АСТАНА. 20 наурыз. Йемен елінің астанасы – Сана қаласындағы мешіттерде болған теракт нәтижесінде 77 адам қаза тапты. Бұл туралы «Аргументы и факты» хабарлады.
«Йемендегі екі мешітте үш рет орын алған лаңкестіктің нәтижесінде қаза тапқан құрбандар саны 77-ге дейін жетті», деп баяндады Interfax.
Бірінші лаңкес өзін Сананың оңтүстігіндегі Бадр мешітінде жарып жіберді. Екіншісі мұны осы мешітке кіреберісте орындады. Ал үшінші шаһид қаланың терістік ауданындағы Аль-Хашахуш мешітіне шабуыл жасады.
Йеменнің арнайы қызмет орындары бұл жарылыстардың бәрінің артында «Аль-Каида» тұр деп есептейді. Алайда, ұйымның жергілікті ұясының лидері мұны мойындап отырған жоқ.
Бұдан бұрын Йемендегі мешіттерде болған жарылыстарда 55 адамның құрбан болғаны хабарланып еді. Жергілікті журналистердің мәліметтері бойынша, олардың басым көпшілігі хуситтер көрінеді. Йеменде қаңтар айынан бастап азаматтық қоғам екіге жарылды. Сол жолы шииттер астанадағы президент сарайын басып алып, мемлекет басшысы Абд Рабба Мансур Хади парламенттен өзін отставкаға жіберуді сұрауға мәжбүр еткен болатын.
Мұрат Айтқожа.