майдангер аталары туралы жылнама жазуға әзір
ҚР Қарулы Күштерінде Жеңістің 70 жылдығына орайластырылған «Мәңгі есімізде» атты акция басталды. Ол Ұлы Отан соғысының ұрыс даласында ерлікпен шайқасқан туған-туыстары, таныстары туралы деректермен бөліскілері келетін әскери қызметшілердің бастарын біріктіріп отыр.
Акцияға алғашқы болып қатысушылардың бірі майор Руслан Дармаханов өзінің атасы Халилулла Дармаханұлы: «Миномет батареясының взвод командирі бола тұрып, менің атам армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің қарамағында болыпты. Сталинград шайқасына қатысқан. Мен атамның арамызда аман-есен жүргеніне қуанамын және соғыс жайлы сабақтаған әңгімелерінен бейбітшілік, құрмет, достық орнаған мемлекетте тұрудың қадірін түсінемін», дейді
Акцияға тағы да бір қатысушы подполковник Ержан Әлдібаев ағасы жайлы: «Ағамның майданға 1941 жылы кеткенін білемін. Атқыштар взводының командирі болған.1945 жылдың қаңтар айында Варшава түбіндегі шайқаста қаза тапты. Мен ағамның майдан шебінен жазған хаттарын оқып, шексіз мақтан тұтамын. Сондықтан да өз өмірімді әскермен байланыстырып, Қазақстан Қарулы Күштеріне адал қызмет етіп келемін. Жан түршігерлік соғысқа әрбір қатысушының ерен ерлігі туралы естелікке ешқандай баға жетпейді», деп еске алады.
«Мәңгі есімізде» акциясы өзіміз үшін соғыстың жаңа батырларын ашуға, олардың тарихымен, тағдырымен танысуға үлкен мүмкіндік береді. Ұлы Отан соғысының бейнесі тарихи деректерден, соғыс ардагерлерінің, олардың туыстары мен таныстарының әңгімелерінен, майданнан келген хаттар мен күнделіктерден жиналған деректерден құралады. Акция шеңберінде жиналған суреттер бір үлкен мозаика-суретке айналады. Олар баннерлерге басылып шығарылып, бүкіл Қазақстан бойынша әскери бөлімдерге таратылады және Астана қаласында әскери қызметшілердің қатысуымен салтанатты түрде назарға ұсынылатын болады.
«Егемен-ақпарат».