• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2015

Әлемде әлсіреген ұйымдар көп

550 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары дүниенің төрт құбыласына бірдей салқынын тигізіп тұрған қаржы-экономикалық дағдарыс тек Еуропада ғана емес, басқа да құрлықтарға көп қиындықтар келтіріп отырғандығы сезіледі. Соның ішінде әлемнің ең ірі экономикасы саналатын Америка Құрама Штаттарының өзінде кейбір салалар бойынша жағдайдың мәз еместігі сезіліп қалуда. Мұнда мұнай өндіру көлемі төмендеп, кейбір банктердің қызметі тоқтатылуда. Осындай жағдайлар әлемнің басқа да нүктелерінде байқалып отыр.

Ливия мұнай өндіруді тоқтатуы мүмкін

Ливияның ұлттық мұнай компаниясы әскери кикілжің салдарынан мұнай өндіруді тоқтатуы мүмкін. Компанияның баспасөз қызметі осы туралы хабарлаған. «Мұндай оқиғаның (мұнай кен орын­­дарына әскери шабуылдардың) қайта­дан қайталануы мұнай кен орындары мен мұнай компанияларының техникалық қызметкерлерінің елден кетуіне алып келуі әбден мүмкін. Біз жұмысшылардың қауіпсіздігін қам­та­масыз етуде қиындықтарға душар болу­дамыз. Еңбеккерлердің қауіпсіз жағ­дайда жұмыс істеуін қамтамасыз ету және кен орындарындағы операция­ларды жүргізу өте қиынға түсуде. Осы жағдай­ға байланысты ұлттық мұнай корпорациясы мұнай құбырларын қорғайтын күзет­шілердің саны жеткіліксіз екенін атап көрсетеді», деп жазылған хабарламада. Компания осы жағдайға орай елдің қор­ғаныс министрлігінен мұнай кен орын­­да­рын шабуылдар мен бұзақылардан қор­ғау үшін тиісті шаралар қабылдауды сұраған. «Бұл оқиғалар бұдан әрі жалғасатын болса, ұлттық мұнай корпорациясы барлық кен орындарындағы опе­рация­ларды тоқтатуы мүмкін», деп хабарланған. ОПЕК құрамына кіретін Ливия Африкадағы көмірсутегі шикізатының үлкен қорына иелік етеді. Кикілжің басталғанға дейін 2011 жылдың ақпан айында бұл елде мұнай өндірудің тәуліктік көлемі 1,6 миллион баррельге дейін болатын. 2014 жылы өндіру көлемі тәулігіне 430 мың баррельге дейін төмендеді. Ал 2015 жылдың қаңтар айында бұл көрсеткіш тіпті, тәулігіне 350 мың баррельге дейін түсіп кетті. Ливия бұрын «Татнефть» және «Газ­пром нефть» компанияларымен жұмыс істеді. 2014 жылдың қараша айында Ли­вия­ның ұлттық мұнай корпора­циясының өкілдері «Татнефть» компаниясымен ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде келіссөздерді қайтадан бастаған болатын. Ливиядағы әскери операциялар басталғанға дейін «Татнефть» компания­сы 2005 жылдан бастап концессиялық келі­сім негізінде жұмыс істеп келген еді. Сөйтіп, бұл компания 2014 жы­лы өз жұ­мысын қайта бастауды жоспар­ла­ған болатын. Енді осы жоспарды жүзеге асы­руға мұнай кен орындарына жаса­лын­ған әскери шабуылдар кедергі келтіру үстінде.

АҚШ-та қара алтын бұрғылау азайды

Америка Құрама Штаттарында жұмыс істеп тұрған бұрғылау қондырғыларының саны 98 бірлікке азайып кетті. Ал жалпы, жыл көлемінде бұрғылау жұмыстарын тоқтатқан қондырғылардың саны 406 бірлікті құрап отыр. Бірақ соңғы аптада АҚШ-тағы су бетіндегі бұрғылау қондырғылары екі бірлікке өскендігі хабарланды. Берілген баспасөз мәліметтеріне қара­ған­да, Канадада да осындай жағдай орын алуда. Мұндағы мұнай кен орындарында бұр­ғылар 14 бірлікке өскенімен, газ кен орын­дарында олардың саны 13 бірлікке азайған. Жыл ішінде Канадада 242 бұр­ғы­лау қондырғысы пайдаланудан шы­ғарылған.

Жаңа кен орындары кеміп келеді

Әлем бойынша жаңадан ашылып жатқан мұнай мен газ кен орындарының саны барған сайын азайып келеді. 2014 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 20 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түскен. Осыған байланысты, сарапшылар бұл мәселенің әлемдік экономика үшін болашақта үлкен проблемаға айналуы мүмкін екендігін айтып, алаңдаушылық білдірген. Әзірге жарияланып отырған бұл факті мұнай бағасын қалыпты деңгейге ұстауға ықпал етуі мүмкін. Алдын ала алынған мәліметтер Солтүстік Америкадағы тақтатас және басқа да кен орындарын есепке алмаған жағдайда табылған мұнай және газ кен орындарының азайып келе жатқандығын көрсетеді. IHS компаниясының жүргізген зерттеулері мұндай көрсеткіштің 1995 жылдан бергі ең төменгі деңгейге жеткендігін білдіреді. Ал енді бір деректер 2014 жылғы жаңа­дан ашылып жатқан мұнай және газ кен орындарының азаюын 1952 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш ретінде бағалаған. Жағдай әсіресе, мұнай кен орындары бойынша күрделене түсуде. Мұның өзі алдағы уақыттары мұнай өнімдерін экспорттаушы елдер ұйымының жаһандық сұранысты қамтамасыз етуде неғұрлым белсенді рөлге ие бола түсетіндігін көрсетеді. Жаңадан алынған мәліметтер бойынша 2014 жылы бар болғаны 16 миллиард баррель мұнай эквивалентіне тең мұнай қорының байқалғандығы анықталып отыр. Мұның өзі соңғы төрт жылдан бері жаңа мұнай қорларының ашылу көлемі азаю үстінде екендігін білдіреді. Ал жалпы, сарапшылардың пікірі бойынша мұнайдың азаюы 1950 жылдан бастап жүйелі үдеріске енген. Жаңа мұнай кен орындарын әзірлеу ұзақ жылдарды қажет ететін жұмыс екендігі белгілі. Демек, мұнай қорын арттыру үшін алда ұлан-ғайыр жұмыстардың күтіп тұрғаны анық. Осыған орай, сарапшылар көрсет­кіштердің төмендеуін өте қауіпті құбылыс ретінде атап көрсеткен. Дегенмен, қазіргі қолдағы бар мәліметтер 2020-2025 жылдары болуы мүмкін жағдайды анықтауға аздық ететін көрінеді. Сарапшылардың пікірінше, әлі күнге дейін «алып» деп атауға лайық бірде-бір кен орны ашылмаған. Қоры 500 миллион баррельдік мұнай эквивалентіне тең бір мұнай кен орны бар екен. Бірақ зерттеу жұмыстарын жалғастыра келе бұл көрсеткіштің төмендеу жағына қарай өзгеруі әбден мүмкін көрінеді. Ең бір қызығы, осы қатерлі құбылыстың мұнай бағасының төмендеуімен қабаттаса орын алып отырғандығы. Осы ретте сарапшылар жаңа мұнай кен орындарын ашу мұнай қорын арттырудың бірден-бір жолы емес екендігін атап көр­сетіп отыр. Компаниялар өз әлеуеттерін қолда бар кен орындарын кеңейту есебінен де көтере алады. Оның үстіне дәстүрлі емес деп танылған жаңа көздерді қарастыру да барған сайын қажеттілікке айналып келеді. Мәселен, АҚШ-та тақтатас кен орын­дары, ал Канада мен Венесуэлада ауыр мұнайдың кен орындары табылу үстінде. Жаңа мұнай кен орындарын ашу көрсеткішінің төмендеуі екінші жақтан алғанда дәстүрлі емес көздердің өнімін пайдалану ісін арттыруы мүмкін. Демек, әлемде мұнайға деген сұраныс қайта артқан жағдайда, бұл көздерді пайдалану ісі белсенді сипатқа ие болмақ. Мәселен, АҚШ-тағы тақтатас өнді­рудің күрт артуы мұнай өнімдеріне деген ұсыныстың артуына алып келді. Бұл б­ағаның құлауына едәуір әсер етті. Деген­мен, бұл елдегі тақтатас өндіру деңгейі әлем­дік мұнай өндіру көрсеткішінің 5 пайы­зын ғана құрайтындығын есепке алатын болсақ, мұның өзі тығырықтан шығудың сенімді жолы емес екендігіне көз жеткіземіз. Оның үстіне тақтатас кен орындарын әзірлеу ісі мұнай бағасы жоғарылаған кезде ғана тиімділік беретіндігі байқалуда. Өйткені, дәстүрлі кен орындарының өнім­дерін алуға қарағанда, олар көп шы­ғынды қажет етуде. Демек, қазіргі мұнай бағасының төмендеуі одан әрі жалғасатын болса, жаңа тақтатас жобаларын жүзеге асыру ісі мүлдем тұйыққа тірелмек.

Үшінші банктің жұмысы жабылды

Джорджия штатындағы реттеуші орган Capitol City Bank & Trust Company-дың қызметін тоқтатты, деп хабарланған АҚШ-тағы депозиттерді сақтандыру жөніндегі корпорацияның баспасөз хабарламасында. Сонымен Capitol City Bank & Trust Company 2015 жылдың басынан бастап АҚШ-та жабылған үшінші банк болып отыр. Бұл банктің активтері мен депо­зиттері АҚШ-тағы депозиттерді сақтандыру жөніндегі корпорацияның ке­лісімі бойынша, енді Frist-Citizens Bank & Trust Company қаржы меке­месіне (Солтүстік Каролина Штаты) көшіріледі. Capitol City Bank & Trust Company-дың активтері өткен жылдың 31 желтоқсанындағы мәлімет бойынша 272,3 миллион долларды құраған. Ал депозиттерінің көлемі 262,7 миллион долларға тең болған. Жабылған қаржы ұйымының депозит иелері енді автоматты түрде Frist-Citizens Bank & Trust Company-дың салымшылары болып табылады. Ал АҚШ-тағы депозиттерді сақтандыру жөніндегі корпорация енді осындағы есеп шоттағы қаржыларды сақтандыратын болады. Корпорацияның бағалауы бо­й­ын­­ша, банк қызметінің тоқтаты­луы­на байланыс­ты қордың депо­зит­терді сақтан­дыруға жұмсайтын шығын­дарының көлемі 88,9 миллион долларды құрайды. АҚШ-тағы депозиттерді сақтандыру жөніндегі корпорация әдетте 250 мың долларға дейінгі депозиттағы қаржы­ны сақтандырады. Оның жүйесіне 2014 жылдың үшінші тоқсанының қоры­­тын­дысы бойынша, АҚШ-тың 6589 бан­к ­пен жинақтау мекемелері қатысқан. Өткен жылы бұл елдегі банкротқа кеткен қаржы ұйымдарының саны 18 бірлікті құрады. Бұл 2013 жылы бан­кротқа кеткендерден 6 бірлікке аз. Дегенмен, соңғы 7 жылдың қоры­тындысы бойынша алғанда, құрдымға кетуші банктер мен ақша жинақтау мекемелерінің санының көбейгендігі байқалады. Мәселен, 2007 жылы тек үш банктің ғана қызметі тоқтатылған болатын. Енді 2015 жылдың алғашқы екі айының өзінде ғана осыншама банк реттеуші орган шешімімен банкрот деп табылып отыр. Әзірлеген Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар