АСТАНА. 23 маусым. Канадада футболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтуде. Әзірге ширек финалға шыққан 7 құрама белгілі болды. Ал сегізінші команда ертең анықталады. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Чемпионаттың 1/8 финалында Қытай Камерун құрамасын 1:0 есебімен жеңді. Дәл сондай есеппен Австралия Бразилиядан және Канада Швейцариядан басым түсті. Ал АҚШ пен Колумбия арасындағы ойын солтүстікамерикалықтардың пайдасына 2:0 есебімен аяқталды. Одан бөлек, Германия Швецияны (4:1), Франция Оңтүстік Кореяны (3:0) және Англия Норвегияны (2:1) жарыс жолынан шығарды.
Нәтижесінде доп додасының ширек финалында Қытай АҚШ-пен, Германия Франциямен және Англия Канадамен кездесетін болды. Ал 1/8 финалдағы соңғы ойын – Жапония мен Нидерланды арасындағы кездесудің жеңімпазы Австралиямен күш сынасады.
Жапония – топтық кезеңдегі барлық ойынында жеңіске жеткен екі құраманың бірі. Мұндай көрсеткішпен Бразилия қыздары да мақтана алады. Алайда, олар 1/8 финалда дәл осы Австралияға есе жібергенін жоғарыда айттық. Мамандар күн шығыс елінің қыздары нидерландылықтарды жеңетініне сенімді. Оның үстіне, қызғалдақты елдің өкілдері өз тобында 3-орын алып, плей-офф сатысына жиған ұпай санына байланысты шықты. Одан бөлек, Жапония қазіргі әлем чемпиондары екенін айта кеткен жөн.
Ширек финалдық ойындар 27 маусымда басталады.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 6 маусымда басталған болатын. Жарысқа 24 елдің құрамалары қатысты. Финалдық ойын 5 шілдеге жоспарланған.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: fifa.com.