Curtiss Autoplane
Расымен, әуеде ұшатын автокөліктің жоспары осыдан 100 жыл бұрын жасалған. Америкалық Глен Кертис алюминий ерітіндісінен ауыр және бұрылмайтын құрал жасап шықты. Өзі ұшатын көлік деп атаған сол агрегаттың 12 метр құрайтын қанаттары мен артқы жағында 4 құлақты қалағы болған. Алайда, көлік жерден санаулы сантиметрлер көтерілгені болмаса, ешқашан ұшқан емес. Соған қарамастан, Глен Кертис ұшатын көлікті жасап шығуға болатынына көзімізді сол кезде-ақ жеткізіп кетті.ConvAirCar
Содан бері бірнеше қанатты көліктің нұсқалары жасалды. Өкінішке қарай, сынақ кезінде басым бөлігі қайғылы жағдаймен аяқталды. Мысалы, 1947 жылы ConvAirCar (Model 118) деп аталатын аэромобиль ұшу кезінде апатқа ұшырады. Бұл көліктің бір ерекшелігі, өздеріңіз көріп отырғандай кәдімгі ұшақ пен қарапайым автокөліктің қосарлануы арқылы жасалған. Бастапқы кезде көлік өте жақсы нәтиже берді. 72 шақырымға 5 литр жанармай шығындайтын ол кезекті сынақ сапарынан аман қонбады. Апат жанармай жүйесіндегі ақаудың салдарынан болған. Екі жылдан кейін жұмыс қайта қолға алынғанымен, қаржы көзінің тапшылығына байланысты мүлдем тоқтап қалды.A-40
Ұшатын көліктердің тарихына зер салсақ, ұшақ пен танкті қосу арқылы да дайындалған нұсқасын көреміз. А-40 деп аталатын бұл көлік 1942 жылы Мәскеу түбінде сынақтан өткен. Жоба авторы – КСРО авиаконструкторы Олег Антонов. Дегенмен, оның бұл жобасы өте сәтсіз болды. Ұшатын танктің салмағы тым ауыр болуына байланысты көлік жерден 40 метрге зорға көтерілген. Соңғы 50 жылда авиация саласы өте жоғары қарқынмен дамыды. Соның нәтижесінде, барлық дерлік техникалық қиындықтар жойылды. Қазіргі аэромобиль жасаушылар үшін негізгі екі кедергі бар. Біріншісі, әуеге көтеріліп кету үшін қажетті жылдамдық алатын жердің жетіспеуі. Сондықтан ұшатын көліктерге жеке аэродром қажет деп санайды. Ал екіншісі, кейбір көліктердің қанаттары 5-6 метр болуына байланысты олармен қала ішінде ұшып-қону оңай емес, дейді.Aeromobil 3.0
Десек те, ғалымдар жоғарыдағы мәселелердің жарасы жеңіл екенін айтады. Тіпті Flying Roadster-де (Aeromobil 3.0) аталған мәселелер толық шешілген. Бұл көліктің жиналмалы қанаты 2,25 метрден аспайды. Яғни 6 метрлік әдеттегі көлік тұрақтарына емін-еркін ұшып-қонуға болады. Сондай-ақ, ол кез келген жерден ұшуға қабілетті. Жылдамдық алу үшін 250 метр жер қажет болса, қону кезінде 50 метрдің өзі жетіп жатыр.Flying Roadster-дің ішкі көрінісі қарапайым көліктен гөрі ұшақ кабинасын еске салады.
Aeromobil 3.0-ке Rotax 912S қозғалтқышы орнатылған. Жанармай ретінде кәдімгі бензин қолданылады. Қуаты 100 аттың күшіне тең (~75 кВт). Бұл аэромобильге сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұшуға мүмкіндік береді. Ал жерде көліктің максималды жылдамдығы сағатына 160 шақырымға тең. Бір мәрте толтырылып құйылған жанармай 500-700 шақырымға дейін жетеді. Сағатына 8-15 литр жанармай кетеді. Көлікті басқару үшін ұшқыш лицензиясының болуы міндетті. Аэромобильде екі адамға ғана орын қарастырылған. Оның бірі ұшқыш үшін болса, екіншісі жолаушыға арналған. Көлік өткен жылдың күзінен бері тұрақты сынақ ұшуларын өткізіп келеді. Мамандардың айтуынша, Flying Roadster жағдайы бар адамдарға арналған. Десе де, алғашқы бағасы қандай болатыны әзірге белгісіз. Krossblade Sky Cruiser Жуық арада дайын болатын келесі ұшатын көлікті АҚШ-тың Krossblade Aerospace Systems (KAS) компаниясы жасауда. Компания директоры Дэниел Любричтің айтуынша, болашақта квадрокоптер сынды вертикальді ұшып-қонатын көліктер сұранысқа ие болмақ. Сондықтан KAS Sky Cruiser көлігі сол талаптарды ескере отырып дайындалуда. Бұл көлікке жиналмалы қанаттар, жиналмалы және электр жетегіне қосылған 4 ротор, сондай-ақ, Ванкель ротор қозғалтқышы орнатылған. Жалпы, аталған аэромобильдің конструкциясы «Темный рыцарь: Возрождение легенды» фильміндегі бэтмобильге ұқсайтынын айта кетейік. Sky Cruiser-дің Aeromobil 3.0-ден айырмашылығы ұшып-қону үшін ешқандай жер қажет емес. Көлік өздігінен вертикальді көтеріліп, қона алады. Бұл әсіресе, көлік тығыны кезінде аса қолайлы. Дегенмен, көліктің көлемі тым үлкен. Қанаттары «жайылған» күйде 9,5 метрге тең. Ал өзінің жалпы ұзындығы 8,4 метр. Мұндай көлікті тұраққа қою оңай болмайтыны анық. Дэниел Любричтің айтуынша, ХХ ғасырда жасалған ұшатын көліктерде компьютердің болмауына байланысты, ұшқыш барлығын қолмен басқаруға мәжбүр болған. «Ол кезде ұшқыштар тоқтаған және бұрылған кездерде ротордың салмағын қолмен реттеп отырған. Бұл сала ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар пайда болған кезден бастап қарқынды дамыды. Қазір бізде борт компьютелері бар. Ол жерде бір тетікті басып қойып бүкіл көлікті басқаруға болады», дейді Д.Любрич. My Copter My Copter жобасын Еуропалық Одақ қаржыландырып отыр. Инженерлердің жоспары бойынша бұл аэромобиль негізінен көлік тығынын азайтуға бағытталған. Яғни алдында кедергі тап болса, көлік өздігінен ұшып кез келген бөгеттің үстінен әуе арқылы басып өтуі тиіс. Әзірге мұндай машинаның сынағы әлі өткен жоқ. Соған қарамастан, ЕО авиабасқару мәселелерін шешіп, ұшқыш лицензиясын көптеп таратуды қолға алуда. Сол үшін бүгінде аэромобильдерді қолдану ережесін оқытуда.Еуропалық институттар My Copter жобасын дайындауда көліктің ішкі көрінісіне ерекше мән беруде. Олар мұндай қатынас құралдарының кабинасы кәдімгі автокөліктермен бірдей болуы керек деп есептейді. Сондай-ақ, My Copter көлігін кез келген адам басқара алатындай қолайлы қылып жасау көзделуде.
ONE (Pal-V) Кейбір ұшатын көліктер қазірдің өзінде шығарыла бастады. Мысалы, Нидерландының Pal-V компаниясы One жобасында мотоцикл мен тікұшақтың қосарланған түрін жасап шығарды. Тігінен көтерілу үшін жиналмалы, әдеттегі тікұшақтардікіндей екі құлақты қалағы бар. Қалақ еркін айналмалы ротордың көмегімен жұмыс істейді.ONE аэромобилі үш дөңгелекті
Бұл көлік те екі орынды. Бірі ұшқышқа арналса, екіншісі жолаушы үшін. Қуаты 160 кВт қозғалтқыш машинаға жер мен әуеде сағатына 180 шақырым жылдамдықпен жүруге мүмкіндік береді. Ұшу кезінде ең ауыр жүк көтеру мүмкіндігі 910 кг-ға тең. Қажет жанармай – бензин. Pal-V компаниясы 2012 жылы ONE аэромобилін сынақтан сәтті өткізді. Ал 2014 жылдың мамыр айында тапсырыс қабылдай бастады. Алғашқы сериясы санаулы ғана данамен шықпақ. Бастапқыда тек 45 көлік шығаруды жоспарлаған компания әрқайсысын 500 мың еуроға бағалап отыр. Тапсырыс берушілерге көліктерін 2016-2017 жылдардан бастап жеткізіп береді. 5. TF-X (Terrafugia) Америкалық Terrafugia компаниясы ұсынып тырған TF-X деп аталатын көлік нағыз «трансформер». Электрлі қозғалтқышпен жұмыс істейтін аэромобильдің ұшып-қонуы квадрокоптерге ұқсас. Көліктің тарту күшін екі гибридті-электрлі қозғалтқыш қамтамасыз етеді. Әр қозғалтқыштың қуаты 670 аттың күшіне тең (~500 кВт).TF-X үш орындық көлік. Оның біреуі ұшқышқа арналғаны белгілі. Ұшу кезіндегі максималды жылдамдығы сағатына 322 шақырымға тең. Бір мәрте толтырып құйылған жанармай 800 шақырым жүруге жетеді.
Бұл көлік түрінің алғашқы нұсқалары 6-12 жылдан кейін шығады деп жоспарланып отыр. Ал сынама түрлерін одан ертерек көреміз. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hitech.vesti.ru.