Облыс орталығындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асырудағы мемлекеттік-құқықтық тетіктер және халықаралық стандарттар» тақырыбындағы үш күндік республикалық семинар-тренинг болып өтті.
Семинар-тренинг жұмысына Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының, Мәдениет және спорт министрлігінің, Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның өкілдері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессорлық-оқытушылар құрамы атсалысты.
Тыңдаушылар ретінде этносаралық және конфессияаралық қатынастар, этносаясат мәселесімен айналысатын мемлекеттік қызметшілер, әкімдіктер мен мәслихаттардың мамандары, ішкі саясат бөлімдерінің және дін істері, жастар саясаты басқармаларының басшылары мен мамандары, өңірлердің ҚХА хатшылықтарының меңгерушілері мен мамандары және ғылыми-сараптамалық топтарының мүшелері, «Қоғамдық келісім» РММ өңірлік құрылымдарының қызметкерлері, БАҚ өкілдері, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының этномәдени, діни және жастар бірлестіктерінің жетекшілері қатысты.
Семинар-тренингтің салтанатты ашылуында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Жолдас Нұршин сөз сөйлеп, дұрыс жүргізілген этносаясаттың еліміздегі саяси тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз етіп отырғанына тоқталды. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова семинар-тренингтің жұмысымен таныстырды, оның маңызы мен мақсатын атап көрсетті.
Үш күндік семинар-тренингке қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.