• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
23 Маусым, 2015

Аулаларды абаттандыру ауқымы айтарлықтай

619 рет
көрсетілді

Елбасының тікелей тапсырмасымен соңғы жылдары Астана қаласында тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмысы белсенді жүргізіліп келеді. Осы кезең ішінде елордада  800-ге жуық аула күрделі жөндеуден өткізіліп, абаттандырылды. Елордадағы осындай күрделі жөндеуден өткен  аулалардағы балалар ойнайтын түрлі-түсті қондырғыларды, құм төселген алаңдарды, асфальтталған жаяу жүргіншілер жолдарын көргенде көңілің толып, бас қаламызды көгалдандыру және көркейту мақсатында шын мәнінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына тәнті боласың. Биылғы жылы да осы бір игі дәстүр лайықты жалғасын табуда. Қала әкімдігі белгілеген жоспар бойынша, биыл елордада 40 аула абаттандырылады.  Жоспар бойынша бұл аулаларда жаңа ойын және спорт тренажерлары орнатылып, алаңдарға резеңке төсеніштер төселеді.  Балалар ойнайтын аулалар шарбақтармен қоршалады. Түрлі-түсті бояумен әрлендірілген балалардың ойын алаңдарындағы көрініс еріксіз ертегі қалашығын елестетеді. Үстіміздегі жылы Алматы ауданы аумағында 27 аула абаттандырылып, 36 ойын және 11 спорт алаңы жарақтандырылады. Жаңа орындықтар, демалыс орындары, құм шашылған ойын алаңдары іске қосылады. Сонымен бірге, осы аудан аумағында 378 автокөлікке арналған көлік қоятын жаңа тұрақтар жасалады. Өткен жылы Алматы ауданы бойынша 34 балалардың ойын алаңы және 5 спорт алаңы жабдықталып, 20 аула абаттандырылған болатын. Биыл, Есіл ауданында Сарайшық, Қабанбай батыр, Ақмешіт, Сауран және басқа көшелердегі тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылады. Сарыарқа ауданы бойынша Бөгенбай батыр көшесі №48-50, Бейбітшілік көшесі №26-28, Жеңіс даңғылы №19-21 және басқа көше­лердегі 6 аулада күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүргізу жоспарлануда. Бұл аулаларда асфальттық жабындылар жаңар­тылады, спорттық тренажерлар орна­ты­лып, балалар ойнайтын алаңдар жаб­дық­талады. Аулаларда ағаш егіліп көгал­дан­дыру шаралары іс жүзіне асыры­лады. Ойын алаңдарында балалардың жарақат­тануын азайту мақсатында жұм­сақ резең­ке жабындылар төселіп, құм төгіледі.