Қазақстанда ауруханалар мен емханалар салуға дайын
«InterHealth Canada» компаниясы еліміздің оңтүстігінде емханалар мен ауруханалар салуға дайын. Бұл туралы Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының (РДСДО) өкілдерімен кездесуде канадалық компанияның басқарма мүшесі Эмад әл-Сукер мәлімдеді. Канадалықтардың есебінше, Оңтүстік Қазақстанда медициналық қызметтерге сұраныс жоғары болып отыр және ол арта түседі. Емдеу мекемесінің құрылысын мемлекет-жекеменшік серіктестігі шеңберінде салу жоспарланған. Құрылыстың басталу мерзімі мен инвестиция көлемі әзірге жарияланған жоқ. Тараптар сондай-ақ, кейбір ауруханаларды сенімді басқаруға беру мүмкіндігін қарастырды. «Нысанды сенімді басқаруға берерден бұрын жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен бірлесіп, ауруханалар мен емханалардың қандай жағдайда екенін зерттейміз. Шамамен бір жыл ішінде нысандарды инвесторларға беру мәселесі шешілуі тиіс», деді РДСДО Инвестициялық жобалар орталығының жетекшісі Олжас Сәкенов. Ауруханаларды басқаруды жекеменшік инвесторларға берген жағдайда тегін қызметтер көрсету көлемі толық сақталады. Канадалықтар медициналық ұйымдардың жұмыс нәтижесін жақсартқан жағдайда ғана қазақстандық клиникаларды басқара алады. Шетелдік менеджерлер білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісіп, медициналық қызметтердің сапасын арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.
•
17 Ақпан, 2015
Канадалық инвесторлар
380 рет
көрсетілді