• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2015

Үш заң жобасы қаралды

228 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Заң жобасының негізгі мақсаты балаларды зиянды ақпараттан қорғауды қамтамасыз ету, балалардың жасына сәйкес келетін ақпаратты алуына және таратылуына құқықтарын іске асыру, сондай-ақ, олардың ақпарат кеңістігіне жағымсыз ақпараттың енуінен қорғау болып табылады. Құжатта ақпарат өнімдерінің сараптама жүргізу тетіктері бекітілді, сарапшыларға қойы­латын талаптар, сарапшылар мен сарап­та­малық ұйымдарды тіркеу тәртібі белгіленді, осы саланы реттейтін мемлекеттік органдардың құзыреттері ажыратылды. Комитет отырысында, сондай-ақ, «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық акті­леріне балаларды денсаулығы мен дамуы­на зардабын тигізетін ақпараттан қор­ғау мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы заңнаманы «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақ­параттан қорғау туралы» заң жобасына сәй­кес келтіру мақсатында әзірленген болатын. Заң жобасының тұжырымдамалық бағыт­тарын ескере келгенде, осы заң жобасымен бір­­қатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылып отыр. Комитет отырысында «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне  денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасының мақсаты қолданыстағы заңнаманың құқықтық олқылықтарын жою, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ, азаматтардың толыққанды медициналық қамтылуына конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету болып табылады. Заң жобалары палатаның қарауына жіберілді.