ҚАЗАҚТЫҢ БАҒЫНА ТУҒАН
Өткен жылдың мамыр айында Астананың Салтанат сарайында 80 жылдық мерейтойымды атап өттім. Осы жердегі тойыма Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі келіп, жылы рәуішті сөздермен құттықтауы, дастарханымнан дәм татуы менің мерейімді қаншалықты асырғанын айтып жату артық болар. Сонымен бірге мұның өзі “Ұлық болсаң, кішік бол” дейтін бабаларымыздың дана дәстүріне Қазақ елі Президентінің адалдығын және бір айғақтап тұрғандай еді. Нұрсұлтан Әбішұлының өзіме деген осындай ерекше ілтипаты мені осынау дара тұлғалы қайраткер туралы толғанысты ойларға жетеледі. Ол кісіні қызмет бабында біле бастағаныма отыз жылдың жүзі болыпты. Әсіресе, соңғы ширек ғасырдай уақытта өмір жолдарымыз тығыз тоғысып, бір мақсат, бір мүдде жолында үнемі үзеңгі жолдас болып, қанаттас, қатарлас қалыпта еңбек етіп келдік. Кеңес заманында Нұрекең Министрлер Кеңесінің төрағасы, мен Жоғарғы Кеңестің төрағасы болып республиканы серіктесіп, қолдасып бірге басқардық. Одан тәуелсіздікке біртіндеп өтудің қиын кезеңінен бастап еліміздің Тұңғыш Президентінің командасынан аумай, ауытқымай келе жатқан, көненің көзіндей сыйлас әрі пікірлес, кәусар көңілдің кіршіксіз тұнығымен шынайы ұғынысқан тілектес ағаларының бірімін. Әлбетте, мемлекетіміздің мерейі, ұлтымыздың мұраты, көпұлтты Қазақстан халқының бақыты жолындағы сындарлы кезеңдерде дәйім ұлы міндет пен ұшан парыз арқалаған ардақты Елбасымыздың қасынан табылуымды тағдырдың маған бұйыртқан ерекше сыйы деп білемін. Осы ретте әркез Нұрсұлтан Әбішұлы тарапынан мейірлі қамқорлық пен ыстық ықыласты, ізетті қолдауды сезініп отырғанымды атап айтсам, артық болмас. “Жақсыдан – шарапат” дегендей, ол кезде Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген маған Жоғарғы Кеңес төрағалығы ұсынылғанда, көңілдегі күмән, дүдәмалымды сейілтіп, осы өкілетті билік басындағы биік лауазымды қызметке нық сеніммен бекініп баруыма Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей шарапаты тиіп еді. Осы арада айтпай кетуге болмас тағы бір жағдай, 1989 жылдың 12 мамырында, алпысқа толған күнімде берілгелі тұрған орденді Колбин бергіздірмей, мерей жастағы тиесілі ресімді марапаттан қағып, Мәскеудің ауруханасында жалғызсырай мұңайып, ұнжырғам түсіңкіреп жатқанымда Алматыдан ұшып Нұрсұлтан Әбішұлының келуі мен үшін ұмытылмайтын бір ғажайып жақсылық болып еді. Жаймашуақ лебізімен, риясыз құттықтауымен жанымды жадыратқан сол бір демеуді, қиын кездегі азаматтық сергектік бейілді қазірге дейін әрдайым алғыспен еске алып отырамын. Көп ұзамай Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Н.Ә.Назарбаевтың еңбекті бағалап, сенім көрсетіп, ілтипат білдіріп отыруы мерейді өсіріп, жігерлендіре түсетін. Ол кісі еліміздің күрделі мәселелерін шешуде ынтымақтастықпен бірлесіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың қажеттілігін өз үлгісімен ұқтыра білді. Осы абзал қасиеттерден тараған шуақ біздің бойымызға да күш-қуат болып құйылатын. 1990 жылдың наурызында Мәскеудегі сияқты, Алматыда да заман талабына сәйкес билікті шоғырландыру шаралары іске асырылды. Осы орайда өзіміздің Орталық комитеттің Бюросы өткізіліп, аталмыш мәселе қаралғанда мен бірінші сөз алып, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметтерін біріктіру жөнінде айта келіп, осы екі қызметті қосып атқаруға Нұрсұлтан Назарбаевты ұсындым. Себебі, Қазақстанда сол кезде қалыптасқан ахуал, Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен саясаткерлік және қайраткерлік тұлғасы, халық алдындағы, Одақтағы зор беделі, толып жатқан басқа да жақсы қасиет-қабілеттері осындай бірден-бір дұрыс шешім қабылдауға сұранып тұрды. Сөйтіп ол ертеңіне шақырылған сессияда Жоғарғы Кеңестің төрағалығына бірауыздан сайланған еді. Нұрсұлтан Әбішұлымен жолымыз бұдан соң да ажырамады. Мамыр айында мен Қазақстан Президентінің мемлекеттік кеңесшісі болып тағайындалдым, сондай-ақ Президенттік кеңес құрамына енгізілдім. Ал 1991 жылдың қараша айында менің қоғамдық қызметімнің жаңа кезеңі басталды. Елбасы осы тұста шақырып, республиканың ардагерлер ұйымын басқаруға ұсыныс жасады. Осы қызметті жиырма жылға жуық абыроймен атқарып, тек өткен жылдың жазында ғана денсаулығым сыр беруіне байланысты өз өтінішіммен демалысқа шыққандығым жұртшылыққа белгілі болар деймін. 75 жылдығым тұсында қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлының: “Мақа, енді жағыңыз саудырап түсіп қалғанша осы отырған орныңыздан тапжылмай, ардагерлерімізді басқарып, ел-жұртымыздың бас ақсақалы болып отыра беріңіз” деп әзіл-шыны аралас күлімсірей қалжыңдағанын да маған деген құрмет деп білдім. Осы жылдар ішінде екі Президент сайлауында өз қалауы бойынша Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді өкілі болдым. 1999 жылдың қаңтарындағы Президент сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлын ел Президенттігіне Қазақстанның ардагерлер ұйымы ұсынды. Бұл біз үшін зор мәртебе еді. Сол тұста халқымыздың дұрыс тарихи таңдау жасай біліп, ел тізгінін Нұрекеңдей тұлғаға ұстатқанына шексіз қуанамын. Әлбетте, Тұңғыш Президентіміздің адам, азамат ретіндегі жеке басының тамаша қасиеттері, алғырлығы, қабілет-дарыны, жан дүниесінің кемел мәдениеті, ұшан-теңіз білімдарлығы, өмірлік бай тәжірибесі, қандай да болсын тығырық жағдайда жол табатын тапқырлығы, шешімталдығы әр кездегі үлкен ұлағатты әңгіменің алтын өзегі болуға лайықты. Бүгінгі биіктен қарар болсақ, Тәуелсіздікке қол жеткізіп, дербес мемлекет ретінде қаз басып қалыптасудың ең сындарлы, ауыр да алмағайып шақтарында соның бүкіл тауқыметін қайыспай көтерген, қиындығына төзген, ыстығына күйіп, суығына тоңған, не көрсе де халқымен бірге көріп келе жатқан бірден-бір адам да Нұрсұлтан Әбішұлы деп батыл айта аламын. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің әлемдік айдынға шыққан өркенді жолында, өрнекті оқиғаларының барлығында оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айшықты қолтаңбасы, ерен еңбегі жатыр. Салалық құрылымдары құлаған Одақпен бірге құлдыраған, өзі тауарды мүлде мардымсыз көлемде ғана шығаратын егеменді жас мемлекетке оңай болған жоқ. Сол қиындықтан Елбасымыздың көрегендігі мен сарабдалдығы алып шықты. Өткен жылдарда нарықтық экономиканың негіздері қаланып, тұрақтылыққа қол жетті. Қазақстанға миллиардтаған шетел инвестициялары құйылды, әлемдік жаңа технологиялар тартылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан-2030” аталатын нысаналы бағдарламасында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының темірқазық бағыттары, нақты жолдары айқын белгіленіп берілді. Президенттің шапағатты шабытының Туындай желбіреп, халықты қуанышқа бөлеген, көзінің сүйінішіне айналған жаңа Астана қазіргі дәулетті де сәулетті еліміздің айбынындай мерейімізді тасытуда. Елбасымыздың сарабдал саясаты елдегі азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз еткендігіне, ғаламат қажыр-қайратының ғажайып жемістері мен өркенді өзгерістеріне бәріміз куәміз. Еуропа төрінде төбебише билік айтуымыз сол ғажаптың бірі емес пе. Халықаралық абырой-беделіміз асқақтап, қазақтың ғасырлар бойғы арманының іске асуы тікелей Елбасы есімімен байланысты. Сәулетті Астанамыз ғана емес, болашағы жарқын, бүгінгі Қазақстан ғажайыбы да Нұрсұлтан Назарбаевтың толағай еңбегінің мәуелі жемісі. Олай болса, Қазақ елінің бағына туған тұлға жасай берсін деп ақсақалдық ақ тілеуімді әманда айта бермекпін. Мақтай САҒДИЕВ.________________________________________
“Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады” Нұрсұлтан Назарбаев.РУХТЫ ҮШ ҰҒЫМ
Қазақстан... Елбасы... Астана... Бұл үш ұғымсыз бүкіл елімізді елестету мүмкін емес. Ойы жүйрік, зердесі сарай кім болмасын, осы үш-ақ ұғымға ұлан-байтақ Қазақстан Республикасы, оның әлем танып, түркі дүниесі бас иіп, құрметтеген Елбасымен қатар Отанымыздың жүрегі Ақордалы Астана сыйып тұрғанын бірден түсінері хақ. Осы үш-ақ ауыз сөз бүгіндері бүкіл бір елдің, тұтас бір ұлыстың рухы мен зор мақтаныш-беделіне айналды. Бұл үш сөз бүкіл қазақстандықтармен қатар, мынау жалпақ дүниенің төрт бұрышында жүрген иісі қазақ баласының жүректеріне ең қымбат, ең асыл мұраттары боп сіңді. Олай дейтінім, өзіміз түгілі, сонау алыста, алты қырдың астында ұзақ көшіп, шет қонып жүрген бауыр етіміз-қандастарымыз да осы үш сөзбен мақтанып, осы үш ұғыммен рухтанып жүреді. Олар да еңселерін тіктеп, қастерлі де әспетті үш сөздің бүгін мәңгілік бақ пен бақыт құсы болып алыстағы Атажұртына қонғанына және ұлтына Нұрсұлтандай Ұлы перзентін сыйлаған Жаратқанға рахмет, дейді. ...1991 жылы Қазақстан Тәуелсіз ел екендігін жер-жаһанға жариялады. Сөйтіп, арада төрт сағат өтпей-ақ, азулы елдердің өзі тәуелсіздігімізді бірден мойындап жатты. Өздерінің шынайы да ақжолтай құттықтауларында шаңырағымыздың биік, тұғырымыздың берік болуын тілеген ізгі тілектерін арнады. Бұл мойындау олардың ықылым заманнан бері қазақ ел екенін және жас тәуелсіз елін ұлтының тумасы Нұрсұлтандай ірі де биік тұлғаның нұрлы жолға бастайтындығына бірден сенген нық сенімдерінен туса керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына Жолдауында: “Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты”, – деп Тәуелсіздік құнын тереңнен толғай келіп, айрықша тұжырымдаған-ды. Ежелден бері дүниежүзілік өркениеттің көшінен қалмаған Қазақ елі осынау ғасырлар тоғысында өңірі гүлді, заңғар Алатаудың баурайындағы әсем Алматыда Тәуелсіздіктің көк Туын осылайша мәңгіге желбіреткен еді. Әлем картасында “Қазақстан” деген ірі сөз жазылып, айбарлы Американың, маңғаз Нью-Йорктің Ұлттар Ұйымының зеңгір көгінде ілкіден бергі аңсар арманымыздай қасиетті көк Туымыз әлем елдерінің туларымен қатар асқақтай желбіреді! Мінеки, бүгін ХХІ ғасырдағы әлем бедеріндегі су жаңа қала – Отан жүрегі – елордамыз Астана атты алып шаһар шаңырақ көтеріп, сағат сайын құлпыруда. Ел рухын оятып, Орталық Азиядан айналасына нұрын шашқан Астанамыз Елбасымыздың батыл да бекем, көреген де терең идеясынан туған туынды-тын. Оны жалпақ жаһан біледі. Біліп қана қоймай, аса бір ыждаһаттылықтарын танытады. Ризашылықтарын білдіреді. Иә, Астана – аңыз қала! Құба жонында киік жортып, ақселеуі алып мұхиттай толқыған аңыз да абыз дала – Сарыарқаның апайтөс кеудесінде небәрі онбес-ақ жылда сән түзеп, бүгінде көрген жанның көз жауын алар жауһарына айналды. Әркім-ақ қиялына қанат байлап, осынау аңыз қалаға келуді, көруді армандайды. Көріп қайтқаны көрмегеніне аңыз етіп айтып, тамсандырады. Астана – сәулетті қала! Осынау таңдай қақтырған таңғажайып, теңдессіз ірі сәулеттер тоғысы елорданы баршаға етене ете түседі. Уақыт өткен сайын күмбездері көк тіреген тәкаппар да маңғаз, алып та айбынды, төбелері көкке таласқан әсем ғимараттар қаланың ажарына айшығын қосып, хас сұлудың келбетін елестетеді. Астананы салу үшін әлемге әйгілі сәулетшілер адам нанғысыз небір ғажайып жобаларын жасады. Дегенмен, бәрі де Елбасының тікелей өз жетегінде, өз қадағалауында екеніне, сондай-ақ бас сәулетшісі, әрине, Елбасының өзі екеніне ешкім еш уәж айта алмайды. Бұл әлем өркениеті тарихына Қазақ елінің және оның Елбасының қосқан қайталанбас алтын парақтарының бірі. Бір ғана мысал, атақты сәулетші Норман Фостердің ірі жобаларының бірі – “Хан Шатыр” мәдени ойын-сауық орталығы. Ол жұмыр жер бетінде тек Астанаға ғана тән. Биіктігі 150 метр. ... Ақорда, Бәйтерек, Тәуелсіздік сарайы, “Нұр-Астана” мешіті, 30 мың адамдық жабық стадион, “Думан” океанариумы, Пирамида, Хан Шатыр, Астана-Тауэр... Министрліктер мен әкімшілік нысандары. Күмбездері “аспан шаңырағына” шаншылған басқа да небір әлеуметтік және сондай-ақ тұрғын үй кешендері, әлемдік білім стандарттарына сай білім ордалары... Астана – ару, арман қала! Қазақстанның кіндігі – Ұлы даланың жон арқасынан “күндіз күміс, түнде алтын” болып ағатын, шәрбат Есілдің жағасында лағыл-інжудей түрленіп, “өзіне өлердей ғашық етер, тал бойында бір міні жоқ сылаңдаған сұлудай” бой түзеген шаһарға келу мен қызықтауды кім армандамайды дейсіз?! “Астанаға бардым!”, “Астанадан келдім!” деп, барғанымызда, келгенімізде сондай бір айрықша қуаныш сезіммен айтсақ, астаналықтар: “Мен – астаналықпын!” деп, мақтанышпен айтады. Уақытпен қатар ажарланып, айшығына өрнегі жарасқан әсем де жас қаланы аралап, Бәйтерекке бір көтеріліп қайтуға еліміздің түкпір-түкпірінен еңкейген кәріден еңбектеген жасқа дейін толассыз ағылып, келіп жатады. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келіп-кетіп жататын шетелдік саяхатшылардың өзі қаншама! Иә, гүлдене бер, Астана! Астана – елордамыз! Дүние-ғаламға танылды. Бүгінде ресми Астанада әлемнің талай мемлекеттерінің көшбасшылары мен бетке ұстар серкелері бас қосып, пікір алмастырып, жаһандық деңгейдегі маңызды-маңызды шешімдер қабылдайды. Жұмыр жердің ірі-ірі дінбасылары дөңгелене отырып, ашық үн қатысып, дидарласудың нәтижесінде халықаралық бейбітшілікке қол жеткізетін құтты орны мен қасиетті төріне айналды. Ресми Астана, міне, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етіп отыр. Келер жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етпек. Шанхай ынтымақтастық ұйымының 10 жылдық мерейтойы да осында өтпек. Мұның бәрі де уақыт тізбесіне алтын әріптермен жазылып жатыр. Иә, бастай бер, Астана! Қазақстан, Елбасы, Астана – әспетіміз! Қазір жұмыр жердің қай бұрышына барып, кездескен адамыңа “Мен қазақстандықпын” десең, ол: “Назарбаев!.. Астана!..” деп бармағын шошайта тұрып, жоғары ілтипат көрсете аса бір ризашылық сезіммен қарайды. Осындай сәтте мерейіміз үстем болып, мәртебеміз асқақтап кете барады. Әлбетте, рухты үш сөздің даңқы төрткүл дүниеге жайылып кеткеніне іштей шаттана тұрып, бойыңды асқақ бір сезім билейді. Сөйтіп тұрып, өзді-өзіңнен “Елімді, жерімді бұдан да әрі гүлдендіріп, 2030 жыл дегенде дамыған 50 елдің қатарынан ойып орнымызды аламыз” деген сенім-аңсарыңмен жігерлене шабыттанып, осы ұлы мақсатқа мысқалдай болса да өз үлесіңді қосуға тырысасың, талпынасың! Бердіхан ЖӘҢІШҰЛЫ, Моңғолия Журналистер одағының мүшесі. Алматы облысы, Көксу ауданы, Балпық би кенті. ________________________________________ҰЛЫ ЖОЛДЫҢ БАСТАУЫ
Бәріміз де – тарихтың субъектісіміз, Қазақстанның жаңа тарихында барша қазақстандықтардың үлесі бар. Алайда, олардың арасында осы тарихты жасап келе жатқан, оған ақыл-ойы мен ерік-жігерінің және қам-қарекетінің айшықты таңбасын салған тұлға бар. Ол – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Нұрсұлтан Әбішұлы аумалы-төкпелі өтпелі кезеңнен Қазақстанды сүріндірмей алып шығып, өркениетті даму жолына бағыттай білді. Егемендіктің елең-алаң кезеңінде өз ерекшелігі бар, бүгінде бүкіл әлемге мәлім қазақстандық жолды таңдап, оны ойдағыдай іске асырып келеді. Қытайлықтар айтады екен: аумалы-төкпелі заманда өмір сүруді Құдай басқа бермесін деп. Өмір сүру өз алдына, мұндай заманда ең қиыны ел басқару, оны өркениетті елдердің қатарына қосу, атын әлемге жаю емес пе? Осындай тарихи міндеттерді ойдағыдай іске асыру – Нұрсұлтан Назарбаевтың басына түскен бақыт, абырой. “Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын, – деп ағынан жарылады Елбасы. – Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын”. Тәуелсіздік аларда Қазақстан, сөз жоқ, артта қалған, экономикалық тұрғыдан алғанда бірыңғай шикізат өндіру сатысындағы елдер қатарында болатын. Осындай шақта З.Бжезинский, В.Жириновский секілді саясаткерлер Қазақстанның өз алдына дербес ел болып дами алатынына күмән келтірді. Көп уақыт өткен жоқ – Қазақстан тез арада дамушы елдер қатарына қосылды. Мұнымен де тынбай, қазір бәсекелестікке қабілетті, озық елдердің қатарына кіруге қадам жасауда. Қазір қай-қайсымыздың да алға қойған мақсаттарға жететінімізге шүбәміз жоқ. Біз тіпті елімізде, өз өмірімізде болып жатқан оңды өзгерістерді үйреншікті нәрседей қабылдауға да дағдыланып кеттік. Солай болатыны белгілі сияқты. Елдегі экономикалық, әлеуметтік, саяси жағдайдың өрістеуі өздігінен, оп-оңай болып жатқандай көрінеді. Әсте де олай емес. Ешнәрсе тегіннен тегін келмейді. Тәуелсіздіктің де, нарықтың да, демократияның да біз үшін қалыптасқан сара жолы болған жоқ. Бәрін де жаңадан бастауға тура келді. Оның артында халқымыз бен барша қазақстандықтардың қажырлы еңбегі, бірлігі, татулығы мен төзімділігі тұр. Бәрінің артында Елбасының сарабдал саясаты, көрегендігі, ерік-жігері мен табандылығы, салқынқандылығы бар. Еліміз жүріп келе жатқан, Елбасы белгілеп берген қазақстандық жолдың айтарлықтай ерекшелігі – экономикалық, әлеуметтік, саяси және индустриялық-инновациялық реформалардың кезең-кезеңімен, рет-ретімен іске асырылуында. Бәрін бірден бастау, бәрін қатар алып жүру мүмкін болмады. Экономиканы жолға қойып алмай, халыққа әлеуметтік жеңілдіктер жасау, зейнетақы мен жалақыны өсіру мүмкін емес еді. Сол сияқты экономика жанданып, өндіріс іске қосылмаса, индустриялық-инновациялық реформалар да жүзеге аспайды. Саясат деген, демократия деген, маркстік тілмен айтсақ, қондырма. Қондырма ойдағыдай жұмыс істеуі үшін ең алдымен оның экономикалық, әлеуметтік іргетасы, базисі қалануы керек. Елбасының әріден әрі терең ойлайтынына оның дамуға қажетті реформаларды алға шығара біліп, оларды тиянақты және дәйекті түрде іске асыруы дәлел бола алады. Кейбіреулер елімізде саяси реформа, атап айтқанда, демократияландыру кешеуілдеп қалды деп билік басына кінә артпақ болады. Дұрыс емес. Қай нәрсенің де кезегі болады. Демократия деген тарихи әрі нақты құбылыс. Әр жерде ол елдің ерекшелігіне, халықтың діліне қарай әртүрлі күйде орнығады. Егер демократия бетімен кетсе, онда көршілес Қырғызстандағыдай бейбастақтыққа, анархияға ұласуы мүмкін. Осы ма бізге керегі? Біз, қазақстандықтар, еліміздегі ынтымақ, татулық, тұрақтылық үшін, балаларымыз тыныштық жағдайында аман-есен білім алып, еңбек етіп, бақытты өмір сүріп жатқаны үшін ең алдымен Елбасына қарыздар екенімізді естен шығармауымыз керек. Еліміздің тәуелсіздік тұсындағы жетістіктерін біз орынды түрде Елбасының еңбегімен байланысты қарастырамыз. Қай жерде де – іште де, сыртта да – Қазақстан туралы әңгіме бола қалса, алдымен еске түсетін есім – Нұрсұлтан Назарбаев. Еліне еңбегі сіңген ерді бағалау – ата салтымызға тән қасиет. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейді халқымыз. Соңғы қабылданған конституциялық заңға жасалған өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес Н.Ә.Назарбаевқа Ұлт Көшбасшысы деген мәртебе берілді. Сөйтіп, Президент Ұлт Көшбасшысы деп танылды. Мұнда әңгіме жеке тұлға туралы ғана емес, сонымен бірге ұлт, ел туралы да болып отырғанын түсіну керек. Нұрсұлтан Назарбаев өзін ғана емес, ұлтын, халқын, Қазақстанды бүкіл әлемге танытты. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етуі – осының айқын көрінісі. Ұлт Көшбасшысы туралы мәселеде сондай ұлды, көшбасшыны баптап өсірген халықтың, қазақстандықтардың абыройы туралы да сөз болып отыр. “Ұлым дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін ұл қайдан шығады” дейді Ахмет Байтұрсынов. Біз бүгін ұлым дейтін жұртымыз бар, жұртым дейтін ұлымыз бар деп ауыз толтырып айта аламыз. Кейбір басылымдар мен адамдар арасындағы ауызекі әңгімелерде Елбасы да сынға ілініп жатады. Бұл да түсінікті. Жұрттың бәріне жағу қиын. Осыған орай, Конфуцийдің бір әңгімесін келтірейін. Бірде Конфуцийден шәкірттері сұрайды: – Әміршіні жұрттың бәрі жақсы көрсе не болады? – деп. – Жақсы болмайды, – деп жауап береді қытай ғұламасы. – Әміршіні жұрттың бәрі жек көрсе ше? – Әрине, жақсы емес. Сосын Конфуцийдің өзі: – Әміршіні жақсы адамдар жақсы көріп, жаман адамдар жек көрсе дұрыс болады, – дейді. Ел билеген адамдардың абыройы туралы сөз болғанда Ыбырай Алтынсариннің мына шумағы еске түседі: Жақсыны көзден салмаңыздар. Жақсыдан қапыл қалмаңыздар. Өзі болған ерлердің Аяғынан алмаңыздар. “Өзі болған ерлердің” қателіктері де өздеріндей ірі болып, көзге бірден шалынуы мүмкін. Сонымен бірге олардың қателіктері де басқаларға сабақ болады. Тұлғаның тарихтағы рөлін түсіну үшін әркім өзінің субъективтік көзқарасымен шектеліп қалмай, тұлғаға тарихи тұрғыдан, сол тұстағы кезең тұрғысынан қарауы керек. Сонда ол сыңаржақтылыққа ұрынбайды. Тарихқа да, тарихи тұлғаларға да ұқыпты көзқарас керек. Ошақ басындағы түсінікпен біз тарихи тұлғаларға дұрыс баға бере алмаймыз. Мен жұмыс істейтін Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Жәңгір ханның есімімен аталады. Жәңгір хан туралы кеңес дәуіріндегі көзқарас белгілі: халқын қанап, наразылық білдіргені үшін әскер шығарып қырып салған жыртқыш, қатыгез, “қасқыр”. Қазір біздің Жәңгір хан туралы пікіріміз мүлдем өзгерді. Біз енді оның ел басқарудағы жаңашылдығына, реформаторлығына, ағартушылығына, елін, халқын бейбіт, берекелі тұрмысқа жеткізбек болған әрекетіне басымдық беріп отырмыз. Әрі мұны өте орынды деп санаймыз. Уақыт өзгерді. Жәңгір хан туралы біздің пікіріміз де өзгерді. Бұдан Жәңгір ханды сынаған, оған қарсы тұрған ақиық ақын Махамбеттің беделі кеміп қалған жоқ. Махамбет – тұлға. Сол сияқты Жәңгір хан да – қайталанбас тұлға. Бұлардай кесек, дара тұлғалардың мүдделері, ойлары сәйкес келе бермейді. Қазақтың даналық сөзі бар: “Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды” – деген. Махамбет пен Жәңгір ханға заман да, олар өмір сүрген қоғам да тарлық етті. Сөйтіп, тағдыр екеуін бір-біріне қарсы қойды. Қазіргі нарықтық, ашықтық, демократиялық қоғамда “культ” дегеннен қорқудың қажеті жоқ. Біз ол кезеңнен өтіп кеткенбіз. Жақсыны – жақсы, жаманды – жаман деп айта алатын жағдайға жеттік. Абай айтады: “Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол” деп. Бүгінде Елбасымызды шетелдіктер мен барша әлем жұртшылығы мойындап, оны феномен деп тануда. Міне мұндай Елбасымен, мұндай көшбасшымен қалай мақтансақ та артықтық етпейді деп ойлаймын. Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы. ОРАЛ.