Кеше Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі және “Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰК” АҚ-тың ұйымдастыруымен “Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму шеңберінде ғарыш жобаларын іске асыру” тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Қазақстан, француз, неміс және ресей ғарыш саласының мамандары қатысқан бұл жиынды аталған агенттіктің төрағасы Талғат Мұсабаев ашты. Дөңгелек үстел стратегиялық әріптестік және “ҚҒС” ҰК” АҚ мен француздық EADS Astrіum компаниясы ынтымақтастығының алғашқы нәтижелері мен болашағы тақырыбында өрбіді. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы өз сөзінде аталмыш іс-шараның өткізілуін “Қазақстан Ғарыш Сапары” ұлттық компаниясының құрылғанына 5 жыл толуымен және елордамыздың мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғандығымен байланыстырды.
Келесі кезекте сөз алған серіктес EADS Astrіum француз компаниясының президенті Франсуа Ок қазақстандық ғарыш саласының мамандарымен бірге жоспарда тұрған аса маңызды жобаларды жүзеге асыратынына қуанышты екендігін жеткізді. Сонымен қатар, “Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰК” АҚ президенті Ғабдуллатиф Мырзақұлов сөз сөйлеп, француз компаниясымен бірге жүзеге асырылғалы отырған жобалардың мазмұнымен таныстырды.
Жиынға қатысушылар “Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰК” АҚ компаниясының сратегиясының Қазақстанның ғарыш саласын дамытуда маңызы зор екендігін атап өтті. Онда негізгі инвестициялық жобалар: ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені, Қазақстан Республикасының Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі мен жоғары дәлдікті спутниктік навигациясының жерүсті инфрақұрылымы және Ұлттық ғарыш орталығының қамтамасыз етуші инфрақұрылымын құру көзделген.
Ғарыш ведомствосының басшысы оның әріптестері мен қызметкерлерінің алдында елдің ғарыш инфрақұрылымын дамыту жөніндегі міндеттердің тұтас кешенін шешуге бағытталған орасан зор жұмыс тұрғанын еске сала отырып, жобаларды жүзеге асыруда бәріне сәттілік тіледі. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ғарыш жүйелерін, ғарыш жүйелері өндірісінің құралдарын, ғарыш аппараттарын ғарышқа шығару және оларды басқару құралдарын құру, озат ғарыштық технологиялар трансферттері мен оларды игеру, қазіргі ғарыш техникасын әзірлеу және өндіру мамандарын даярлау қажет. Аталған міндеттерді шешуге бағытталған бірінші кезектегі жобалар Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін (ҒА ҚСК) және Қазақстан Республикасының Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін құру (ЖҚЗ ҒЖ) жобалары болып отыр.
Журналистердің қойған сұрақтарына жауап берген агенттік төрағасы Талғат Мұсабаев Астанада салынғалы отырған ғарыштық аппараттарды құрастыру және сынау кешені EADS Astrіum француз компаниясымен бірлесіп салынатынын мәлімдеді. Аталмыш компания бұған дейін 16 ғарыштық жүйені құрастыруға кең көлемде атсалысып, Франция, Тайвань, Бразилия, Алжир, Ресей, Корея, Голландия, Үндістан, Германия және АҚШ сынды мемлекеттер үшін ғарыштық аппараттарды құрастыру және сынау кешендерін салып, олардың аяғынан тік тұруына аса жоғары ықпал еткен. Келісілген жобалардың аясында француздық әріптестер бізге Жерді қашықтықтан зондтайтын алғашқы ғарыштық аппаратын құрастырып беретін болды. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін “EADS Astrіum” француз компаниясы сияқты қазіргі ғарыш техникасы мен технологияларын құруда үлкен тәжірибесі мен ғылыми-техникалық әлеуеті бар басқа да стратегиялық әріптестер тартылатын болды.
Қатарынан үш күн өткізіліп жатқан шаралардың қорытындысы ретінде бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш орталығын салу орнында ескерткіш белгісі мен стеланың ашылуы өтетіндігін айта кетпекпіз.
Әспет ӘБДІРЕШОВА, СҚМУ студенті.