Жуырда елорда іргесіндегі Қараөткел кентінде орналасқан 5573-әскери бөлімінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесі үшін әскери оркестрлер арасында өткізілетін «Әскери керней» фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Бұл мәдени шара биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып, дәстүрлі әрі халықаралық деңгейдегі фестивальға айналды. Астана әкімдігінің қолдауымен өткен шара – егемен елдің мерейлі асулары – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, Қазақ хандығына – 550 жыл толуы мен Ата Заңның 20 жылдық мерейтойларына арналды.
Сайысқа еліміздің Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылықтарының, Мемлекеттік күзет қызметінің, ҰҚК Шекара қызметінің, сондай-ақ, Ресей Федерациясы ІІМ Ішкі әскерлерінің «Солтүстік-Батыс» өңірлік қолбасшылығы штабының (Санкт-Петербург) оркестр ұжымдары қатысты.
Шара әскери оркестрлердің өнерін жұртшылыққа кең көлемде насихаттауға, өнер ұжымдарының шеберлігін шыңдауға, әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған.
Фестиваль аясында 10 әскери оркестр ұжымы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогы үшін шығармашылық өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, аталған әскери оркестр ұжымдары қаладағы Оқушылар сарайының, «Жастар» сарайының және «Қазақстан» спорт кешенінің алдындағы алаңдарда түрлі жанрдағы шығармаларды нақышына келтіре орындап, жұртшылықты керемет әсерге бөледі.
Шығармашылық байқау соңы сенбі күні «Астана, саған арнаймыз!» атауымен Астана қалалық әкімдігінің алдындағы алаңда Гала-концертке ұласты. Музыкалық шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов ашып, әскери оркестрлердің тартымды өнерін тамашалауға келген елорда тұрғындарын әсерлі кешті бірге бөлісуге шақырды.
Сайыстың мәре сынында әр оркестр ұжымы өздерінің кәсіби шеберліктерін, шығарманы үйлесімді орындау өнерлерін, вокалдық және музыкалық қарымды қабілеттерін, сонымен қатар, саптық әндерді орындауда көрерменді тәнті етер шеберліктерін жұртшылыққа паш етті. Өнерпаздар ұжымы жиналған қала қонақтары мен тұрғындары үшін әртүрлі музыкалық, атап айтқанда, дефиле, рок, джаз, поп және классикалық музыкадан шашу шашты. Оның ішінде қазақ композиторларының да шығармалары болды.
Сайыс қорытындысы бойынша, Гран-приді Семей қаласынан келген Шығыс өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511-әскери бөлімнің әскери оркестрі жеңіп алды. Әсіресе, сайыста Отан қорғаушылар қаруды қолданудың түрлі, әсем көрсетілімін жасаған кезде жиналған қауым зор ықыласпен ду қол шапалақтады. Бұл әдіс әскери қызметтің мәртебесін асырып, келер ұрпақтың қарулы күштерге деген қызығушылығын оятса керек. Көкте әуелеген дабыл, дауылпаз, сазсырнай әуені адам жанымен қосыла үндесіп, көпшілікті бір серпілтіп тастады.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист.
АСТАНА.