Болгариядағы София университетінде Қазақ тілі және Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерделеу орталығы ашылды.
Наурыз мерекесінің қарсаңында София университетінің Шығыс тілдері мен мәдениеті орталығында Қазақ тілі және Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерделеу орталығының салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шара шеңберінде, Қазақстанның Болгариядағы Дипломатиялық миссиясының басшысы Теміртай Ізбастин және София университетінің ректоры И.Илчев Қазақстанның Болгариядағы Дипломатиялық миссиясы және София университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Меморандум қазақ және болгар тараптарына мәдениет, ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
«Қазақ тілі» пәнін оқу Еуропада алғаш рет болгар түркітанушысы Емил Боев София университетінің академиялық бағдарламасына енгізген. Бүгін Қазақстанның Болгариядағы Дипломатиялық миссиясы мен Құрметті консульдігінің күш-жігерлерінің арқасында, София университетінің қолдауымен, Қазақ тілі орталығы жөнделіп, қазақ тілін үйренетін студенттер үшін заманауи жабдықпен және оқу құралдарымен қамсыздандырылды.
Іс-шара қонақтары ішінде Қазақстан азаматтары және диаспора өкілдері, шет мемлекеттер дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, депутаттар, Болгарияның баспасөз, академиялық және қоғамдық орталарының өкілдері болды.
«Егемен-ақпарат».