ПЕТРОПАВЛ. 20 наурыз. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов ел Президентінің Жарлығымен белгіленген “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл” бірыңғай мерекелік медалін бір топ соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне салтанатты жағдайда тапсырды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңындағы кездесуге көтеріңкі көңіл күймен келген ардагерлер алдында сөз сөйлеген облыс әкімі:
– Ұлы Отан соғысындағы аға ұрпақтың өшпес ерлігі тарихта мәңгі сақталады. Бүгін, біз, Сіздерге, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, асқан ерліктеріңіз, қаһармандықтарыңыз бен жан аямас қайсарлықтарыңыз үшін құрмет көрсете отырып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік медальдарды тапсырғалы отырмыз, – деді.
Зал төріне шақырылған 27 ардагердің әрқайсысына мерекелік медальдарды өңір басшысы Елбасы атынан тапсырды. Мерекелік медаль алғандардың қатарында соғыс ардагерлері Сергей Пресняков, Анатолий Гершунов, Степан Башкиров, Владимир Дядык, тыл еңбеккерлері Әлімжан Мәжитов, Ескендір Нұрымов, Жақсылық Ысқақов, Татьяна Алешина және тағы басқалары болды.
Марапатталғандар атынан сөз алған Жақсылық Ысқақов пен Александр Селищев өздерінің ел басына қатер төнген кезде Отан үшін қан төккен, тылда аянбай еңбек еткен ерлік істері мен еңбектерін бағалап, құрмет көрсетіп отырғаны үшін Мемлекет Басшысына алғыстарын жеткізді.
Өмір Есқали.
Дерек: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сурет: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.