• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2015

«Қазақстан дауысы» мәреге жетті

330 рет
көрсетілді

5 миллион теңге маңғыстаулық Бауыржан Ретбаевқа бұйырды Жарты жылдан бері Қазақстан ұлттық телеарнасында жүріп жатқан «Қазақстан дауысы» телевизиялық шоуы да аяқталды. Жобадағы ең мықты үміткердің бірі, ерекше дауысымен көрермендердің өлшеусіз ықыласына бөленген маңғыстаулық Бауыржан Ретбаев бәсекелестерін де мойындатты. Әнші байқаудың ақтық сынында Карина Абдуллинаның «Сен мұңыңды бер маған» әнін орындап, екінші маусым жеңімпазы атанды. Алдын ала уәде етілгендей, жүлдегерге – 5 миллион теңге табысталды. Ал үміткердің тәлімгері әнші Алмас Кішкенбаев абыройға бөленді. Қазір Бауыржан Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында эстрада-вокал мамандығы бойынша оқиды. Бұған дейін Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық конкурста екінші орынды жеңіп алған. Көрермендер бір ауыздан «Қазақстан дауысы» байқауы­ның әділ өткенін айтады. Бұл туралы жоба директоры Кенже Жұманұлы: – Жоба тікелей эфирде өт­кендіктен, бәрі көрермен­дер­дің қалауына байланыс­ты болды. Халық жеңімпаз ретінде Бауыржанды көргісі келді. Бауыржан да сенімді ақтады. Ол байқаудың соңғы кезе­ңін­де Данияр Исмаилов, Ин­ди­ра Еділбаева мен Мақсат Ма­құл­­бековті басым дауыспен басып озды. Бауыржан қазақ әндерін де, шетел әндерін де нақы­шына келтіріп орындай алады.­ Өткен кезеңде Мейрамбек Бесбаевтың «Өмір-өзен» әнін орындаған кезде де, халық «мына әнді Мейрамбектен де асырып орындауға болады екен-ау», деген пікір білдіріп жатты. Бұл – халықтың берген бағасы, – дейді. Жобаға қатысу барысында сүйкімділігімен, қарапай­ым­ды­лығымен жұртты баураған Бауыржан: «Негізі жобаның «Көрмей тыңдау» кезеңі алдын ала түсірілгені өздеріңізге де белгілі. Менде сол кезде продюсерім болды. Ол – Ұлық­пан Жолдасов. Бірақ, жоба кезін­де басқа продюсерлерден ұсы­ныс түсті. Алайда, мен бас тарттым. Себебі, танымайтын адаммен жұмыс істеуге қарсымын», – дейді. Осылайша «Қазақстан дауысы» биыл екінші маусымды қорытындылады. Жобаға қатысуға 3,5 мыңдай үміткер тілек білдірсе, шілде айында басталған іріктеу сындары кезінде 130 өнерпаз телевизиялық нұсқаға қатысты. Содан бері әнші боламын дегендердің әлсіздері біртіндеп жобадан шығып отырды. Кенже Жұманұлы алғашқы маусымда жеңімпаз атанбай-ақ, өнерде жолы болып кеткен жас дарындардың болғанын айтады. Мәселен, жоба барысында танылған әнші Мархаба Сәбиева Белоруссияда өткен «Славян базары» байқауында, содан кейін Чехияда өткен «Гауһар дауыс» байқауында бірінші орынды жеңіп алған. Сол сияқты «Қазақстан дауысы» байқауына қатысқан бірқатар талант иелері Алматыға қоныс аударып, продюсерлерін тауып, өнер жолына біржолата түскен. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.