Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз-орталығында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған 2015 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мәселелері жөнінде брифинг өтті, деп хабарлады Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз қызметі.
Брифинг барысында Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Ерлан Байжанов журналистерді шетелдік БАҚ-тарды тіркеуден өткізу рәсімімен таныстырып, сайлауды ұйымдастыру және өткізу бойынша Қазақстанның ұлттық заңнамасының негізгі ережелерін түсіндірді, сондай-ақ, сайлау науқанының және оны байқаудың кейбір ұйымдастырушылық мәселелері туралы айтып берді.
Елшілік өкілінің айтуынша, Қазақстан тарапы сайлау үдерісін жоғары демократиялық стандарттарға сай өткізуді қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасайтын болады.
– Қазақстанда өткізілетін сайлаулар әрқашанда халықаралық қоғамдастықтың қызығушылығын туғызып келеді. Біз халықаралық байқаушылардың белсенді қатысуын күтудеміз. Шақырулар Ресей аумағында кеңселері орналасқан халықаралық ұйымдарға, яғни ТМД Парламентаралық Ассамблеясына және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясына жолданған болатын. Әзірше Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы атынан шамамен 450 байқаушы сайлау үдерісін байқайды деп жоспарлануда. ТМД атынан да осы шамалас байқаушы келеді деп күтілуде, – деді Е.Байжанов.
Кеңесші-уәкіл белгілі ресейлік БАҚ-тарды Қазақстандағы сайлау науқанын ақпараттық қолдауға белсенді қатысуға шақырды. Е.Байжановтың мәліметіне сәйкес, 27 ақпаннан бастап 20 сәуірге дейін шетелдік тілшілерді тіркеуден өткізу рәсімі ашық болады.
Е.Байжанов 16 наурызда кандидаттарды тіркеу рәсімі басталғанын және ол 26 наурызға дейін жүргізілетінін еске сала кетті. Насихат жүргізу науқаны 26 наурыздан бастап 24 сәуірге дейін өтетін болады. Сайлауға бір күн қалғанда, яғни, 25 сәуір үнсіздік күні деп жарияланады.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат 2015 жылғы 26 сәуірде еліміз азаматтарының Ресей Федерациясының аумағында дауыс беру тәртібі мен рәсімдерін айтып берді. Сайлау күні Қазақстанның Мәскеудегі елшілігі ғимаратында және Қазақстанның Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань, Омбы қалаларында жұмыс істейтін сайлау учаскелері ашылады. Ресей Федерациясында болған Қазақстан Республикасының азаматтары сол учаскелерде өз дауыстарын беріп, сайлауға қатыса алады, деді кеңесші-уәкіл. Тек Қазақстан азаматтары паспортын немесе жеке басын куәландыратын құжатын көрсетсе болғаны.