Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталестің елімізге келген екі күндік ресми сапары аясында баспасөз мәжілісі болып өтті. Оған Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев және «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ-тың басқарма төрағасы Талғат Ермегияев қатысты.
Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы сапарының алғашқы күні елордада қызу қарқынмен жүргізіліп жатқан көрме қалашығының құрылыс жұмыстарымен танысты. Сонымен бірге, көрме ұйымдастырудағы кешенді шаралармен, павильондардың дизайнымен, көрме қалашығының құрылысына инвесторлар тарту, заңгерлік мәселелерімен айналысты. «Мен таңертең көрме қалашығының құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен таныстым. Үлкен құрылыс алаңындағы тәртіп пен жинақылық мені ерекше таңғалдырды. Құрылыс жоспары нақты және ауқымды жасалған. Жоспар ЭКСПО-ны ұйымдастыру бойынша өткізілетін іс-шараларға толық сәйкес келеді», деді өз сөзінде В.Лоссерталес. Сонымен бірге, ол құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімнен бұрын аяқталатындығына сенім білдіріп, Қазақстан тарапының халықаралық мамандандырылған көрмені өткізуге барынша жауапты дайындықпен келіп отырғандығын атап көрсетті. «Мен қазақстандықтардың жаһандық шараны өткізуде үлкен жауапкершілік биігінен көрінетініне сенімдімін», деді ол сөзінің қорытындысында.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі жүздесуде сөйлеген сөзінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Ермегияев «Біз кестеге сәйкес жұмыс жасап қана қоймай, көп ретте одан оза қимылдап жатырмыз. Осы қыста құрылысшылар нысандардың іргетасын құйып бітірді. Кейбір павильондардың металл құрылымдары орнатылып, кейбіреулері қазірдің өзінде шынымен қапталды. Екпінді құрылыс алаңындағы 3500 құрылысшы өздеріне жүктелген тапсырманы мерзімінен бұрын аяқтауға жігерленген. Біз 2016 жылдың соңына қарай құрылысты толық аяқтауды жоспарлаған едік. Енді бүгін оны тамыз айының соңына таман немесе қыркүйек айының басында аяқтау жөнінде міндет алып отырмыз», – деді.
Содан кейін жүздесуге қатысушылар БАҚ өкілдерінің көптеген сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Осы пікіралысу барысында анықталғанындай, бүгінгі күнге дейін Астанада өтетін көрмеге қатысу үшін 19 мемлекет өтініш білдірген көрінеді. Жыл аяғына дейін олардың саны 60-қа жетпек. Қазір құрылыс алаңында 3500 құрылысшы еңбек етуде. Олардың 70 пайызға жуығы жергілікті тұрғындар. Жыл аяғына дейін көрме қалашығының құрылыс алаңындағы құрылысшылардың саны 10 мың адамға дейін жетеді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».