• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Маусым, 2015

Астана. Алтын белгі. Алаулаған армандар

400 рет
көрсетілді

Өткен сенбіде «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша өз білімдерін дәлелдеген елорда түлектеріне «Алтын белгі» төсбелгілерін табыстады. Дәстүрлі Алтын белгі төсбел­гілерін табыстау рәсіміне Қа­зақ­­стан Республикасы Пар­ламен­тінің депутаттары, қалалық мәс­лихат депутаттары, Білім және ғылым министрлігінің өкіл­дері қатысты. Әкім мектеп бі­ті­ру­шілерді үлкен өмір са­парына бастаған атаулы күн­мен және білімдерін растайтын алғашқы құжатты алулары­мен құттықтады. Қала басшысы, сондай-ақ, биыл Алтын белгі иегерлерінің саны 84-тен 111 түлекке дейін өскенін атап көр­сетті. Астана қаласында биыл Ұлт­тық бірыңғай тестілеуге 3399 тү­лек қатысты. Олардың 111-і Ал­тын белгі иегері атанды. Ай­та кетейік, №59 орта мектептің түлегі Риана Мұстафина ҰБТ қо­рытындысы бойынша 125 бал­ға қол жеткізді. Сонымен қатар, №10 және №70 орта мектептерінің екі түлегі 124 балл еншіледі. ҰБТ қорытындысы бойынша Астана қаласы бойынша орташа көрсеткіш 86,26 баллды құрады. 2015 жылы елорда алғашқы рет ҰБТ-ның композиттік индексі бойынша еліміздің басқа аймақтарының арасында бірінші орынды иеленді. Әділбек Жақсыбеков жылдар бойы оқу­шы­ларға сапалы білім, саналы тәрбие бер­ген ата-аналар мен мұғалімдерге алғыс білдірді. – Елордада білім деңгейі жыл­дан-жылға артып келе жатқаны қуанышты жайт. Астана білім сапасы бойынша елімізде бірінші орында тұр, – деді әкім. Сонымен қатар, қала басшысы елімізде 2011-2020 жылдарға арналған білім саласын дамытудың мемлекет­тік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, жақында ғана Білім және ғы­лым министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі арасында бекітілген 2015-2017 жылдарға арналған білім жүйесін жетіл­діруге бағытталған меморандум да қаламызда білім сапасын арттыруға септігін тигізбек. – Астанада білім саласының дамуына инфрақұрылымдық даму жағдайы да оң әсер етеді. 17 жылдың ішінде елордада 44 мектеп салынды. Сонымен қатар, биыл 5075 орынға есептелген жалпы білім беретін 5 мектеп пен 1050 орындық мектепке қосымша ғимарат салынбақ, – деді елорда басшысы. Әкімнің атап өтуінше, елімізде білім саласын дамытуға Мемлекет басшысы ерекше назар аударады. Бүгінгі күннің өзінде-ақ оң нәтижелерді байқауға болады. Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша 399 оқушы халықаралық олим­пиадалар мен ғылыми жарыс­тар­ға қатысты, соның ішінде 238-і медальдармен марапатталды. – Бүгінде елордада еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары орналасқан, олардың есіктері сіздер үшін әрдайым ашық және бұл мекемелерде отандық және шетелдік білікті мамандар жұмыс істейді, – деді әкім. Суреттерде: кештен көріністер. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.