• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Наурыз, 2015

Инновация – игілікті іс

256 рет
көрсетілді

Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің оңтүстік астанаға жұмыс сапары екі мәселені қамтыды. Алматыдағы инновациялық кластердің даму жағдайлары талқыланды және «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының «Орталық – Оңтүстік» жобасы аясында реконструкция жасалып жатқан «Алматы – Қорғас», «Алматы – Қапшағай» жолдарының барлық мердігерлерінің қатысуымен көшпелі кеңес өткізілді. Сколково (Ресейдегі кремний алқабы) қоры ұйымдастырған Almaty Management university «Стартап-тур 2015»-тегі қа­зақстандық кезең қатысушыларын құт­тықтай келе, Ә.Исекешев Almaty Tech Garden инновациялық кластерінің Орталық Азиядағы маңдайалды стартап-хаб және бұрынғы кеңестік кеңістіктегі көшбасшылардың бірі болуы тиіс екендігін атап көрсетті. Бұл ашық түрдегі экологиялық жүйе үрдісі болмақ. Біз бұл мақ­саттағы ба­сымдықтарды айқындап та қойдық. Бірте-бірте «ақылды индустрия», «ақыл­ды қала», өмір экологиясы, элек­тронды ком­мерция мен медиа мамандықтары пай­да болып қалып­таспақ, деді министр. Оның айтуынша, бұл ретте Алма­тыда мүм­кіндіктер көп-ақ. Мұн­да соңғы екі-үш жылда ғана мың­нан астам онлайн-бизнес­тер құ­ры­л­ғандығы осыны айғақтайды. Қазақстандық стартаптар үшін Скол­ковомен ынтымақтасық – өз бизнес стратегияларын бекемдеп құру үшін жақсы мүмкіндік болып табылады. Сөйтіп, олар алдағы уақытта бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістікте жұмыс істей алады, деп мәлімдеді сала басшысы. Бір ай­та кетерлік жайт, осының алдында Ә.Исе­кешев ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, елде осы орайдағы өзгеше бизнесмендер клубын жасақтау мақсатын алға тартқан еді. Ол клуб мемлекетпен бірлесіп, Ал­матының инновациялық кластерін дамы­ту жолында жұмыс істесе – қандай ғанибет. Өз кезегінде Сколково қоры­ның инновация жөніндегі аға вице-президенті Василий Белов осынау форумға 160-тан астам компания өз ұсынымдарын жі­бергенін жеткізді. Стартап-тур-2015-тің қазақстандық ке­зеңіне оннан астам венчурлық қорлардың өкілдері келіп, олар да үздік компанияларға инвестиция құюға дайын екендігін білдірді. Стартаптарды қолдау жаһан­дық инновацияларды қолдау пәлсафасына сай келеді. Бү­гінде инновациялық жобалар жаһандық мақсаттар көздеп, халықаралық рынокқа шыға алған жағдайда ғана табысты болмақ. Осы тұрғыдан келгенде біз­дің мемлекеттеріміздің арасын­да жолға қойылған Еуразия­лық эко­но­микалық кеңістік – инновациялар­ды қол­дау орайындағы ортақ бағ­дар­ламаларды дамытудың жақсы ірге­тасы, деп қадап айтты В.Белов. 15 үздік жоба жеңімпаздары алдағы жазда Ресейдің Сколковосында өтетін Start Up Village жабық іс-шарасына қатысудың сирек мүмкіндігіне ие болмақ. Алматы облысындағы жаңа құры­лыс маусымы «Нұрлы Жол» мемле­кет­тік бағдарламасын іске асыру аясында сөреден шықты. Ол «Алматы – Қапшағай», «Алматы – Талдықорған», «Қапшағай – Талдықорған», БАКАД сынды төрт жобаны, сондай-ақ, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінің «Алматы – Қорғас» бөлігін қамтиды, деді Әсет Исекешев көшпелі кеңесті ашып тұрып. Реконструкция жасау орайындағы осы жобалар шеңберінде 555 шақырым жолдар қамтылған. 2015 жылы автомобиль жолдары саласында 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді деп жоспарланған. Олардың 72 мыңы «Нұрлы Жол» аясындағы жобаларды іске асыруға қатыспақ. Министрдің айтуынша, қызметтер мен жұмыстардағы отандық мазмұн 95 пайызға жетпек. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық дәлізі биыл толық аяқталады. Ал «Алматы – Қорғас» арасындағы соңғы бөлігі келесі жылы салынып бітеді. Осыған байланысты барлық қаржылық, технологиялық, ұйымдастыру мәселелері шешілген, жұмыс қарқынды жүріп жатыр, деп атап көрсетті ведомство басшысы. Оның айтуынша, құны 124 миллиард теңге тұратын бірінші БАКАД концессиялық жобасының құрылысы 2016 жылға белгіленген. Тендерге қатысуға қазірдің өзінде 70-тен астам компаниядан өтінім түскен. Соның ішінде шетелдік компания­лар да бар. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.