• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2015

Ол бізге бейбіт өмір сыйлады

314 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы  Қазталов ауданының  Жұматай ауы­лында 1923 жылы туған әкеміз Ысқақов Нығметтің майдандағы өмірі мыңдаған кеңес азаматтарынан ешқандай айырмашылығы жоқ болар. Он сегізге толмаған ол  жастық жалынымен  әскери комиссариаттың алдын торуылдай жүріп, жасына жас қосып дегендей, алдыңғы шепке ұмтылды. 1941 жылғы күзде 372-ші дала мектебінің курсанты жас Нығмет өз қаруын бүге-шігесіне дейін меңгеріп, пулеметін ашып та, шашып та тастап тез жинайтын, атыс алаңдарында мергендікті меңгеріп, күллі даярлық жаттығуларында от шашатын зіл темірін жанынан тастамайтын, жауапкершілігімен көзге түсе білді. Мұндай өршілдік пен табандылық елеусіз қалмады.  Сержанттар мектебін бітірген мезетте 28-ші армияның бір бөлімшесінде пулеметшілер тобының командирі болды. Содан қан майданға араласып та кетті. Бұл тым ауыр кез болатын. 1941-1942 жылдары Кеңес армиясы тек қорғаныстан басын көтере алмай, кері шегінуден көз ашпады. Шегіне-шегіне өзі курсқа қабылданған, ең алғаш тәлім алған Еділ жағасындағы Дубовка селосынан бір-ақ шықты. Әрине, бұл Нығметке  оңай тимеді. Майдандас достарынан айырылғаны былай тұрсын, қаншама  ел мен жер жау қолында қалып жатты. Мұндай ауыр сынақты көрмеген оның көкірегі өкініштен қарс айырылды. 1942 жыл түгелдей қанқұйлы кескілескен ұрыспен өтті. Тағдырдың талайын көріп үлгірген жас пулеметші болмашы жарақаттар алды демесе, ұрыс алаңын бір тастаған емес. Станокты ауыр  сүйретпе пулеметі жеке құрамасымен қатар, қол пулеметшілерінің екі тобына қалқан бола жүріп, қарсы шабуылдау тәсілін де жетік меңгерді. Қаһарлы жаудың қатарын селдіретіп, әбден абыржытқан кездері де болды. Осындай қайсарлығымен алған ең алғашқы «Ерлігі үшін!» медалі жігерлі жасты ілгеріге ұмтылдырды. Бір өкініштісі, ауыр жарақат алған әкеміз сол марапатын тек 1968 жылы ғана көрді. 1943 жылдың ақпанында  Дондағы Ростов қаласы маңында шабуылға шыққан Кеңес армиясына басқыншылар  күшті қарсылық танытты. Жан алысып, жан беріскен осы ұрыста әкеміз Нығмет ауыр жарақат алды. Төсекке таңылған 20 жастағы  жауынгер бұдан әрі қолына пулеметті алуға жарамай қалып, 1944 жылдың мамырына дейін бірнеше госпиталь ауыстырып, Ташкенттегі эвакогоспитальден мүгедек болып шықты. Жаралы жүректі жас төрт жыл бойы жарақатымен алысты. Өмірге деген құлшынысының арқасында жастайынан ардагер-жауынгер атанған ол өз отаны – Батыс Қазақстан облысында  ауыл шаруашылығы жұмысына араласты. Ертелі кеш дала өмірімен тыныстап, майданда алған ауыр жарақаттарынан бірте-бірте айыға бастады. Еңбекте де едәуір табыстарға жетті. «1941-1945 жылдардағы  Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі» және 1951 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Майдангердің бейбіт өмірі бірқалыпты күйге енді десек қате болар еді. 1950 жылы ол партия қатарына қабылданады, өндірістен қол үзбей жүріп, Алматы облысының Қапал ауданындағы жылқы өсіру зауытында бұрындары қол үзіп алған білімін ұштайды, кешкілік партия мектебін бітірді. Оның бұдан кейінгі ғұмыры Талдықорған облысындағы партия жұмысымен тығыз байланыста өтті. Бұрынғы жауапкершілігінен бір айнымады. Үйленді, балалы-шағалы болды. Еңбексүйгіш жан 1971 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Алайда, сұм соғыстың салдары өз дегенін жасады. Сол жылы  басына қан кеткен  ол дүние салды. Артында  зайыбы мен 5 баласы  қалды. Үлкені ол кезде 16 жаста еді. Сол соғыстың зардабын біз де осылай бастан кештік. Кейінгі ұрпақ әкесіз жетілді. Дегенмен, біз  Отан үшін от кешкен асқар тауымыздың орны бөлек екенін жан-тәнімізбен ұқтық. Ол бізге бүгінгі бейбіт өмірді сыйлады. Қаһарман қайсарлықтың қас үлгісін көрсеткен қайтпас рух пен жалынды жігер танытқан әке бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақталады! Ғалым ЫСҚАҚОВ.
Соңғы жаңалықтар