Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің ел халқына арнаған Жолдауында “Дені сау ұлт” инфрақұрылымдық бағдарламасын көтере отырып, оның өміршеңдігін алға тартқан еді және “Атқарушы биліктің жаңа стадиондар мен спорт кешендерін, балаларға арналған және басқа да спорт алаңдарын салу мен ескілерін жаңарту арқылы барлық жастағы адамдардың спортпен шұғылдануына, өздерінің бойларын сергек ұстауына, сөйтіп, өмір жастарын ұзартуға жағдай жасауы қажет”, деп спорт пен дене шынықтыру саласына ерекше маңыз беріп атап өткендігі баршамызға аян. Осы бағытты іске асырудың бір көрінісі ретінде Қарағанды облысы, Нұра ауданында өткен “Сарыарқа – 2010” жазғы ойындарын айтуға болады.
“Сарыарқа – 2010” жазғы ойындар спартакиадасы биыл өзіндік ерекшеліктерге толы болды. Аталмыш шараны Парламент Сенатының депутаты Оралбай Әбдікәрімов, Мәжіліс депутаты Дауылбай Құсайынов бастаған өңір азаматтары тамашаласа, ашылу салтанаты тоғыз ауданның спорттағы сайыпқырандары жеткен жетістіктерін айтумен басталып, аудан әкімі С.Шайдаров, облыс әкімінің орынбасары Т.Рақымбеков, Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов құттықтау сөздерін спорт сүйер қауымға жолдады. Бұдан соң арнайы тігілген костюмдерін киген 700-ге тарта жас бір мезетте ұлттық нақышта “Қара жорға” биін билеп, театрландырылған қойылым көрсетсе, оның соңы мерекелік отшашуға ұласты. Бұл сында Нұра ауданы 1-орынды иеленді.
Шыңғыс МЫРЗАХМЕТ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.