• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2010

“ЖҮРЕКТЕГІ ТӘТТІ МҰҢ...”

722 рет
көрсетілді

ӨМІР ШЫНДЫҒЫНАН СЫР ШЕРТЕДІ “Жырлаймын өр шабытпен Отан атын, жырлаймын ыстық құшақ, мархабатын”. Балғын да ал­бырт жырларын мектеп қабырға­сын­да жүргенде, анығырақ айтқан­да, алпы­сыншы жылдардың басын­да осылай туған еліне деген шына­йы сезімімен бастаған Ғалия Қай­дауыл­қызы бүгінде есімі белгілі қа­лам­гер. Ол “Алтын арқау” мәдени-этно­гра­фия­лық қоғамдық бірлес­тігі­нің төрайы­мы, Алматы қаласы әкім­­дігінің үкі­меттік емес ұйымдар­мен ынтымақ­тастық және өзара іс-қимыл жөнін­дегі қоғамдық кеңес­тің мүшесі ретінде де бірқатар іс-шара­ларды жүзеге асыруға өз үле­сін қосуда. Алғаш еңбек жолын рес­пуб­ликалық телерадио коми­тетінде бас­таған Ғалия Қайдауыл­қызы қа­ла­мынан туған ой-толғаныстары өз оқыр­манының назарын аударар­­лықтай. Жақында Алматыда Ғалия Қай­дауылқызының “Жүректегі тәтті мұң” атты алғашқы туындысының тұсаукесеріне арналған кеш болып өтті. Кітапқа автордың әр жылдар­дағы ой толғаныстары, нақышты нақыл­дары, ел тағдыры мен тіл тағ­ды­рына арналған жыр шумақтары, сонымен қатар афоризмдері де ен­ген. Сөз реті келгенде атап ай­тар­лығы, жаңа еңбектің танымдық, та­ғы­лымдық сипаты айқын аң­ғары­лады. Жүректен шыққан сөз ғана жү­рекке жететіндігін ескерсек, “Жүрек­тегі тәтті мұңда”көңілге ой салатын, толғандыратындай жыр­­лар да, қанатты сөздер де аз емес. Қазақ мемлекеттік қыздар педаго­гикалық университетінің прорек­торы Клара Жантөрееваның пікірінше, “Жүрек­тегі тәтті мұң” – жан сусынын қандыратын әдемі дүние, ал, оның өлеңдеріне жазылған әндер де жүрекке жылы”. Кейінгі жас ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрді жүйелі түрде наси­хаттауды өзінің басты мақсатына айналдырған Ғалия Қайдауыл­қызы­ның сондай-ақ жастарды отан­сүй­гіштікке үндеуі де көп нәрсе­ден хабар берсе керек. Оның “абыр да сабыр заманда, құт дарытар қадамға, рухы ұлтпен ұран­дас, Бауыржан керек заманға” деп жырлауы да сон­дықтан шығар. Үл­кен­нің де, кіші­нің де бойынан адам­гершілік асыл қасиетті, адал­дық пен ар-ож­дан тазалығын көргі­сі келетін қалам­­гердің қоғам­дық жат құбы­лыс­тарға жаны қас. Иә, ақын шумақ­­тарындағыдай өзінің құлқынының құлына айнал­ғандар­дың арамызда кездесе­тіндігін жоққа шығаруға болмайды. Тіпті, бүгінде өз кәсібін адал атқарып, жауапкер­шіліктің жо­ға­ры үлгісін танытуға тиісті ақ халат­ты­лар арасында да бі­лі­мі төмен­дер бар. Ғалия дәл тауып айтқанын­дай “адал дәрігер көзіңе қарайды, надан дәрігер қолыңа қарайды”. Мұның өзі қайткенде де өмірдің ащы шындығы. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.