын-қатерлер беттен соғып тұрған кезде мұндай үндеудің қабылдануы бүгінгі уақыт талабынан туындағанына шек келтіру қиын. Дүниенің төрт түкпіріндегі осындай жоғары-төмен балды өзгерістер елімізге де елеулі әсерін тигізбей тұра алмайды. Бұл шақта бұған дейін өз Отаны мен елін талай дағдарыстардың салқынынан сақтап қала білген бүгінгі Президентіміз Назарбаевқа жаңа сенім мандатын берудің орны бөлек. Осы қадам арқылы мемлекеттік дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріле алатынымыз анық. Сонымен бірге, үндеуде орынды көрсетілгендей Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу арқылы саяси сабақтастықты да келешекке де жалғап жіберуге болады. Екіншіден айтайын дегенім, алдағы жылы елімізде парламенттік сайлау өткізілмек. Сайып келгенде, мемлекеттік ауқымдағы жауапкершілігі аса жоғары екі бірдей ірі электоралдық науқанды бір жылдың ішінде өткізу сайлаушылар үшін де, ел үшін де оңайға тие қоймайды. Әрі мұның өзі Конституция талаптарына да қайшы келеді. Біз бүгінгі Мемлекет басшысының бастауымен «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасын қабылдаған елміз. Тек осымен стратегиялық жүйе ресурстарын бір ізге келтірдік десек, мүлдем қателесеміз. Өйткені, мұндай стратегиялық сипаттағы үлкенді-кішілі бағдарламаларды одан әрі өрістету мен тереңдету ісі қай кезде де ауадай қажет. Бұл үшін ең алдымен экономикалық, саяси-әлеуметтік және психологиялық база жасақтаған жөн. Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізудің тағы бір қажеттілігі осында деп түсінемін. Сондықтан мен Елбасына берілген сенім мандатын ұзарту жөніндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің үндеуіне барша отандастарымыз қолдау көрсетеді деп сенемін. Аветик АМИРХАНЯН, «Мирзоян» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы. ОРАЛ.Ассамблея ұсынысын қолдаймыз
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері 2015 жылғы 14 ақпанда Қазақстан халқына арнап үндеу қабылдады. Бұл үндеуде экономикалық дағдарыс және күрделі халықаралық жағдай қалыптасып отырған қазіргі кезеңде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізіп, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жаңа президенттік мандат беру туралы мәселе көтерілгені туралы хабарды бүкіл қазақстандықтар қуана қарсы алды. Бұл өте орынды бастама. Қиын да күрделі, әлемдік тұрақсыздық белең алып отырған бүгінгі таңда Елбасына сенім арту, оның елімізді әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына енгізу жөніндегі өзі бастаған кең ауқымды экономикалық, әлеуметтік және саяси модернизацияларды, стратегиялық бағыттарды толық жүзеге асырып, аяғына жеткізуіне мүмкіндік беруіміз қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар, Елбасына жаңа мандат беру арқылы Қазақстан халқын оның төңірегіне тығыз топтастырып, еліміздің дамуына, мемлекеттілігімізді нығайтуға, елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті күшейтуге, Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған «Нұрлы Жол» – болашаққа бастар жол» ұзақ мерзімді стратегиясын жүзеге асыруға қол жеткізетініміз анық. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған бағытқа қолдау білдіру – еліміздің қарқынды дамуына, халқымыздың жақсы өмір сүруіне қолдау білдіру болады деп ойлаймын. Тәуелсіздігін алғанына телегей тарихтың тамшысындай ғана небәрі 23 жыл болған Қазақстан Республикасының абыройын аспанға асқақтатып, әлемдегі алпауыт елдермен иық тірестіретіндей әлеуетке жеткізген Елбасының сарабдал саясатының тереңдігін, көз түгілі көңіл жетпес көкжиекті болжай алған көрегендігін, ел алдындағы ерен еңбегін, отандық қана емес, жаһандық саясаттағы жетекші орнын, бүкіл дүниежүзінің әйгілі саясаткерлерінің мойындап отырғанын біз зор мақтаныш тұтамыз. Ел экономикасының гүлденуіне кедергі келтіретін қаншама қиындықтарды жеңуге, халқымыздың еңсесін көтеріп, болашаққа нық сеніммен қарайтын бүгінгідей жағдайға жеткізуге, әдебиет пен мәдениетін, білімі мен ғылымын биіктете түсуге, көпұлтты мемлекетіміздегі береке-бірлікті нығайтып, саяси, әлеуметтік тұрақтылықтың берік орнығуына ұйытқы болған Тұңғыш Президентіне Қазақстан халқы шексіз риза. Оның Қазақстан Республикасын гүлденген елге айналдырып, халқымыздың қасиет-құтын барша әлемге танытып, еліміздегі әр азаматтың патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын тереңдете түсу мақсатындағы әрбір қадамы, жаңа бастамалары жарқын болашаққа жетелейді. Елбасының тікелей бастамасымен және белсенді іскерлігімен қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт та – кемел келешекті жақындататын қайырлы қадам, жақсылықтың сара жолы. Арманшыл да қайсар халқымыз үшін ұлы заман көшінде ол нұсқаған айқын бағыт темірқазық сияқты. Әлемдік өркениетке туған халқын адастырмай апаратын дана тұлға, дара азамат әр елге керек. Сондықтан қазақстандықтар Н.Ә.Назарбаевты Елбасы деп бекерден бекер ардақтап жүрген жоқ. Бұл – халқымыздың оған деген шынайы құрметі, шексіз сенімі. Аз ғана жылдар жүзінде ай сәулетті Астананың, арудай әсем, Азия барысындай айбатты бас қаламыздың бой көтергені – ардақты Елбасымыздың қажырлы еңбегінің, аса бай арман-қиялының жемісі. Астана халқымыздың маңдайына біткен бағы әрі айбаты мен айбарына айналды. Астананың авторы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлын егеменді еліміздің тірегі деп, Астананы Отанымыздың жүрегі деп ұғамыз, сол жүрек тынбай соғып, Қазақ елінің мәңгілік елге айналарына қазір дос та, дұшпан да еш шүбә келтірмейді. Олай болса, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің бастамасын шын жүректен қолдайтынымды білдіремін. Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, профессор. АЛМАТЫ.Елбасы – елдің таянышы
Биылғы жыл бүкіл әлем халқы үшін үлкен сынақтармен басталуда. Дүниежүзін дүр сілкіндірген дағдарыстан қай ел қалай шығады, ол елді басқаратын адамға тікелей байланысты. Біз, көпұлтты Қазақстан халқы бар үмітімізді Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырып келдік. Қазақстан біздің тарихи Отанымызға айналса, онда Елбасының үлкен еңбегі бар. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің Парламент Мәжілісінде Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу үндеуін бірауыздан қолдаймыз. Бірауыздан деп кесіп айтуымызға себеп, бұған дейін де әртүрлі аумалы-төкпелі замандар өтті. Дағдарыс толқыны талай мемлекетті кедейшіліктің шекті деңгейіне жеткізді. Оның ішінде әлемдік бай тарихымен мақтана алатын Грекиядай алып мемлекеттер бар. Ал Қазақстан осы сынақтардан аман өтті. Өткізген бүкіл Қазақстан халқын ортақ іске жұмылдыра білген, экономикалық қиындықтарды дер шағында ауыздықтаған, Ұлттық қор арқылы әлсіреген тұстарды түзеп, стратегиялық бағыттан айнымаған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты еді. Қазір көптеген мемлекеттер кіріс-шығыстарын есептеп, бюджетін оңды-солды қырқып, әлеуметтік бағдарламаларға ауыз сала бастағанда, біздің ел экономиканы жандандыруға қосымша қаржы құйып жатыр. Дағдарыстың алдын алуға бюджет көлемі 10 пайызға қысқарғанымен, мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін еш өзгеріссіз қалдырды. Елбасы барлық аймақ басшыларына осыны басшылыққа алуды тапсырды. Сондықтан Елбасына сенім мандатын білдіру арқылы біз барлық қиындықтарды еңсеріп, елімізді одан әрі қарқынды дамытуға қол жеткізе аламыз. Бізде Елбасы біреу, біз оған қай уақытта да сүйеу бола білуіміз керек. Марина ЛИМАРЕНКО, «Южный Казахстан» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. ШЫМКЕНТ.Бірден-бір дұрыс шешім
Мен Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің депутаттық топқа Парламент Мәжілісінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге бастама көтеру туралы үндеуін ыждағаттылықпен оқып шығып, бірден-бір дұрыс шешім деген пікірге келдім. Осы жөнінде солтүстікқазақстандық жерлестерімнің ойын білмек болып хабарласқанымда, олар да президенттік сайлауды өткізу бастамасын бірауыздан қолдайтындарын білдірді. Елбасы жуырда болып өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде дүниежүзілік экономика қиын жағдайға тап болғанын қолмен қойғандай айтып берді. Оның кей салдарлары Қазақстанға өз салқынын тигізгенімен, тұтастай алғанда, алға қарай қарышты қадам басып келе жатқан санаулы елдердің біріміз. Сыртқы нарықтың әсерінен туындаған келеңсіздіктер жедел қабылданған кешенді шаралардың арқасында түзетіліп, алаңдайтын еш негіз жоқ екеніне көзіміз анық жетіп отыр. Десек те, әлемдегі күрделі ахуалдарды жете ескермей болмайды. Оған біз қай жағынан да әркез дайын болып, Президентіміз белгілеп берген «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасын орындауға жұмыла кірісуміз керек. Өйткені, жаһандық қауіп-қатерлердің қай жақтан соғатынын болжап білу қиын. Сондықтан тұрлаусыз дүниенің адам танып-білмейтін күрделі кезінде, сын сағатында Елбасымыздың маңайына бір адамдай топтасып, экономикалық өсімді нығайтудың, халықтың өмір сапасын жақсартудың маңызы айтпаса да түсінікті. Оның үстіне келесі жылы президенттік және парламенттік сайлаулар бір мезгілге сәйкес келетіндіктен, президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу Ата Заң талаптарына қиғаш келмесі анық. Қазақстан Республикасы Президентін сайлауды мерзімінен бұрын өткізу арқылы Нұрсұлтан Әбішұлына жаңа сенім мандатын беру ортақ мақсат жолында күш-қайрат қосып келе жатқан қазақстандықтарды одан әрі біріктіріп, өзекті әлеуметтік мәселелерді нақты шешуге мүмкіндіктер туғызары сөзсіз. Мен өзім облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының белді мүшесі ретінде маңызды мәселе бойынша көзқарасымды ашық білдіріп, ұсынысты қолдайтынымды айтқым келеді. Елбасына сенімді ел болашағына берілген кепілдік деп түсінемін. Рашид НАДИРОВ, күрд этномәдени бірлестігінің жетекшісі. Солтүстік Қазақстан облысы.Орынды да уақтылы бастама
Қазақстан – әлеуметтік-экономикалық тұрақты даму жолын таңдаған, бейбітшілікті ұстаным еткен ел. Біздің мемлекетімізді бүгінде әлемнің көптеген елі танып, нық қадамдары мен тегеурінді бастамаларына қолдау білдіріп келеді. Тәуелсіздігін алған Қазақстан 24 жылдың ішінде өзіндік жолмен қалыптасып қана қоймай, сыртқы және ішкі әлемде біраз жетістіктерге жетті, талай игі істерді тындырды. Қазіргі таңда экономикасы даму ырғағынан жаңылмаған, әлеуметтік ахуалы екпінді елде бірнеше ұлттың өкілдері өзара тату тіршілік етіп, ортақ Отанымызды нығайту үшін әр салада бірлесе еңбек етіп жүрсе – бұл еліміздегі жарасымдылықтың, ынтымақтастықтың көрінісі. Ұлтқа бөлінбей, сенім мен тіл мәселесінде түсіністікпен бір шаңырақ астында жарасымды өмір сүрудің қазақстандық үлгісі бүгінде бірнеше шет мемлекеттер сүйсіне қараған өнегеге айналды. Әлемнің мызғымастай көрінген алып деген мемлекеттерін теңселткен қаржылық, экономикалық дағдарыс заманында ішер ас пен киер киімнен таршылық көрмей, соғыс-жанжалдан аулақ өсіп-өркендеп жатқан жайымыз бар. Көршілермен достық қарым-қатынастағы мазмұнды байланыс орнатып, алыстағы мемлекеттермен де сауда-экономикалық тұрғыда тең құқылы келісім-шарттар жасасып, алға басқан Қазақстанның болашағына сенеміз және ол жақсы күндердің қызығын осы аумақты мекен еткен барлық ұлттардың ұрпағы бірлесе көреді деп ойлаймын. Мен, өзімнің басқа да отандастарыммен бірге Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлын Қазақстандағы дамудың, тыныштықтың, ауызбірліктің ұйытқысы, сыртқы саясатты ұтымды жүргізіп, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудің үлгісі ретінде білемін. Бірнеше жылдар бойы Қазақстанды сәтті басқарып келген Н.Назарбаевтың ел басқарудағы білігі мен тәжірибесі барынша шыңдалып, жетілген. Әрбір жылғы Жолдаулар мен мемлекеттік бағдарламалардың әрқайсысында Қазақстанды дамытудың негізгі тетіктері шоғырланған, қазір бүкіл ел болып оны орындаудың, ондағы қойылған мақсат-мұраттарға жетудің жолына жұмылудамыз. Осы бағдарламалардың барлығы да Елбасының ой-санасында әбден пісіп-жетілген, ширыққан ойлардан туындаған бағдарлар, демек бізге оны жүзеге асыру жолында барлық бастамалардың авторымен бірге жүрген абзал. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблея мүшелері – менің отандастарым ұсынған Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу бастамасын орынды ұсыныс санап, қолдау білдіремін. Магомед ЛОРСАНОВ, «Вайнах» чешен және ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы. Маңғыстау облысы.