Облыстық ішкі істер департаментінде 23 маусым – күні қарсаңында «Менің Қазақстаным. Менің полициям» атты балалардың шығармашылық байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқауға облыстың ішкі істер органдары қызметкерлерінің 3-13 жас аралығындағы балалары қатыстырылды. Байқаудың басты мақсаты жас ұрпақтың бойында Қазақстан полициясына деген құрметті қалыптастыру, балаларды отансүйгіштікке, өзінің ата-анасын мақтан тұтуға баулу және ең бастысы, мемлекеттік тілді білу мен құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады.
«Менің Қазақстаным. Менің полициям» байқауы балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, екі бағытта өткізілді. Бірінші бағыт бойынша 3 -10 жастағы балалар өздерінің салған суреттерін ұсынса, екінші бағыт бойынша 6-13 жастағы жеткіншектер өздері жазған шығармаларын тапсырды.
Байқауға 30 бала өз жұмыстарын ұсынды. Полиция қызметкерлерінің балалары ұсынған әрбір суретте олардың Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігі айқын көрінсе, олардың жазған шығармаларында полиция қызметкері болып жұмыс істейтін ата-аналарына деген құрметі, мақтанышы аңғарылады.
Байқау облыстық деңгейде өткізілгендіктен, оған барлық қалалық, аудандық полиция бөлімдерінде қызмет ететін полицейлердің балалары да қатысты. Әсіресе, Шалқар, Темір, Әйтеке би аудандарында қызмет ететін полиция қызметкерлерінің балалары аса белсенділік танытты.
«Менің Қазақстаным. Менің полициям» атты балалар байқауының қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды анықтау және қатысқан ешбір баланы назардан тыс қалдырмауды ұстанған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимовтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында балалардың жұмыстары сараланып, қызу талқыланды. Сондай-ақ, балалардың туындыларын барынша әділ бағалау үшін комиссия құрамында журналистер, тілшілер, облыстық тілдерді дамыту басқармасының, қаладағы Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің мамандары да болды.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар мен бес номинация тағайындалды. Оның ішінде ең кішкентай қатысушылар да назардан тыс қалған жоқ. Оларға «Ең кішкентай өнерпаз», «Талабы таудай балапан» сынды номинациялар белгіленді. Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік концертте жүзеге асырылады. Қатысушы балақайлардың барлығына облыстық ІІД бастығының мақтау қағаздары мен алғыс хаттары, сыйлықтар табысталып, ІІД басшылығымен естелік суреттерге түсірілетін болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТӨБЕ.