• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2010

ӨЗІҢДІ ІСТЕ ТАНЫТ

625 рет
көрсетілді

Өз өлкеңді, оның жалпы табиғатын аялап сақтау барлық уақыттарда қастерлі парыз саналып келген. Мұның өзі аумағында Қарашығанақ сияқты қазыналы кен орны орналасқан өңір үшін тіптен маңызды. Ол көмірсутегілердің қоры бойынша әлемдегі аса ірілердің санатына жатқызылады. Әлбетте, мүлдем зиянсыз мұнай-газ кәсіпшілігі болмайтыны белгілі. Сондықтан табиғат қорғау тәжірибесі тұрғысынан келгенде мұндағы міндет табиғатқа әсер ету зардабын барынша азайтуға саяды. Бұған жерасты байлығын игеруде сауатты әрі білгір мамандар жұмыс істеген жағдайда ғана қол жетпек. Қарашығанақта біліктілік пен кәсібилік деңгейін арттыруға зор маңыз беріледі. Бұл жұмыс “Қара­шы­ғанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.” компаниясында жоспарлы һәм дәйекті жүргізіледі. Мұнда ізгі ниетті мансапқорлыққа жол ашық. Қызметкерлерді баулу және да­мыту бөлімі қызметкерлердің әлеуеті мен мүмкіндіктерін баға­лау­дың мұқият ойластырылған бағамдарын әзірлеген. Кен орнын игеруді дүние жүзіне белгілі компаниялар альян­сы жүзеге асыруда. Олар – Би-Джи Групп, Эни, Шеврон және ЛУКОЙЛ. Халықаралық стандарт­тарға сай келетін жұмыс тәжіри­бе­сімен бірге консорциум қа­зақ­стандық кадрларға қызмет са­ты­сында өрлеуге, біліктілікті арт­ты­руға, барған сайын неғұрлым жа­уапты, демек, жақсы жалақылы лауа­зымдарды атқаруға мұрсат бе­ретін білімді тегін алатын мүм­кін­дік ұсынады. КПО қыз­мет­керлерді баулу және дамыту бө­лі­мінің менеджері Елена Землян­ская­ның айтуынша, оқыту көп­те­ген бағыттар бойынша жүргізіледі. Ол дегеніңіз – техникалық біл­гірлікті, бизнес-машықтарды, компьютерлік сауаттылықты, басқару сапаларын дамыту. Қарашығанақта технология мен жабдықтар үнемі жетілдірілу үстінде. Техникалық күрделі үдерістер тек шебер қолдарға сеніп тапсырылады. Сондықтан, бы­лай­ша айтқанда, кәсіби машықтарды жақ­сартуға өмірдің өзі мәж­бүр­лейді. Ұжым жаңа мамандармен толыға түседі. Жұмысқа кіріспес бұрын олар компанияның жоғары талапта­ры­на бейімделуге мүм­кіндік беретін бағдарламаларды игереді. Екі жылдан бері мұндай тәлім ОРІТО техно­логиясы бойынша Ұлыбри­та­нияның мұнай және газ академиясында жүр­гі­зілуде. Бұл – мұнай-газ саласы үшін қыз­мет­кер­­лер даярлаудың жалпы жұрт­шы­лық мойындаған әлемдік тә­жірибесі бар оқу орны. Кен орнының әкімшілік орталығы болып табылатын Ақсай қаласында тренинг-орталық жұ­мыс істейді. Онда КПО қыз­меткерлері мен мердігер ұйымдар қызметкерлерінің басым бөлігі даярлықтан өтеді. – Көбіне-көп оқу үдерісі өндірістен қол үзбей жүргізіледі. Теорияны тікелей өндіріс тәжірибесімен ұштастыру елеулі артықшылықтар береді. Ең алдымен, тәлім алушы жалпы теориялық курстан өтпейді, оның есесіне оқытушыға өз жұмысының ерекшелігі тұрғысынан сұрақтар қояды. Соның нәтижесінде өзінің күнделікті ісінде қажетті машықтар алады. Біз ең заманауи оқыту тех­но­логияларын өндірістік үдеріске барынша жақындатуға тырысамыз. Мұнда ең жоғары деңгейдегі оқытушыларды әкеліп, білімді импорт­таймыз. ОРІТО бағдар­ламасы тек кәсіби шеберлікке ғана баулып қоймай, бір командада жұмыс істей білуге, алған ақпаратты талдауға, оны алдағы міндеттермен салыстыруға, сөйтіп осы негізде дұрыс шешімдер қабылдауға үйре­теді. Яғни, нұсқау бойынша ғана әрекет жасамай, неғұрлым жоғары нәтижелерге саналы түрде жете білген абзал. Ең алдымен, қауіпсіздік техни­касының нормалары мен ереже­лерін сақтауға қатаң талап қо­йылады.  Жұрттың бәрінің оларды жатқа біліп, бұлжытпай орын­да­уына тура келеді. Титтей бұр­ма­лау­шылықтардың өзіне бірден тыйым салынады. Қауіп­сіз­дік техникасы жөніндегі сынақ ең маңызды емтихан ретінде қабыл­данады. Оның қадағалануы барлық ны­сан­дарда мұқият бақыланады. Елена Булатованың қызметі нақ осылай – кен орнындағы қауіпсіздік тех­ни­касы бөлімінің менеджері деп ата­лады. Ол кез келген кәсіби даярлық қоршаған ортаға зиян тигізбейтін қауіпсіз жұмыс машықтарына үй­ре­тетін кешенді дәйекті бағ­дар­ламадан тұратыны жайлы айт­ты. Бұл бағдарлама сәтті қолданылуда. Осы жылдың мамырында “Қара­шығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.” “Би Джи Групп” компаниясы жыл сайын өткізетін беделді кон­курстың жеңімпазы болып, енші­леген жоғары марапат осының айғағы. “Қоршаған орта” ұсыны­лы­мында “Экоцентр” жобасы бірінші орын алды. Ал КПО қолданып жүрген қалдықтарды кәдеге жарату, қайта өңдеу және бұрғылау ерітінділері мен шламдарды қауіпсіз орналастыру технологиясы тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге дүниежүзіндегі ең жетілген технология деп танылды. Кен орнында тәлімгерлік бағдарламасы да тиімді пайда­лануда. Бұл дегеніңіз шеберліктің тізбекті реакциясына ұқсайды. Яғни, шеберліктің қыры мен сырын жете меңгерген бесаспап қызметкер өз тәжірибесін жаңадан келгендерге немесе кейінгі толқын жастарға береді. Қызметкерлерді баулу және дамыту бөлімінің мамандары мұндай ынтымақтастықтың нәти­же­лерін хал-қадерінше түзетуге және талдауға көмектеседі. Айт­қандай, тәлім алушының тәлімгер таңдауға мүмкіндігі бар. Өйткені, бұл орайда, тек кәсібилік қана маңызды емес. Сонымен бірге психологиялық қабысушылық, сенім факторы мен мұғалімнің беделі ескеріледі. Барлық осы шарттар үйлескен кезде ғана оқу міндетті ауыртпалыққа емес, саналы түрдегі шығармашылық үдеріске айналады. Яғни, бұл ретте бейне “өзің білсең, басқаны үйрет” қағидатын басшылыққа алатын кәсіпқойлықтың тізбекті реакциясы жүргендей болады. – Бұл жүйе өмірге келгелі төрт жылдай болды, – деп түсіндіреді Елена Землянская. – Ол жастарға кәсіби тұрғыда жетіліп қана қой­май, сонымен бірге әріптестермен ортақ тіл табуға да септігін тигі­зеді. Өйткені, біз әркез адамдарды жұмысқа қабылдағанда олардың білім деңгейін еске аламыз. Ал жұмыстан шығаруға келгенде негізгі себеп жаңсақ немесе сыпа­йылыққа жатпайтын мінез-құлық болып табылады. Жас қызметкер тәжірибелі тәлімгермен бірлесіп жұмыс істеген кезде шиеленісті ахуалдар іс жүзінде сап тыйылады. Ұжымдағы жақсы адамгершілік-психологиялық ауан табысты жұмыс үшін өте маңызды. Бұл жағдайда ұйымшыл да ынтымақ­шыл команда жасақтау мақсаты көзделеді. Мұнда әркім тек бас пайдасын ойламай, ұжымдық табысқа икемделеді. Генерал болуды арманда­май­тын солдат нашар солдат. Бірақ армандап қою ғана жеткіліксіз. Мансапты өрлету үшін барлық қызмет баспалдақтарынан өтуге тура келеді. №3 кешенді газ өңдеу қондырғысының менеджері Ержан Қанатовтың қызметтік өмірбаяны нақ осылай қалыптасты. – Қызметкерлерді даярлау мәселеле­рі­не ұжымдық тұрғыдан қарау кадр­ларды ұлттандырудың жоғары қарқынын қамтамасыз етеді, – деп түсіндіреді ол. – Баулу бөлі­мі­нің мамандары мен бөлімше бас­шылары қызмет­керлермен бір­лесіп мансапты дамыту жос­пар­ларын әзірлейді. Бұл ең тиімді – жеке тұрғыдан қарау әдісін қолдануға мүмкіндік береді. ОРІТО жүйесі бойынша оқып-үйрену курсынан өткен жігіттердің кәсіби даярлық деңгейі айтарлықтай жоғары. Тәжірибелік курсты тәмамдағаннан кейін олар шын мәнісінде бәсекеге қабілетті мамандарға айналуда. КПО-да мансаптық өсу үміткерлерін іріктеуге байыппен және ұтымдылық тұрғысынан қа­райды. Оларды жауапты, жоғары тиімділікпен жұмыс істей­тін адамдар қатарынан таңдайды. Халықаралық деңгейдегі білікті­лік­пен қоса, зәру сұраныстағы мамандық алу мүмкіндігі, әрине әр уақыт алдан шыға бермейді. Қарашығанақтағы тілдерді үйрену тәжірибесі де назар аударарлық әрі сыннан өткен. Кен орнында да, Ақсайда да үш тіл – ағылшын, қазақ және орыс тілдері қол­да­ныста деп сенімді түрде айта ала­мыз. Яғни, бұл жерде іс жүзіндегі нақты үш тілділік өмір ақиқаты. Кәсіпшілік істе өзіңді  ұдайы және күнбе-күн таныту қажеттігін жақсы түсінеді. Мұнай және газ өндіру сияқты саладағы мамандық адамға бір рет қана беріліп қой­майды. Ол барған сайын неғұрлым сапалы білімді қажет етеді. Демек, үздіксіз оқу керек, өмір бойы ізденіп, үйрену керек. Қара­шы­ғанақта тағы бір ереже бұл­жымас заңға айналған. Өзіңе неғұрлым биік меже белгілесең, соғұрлым зор нәтижеге қол жеткізесің. Бү­гінгі таңда білімнің беделі үздіксіз өсу үстінде. Сондықтан “Қара­шы­ғанақ Петролиум Опе­рей­тинг Б.В.” компаниясының шетелдік және қазақстандық мамандардың тең бәсекелестікте болуына мүм­кіндік беруі өте маңызды жағ­дай­лардың бірі деп санаймыз. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Батыс Қазақстан облысы.