Қазақ халқының ислам дінінен бұрын ғасырлар бойы шаман дінін ұстанғанын тарихтан жақсы білеміз. Сол шаман дінінің қалдығы ретінде біздің заманға жеткен ерекше бір құбылыс – бақсылық. Шаман мәдениетіндегі бақсылық жайында ХVІІІ-ХІХ ғасырларда П.С.Паллас, П.Рычков, Д.Банзаров, Ш.Уәлиханов, Т.Карлейль, Г.Н.Потанин, Ф. Поярков, Ә. Диваев, Б.Досымбеков сынды ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізсе, Кеңес үкіметі заманында И.А.Чеканинский, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев секілді ғалымдар тұшымды еңбектер жазды. Бақсылықтың тарихы ұлы Қорқыт бабамыздан басталып, Көкше бақсы, сары Салтық бақсы, Көкем бақсы, Көсе бақсы, сонымен қоса, Қойлыбай, Балақай, Сүйменбай, Танабай, Беркімбай, Сіләмбек сияқты көптеген атақты арқалы бақсылар арқылы біздің заманымызға дейін жетті.
Бұрынғы замандарда бақсылардың дәрежесі өте жоғары болған. Олар ерекше әулиелік қасиеттері бар адамдар болып есептелінген. Кейін, ислам діні қазақ даласына келгеннен кейін, заман ағымына байланысты бақсылардың рөлі төмендеп, олар тек емші ретінде ғана қалып қойды. Қазіргі кездегі көзқараспен қарағанда бақсылар, менің ойымша – көріпкел-экстрасенс, телепат, гипнозшы, табиғатынан психотерапевт, халықтық дәстүрдегі емші сияқты. Тағы бір атап өтерлік жағдай, зерттеушілердің еңбектерінің барлығында бақсылықты өнер ретінде қарастырады. Меніңше бұл дұрыс емес секілді. Бұлайша бақсылықтың шеңберін тарылтпағанымыз жөн. Қай өнерді болмасын үйренуге болады. Ал бақсылықты үйрену мүмкін емес, ол қонады. Менің пайымдауымша, бақсылық – белгісіз бір тылсым күшке бағынған, ғасырлар бойы атадан балаға қонып келе жатқан, ерекше қасиет.
Осындай ерекше бақсылық қасиеті бар адамдар біздің заманда да бар. Мақалаға арқау болып отырған сондай адамның бірі – Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданында өмір сүрген атақты Шыңғай бақсы. Алғаш мен Шыңғай бақсы туралы өткен ғасырдың 70-ші жылдары Жарма ауданының құрметті ақсақалдарының бірі Ахмет Нұрпейісовтен естіп, білген едім. Ол кезде Шыңғай тірі болатын. А. Нұрпейісов мені Шыңғай бақсымен таныстырамын деп сан мәрте оқталғанымен де, әлдебір себептермен реті келмей-ақ қойды. Кейін екеуі де қайтыс болып, тірі кезінде кездесіп, сұхбаттаса алмағаныма өкініп жүрдім. Жақында отбасылық жағдайымен Шыңғай бақсы өмір сүрген Ортабұлақ ауылына жолым түсіп, сондағы шағын клубтың меңгерушісі Төлеу Жанбайсенов деген зиялы азаматпен танысып, қасиет қонған атамыз жайында біраз әңгіме өрбіттік. Және бір атап өтерлігі, бұл азаматтың өз ауылына жасаған істері маған ерекше әсер қалдырды. Ол мәдениет саласының қызметкері болмаса да, 90-шы жылдардағы қиыншылық кезеңде талай басшылардың есігін тоздырып жүріп, ақыры оларды көндіріп, ауылындағы шағын клубты бұздырмай алып қалыпты. Кейіннен, күні бүгінге дейін ауылдастарының қалауы бойынша сол клубтың меңгерушісі болып қызмет істейтін көрінеді. Және де осы игілікті істі өзім істедім деп айтпайды, керісінше: «Клубты бұздырмай алып қалған Шыңғай атамның аруағы», деп сыйынып отырады. «Бұл сөзінің де бір қисыны бар-ау!» деп ойға қалдым. Клубты аралап, ғимараттың күтімі барлығын, жақсы сақталып қалғанын көріп Төлеу азаматқа дән риза болдым. Клубтың тәуір деген бір бөлмесіндегі үлкен бұрышты Шыңғай бақсыға арнапты. Жоғарыға фотосы ілінген. Төмендегі үстелде кезінде ем алған келушілердің атамызға тартқан ризалық сыйлары – қолдан тігілген тұскиіз, 90 жастан асқан Өриға әжейдің орамалы, тасбиық, үкі, тақия, жайнамаз, қамшы сияқты заттар және ол кісі жайлы баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар қойылған. Тағы бір ерекше экспонат тұр. Ол – кішкентай ғана дорбадағы арпа. Оны Төлеу бауырым: «Бұл Шыңғай атамның маған берген сыйы», деді. Мен атамыздың тірі кезінде тартқан сыйы деп ойладым. Бірақ, олай болмай шықты. Төлеудің айтуынша «бұл арпа осы бөлмеде ешқандай себепсіз, ойда жоқта, өзінен өзі пайда болған, ешкім әкелмегені дәлелденген». Осындай жағдайдан кейін, біз түсіне бермейтін ерекше бір тылсым күштің бар екендігіне сенбеуге болмайтын тәрізді.
Төлеу бауырыммен өткен әңгіме барысында Шыңғай атамыздың Семей қаласында тұратын зейнеткер қызы Гүлбағдат туралы қысқаша мағлұмат алып, үйіне әдейілеп іздеп барып таныстым. Ол кісі аудан орталығы Қалбатау ауылының тұрмыстық қызмет өтеу комбинатында 20 жыл қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықан соң жолдасы Мәдениет ақсақал екеуі Семейге көшіп келіп, тұрып жатқан көрінеді. Гүлбағдат апай әкесі туралы ерекше бір жылы сезіммен, барынша шешіліп сөйледі. Апайдың айтуы бойынша Шыңғай Райымбайұлы 1906 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданындағы Қарабұжыр-Қалба тауының баурайындағы Ортабұлақ ауылында дүниеге келіпті. Бақсылық қасиет бұл ұрпаққа жетінші аталарынан бері дарып, тараған көрінеді. Кейінгі аталары Райымбай, Райыс, Ұлтарақ және олардан бұрынғылары да атақты, ірі бақсы болған.
Шыңғай ұзын бойлы, толық денелі, түсі суық, құбылмалы һәм қызба мінезді, қалжыңбас, айтатынын бетке айтып тастайтын кісі екен. Ол туралы кезінде бүкіл Жарма ауданы, тіпті, көршілес Көкпекті, Шар, Ұлан, Ақсуат аудандарының да баласынан үлкеніне дейін білген. Өзге-өзге, академик-ғалым Әлкей Марғұлан оның қабілеті туралы елден естіп, ерекше таңғалып, ақын Қалихан Алтынбаевқа арнайы тапсырма беріп, әңгімелесуді сұрап, хат жолдапты. Бірақ, оны орындаудың сәті түспесе керек.
Гүлбағдат апай әкесінің ерекше қасиетін дәлелдейтін, көпшілік көріп, таңғалған, болған уақиғалар туралы айтып берді. Ұлы Отан соғысының ардагері Ғаббас Алтынбаевтың кейбір жайттарды өз көзімен көрген. Оның айтуына қарағанда, 1937 жылдың мамыр айында Шыңғай бір шаруамен алтын кен орны Қазаншұңқырға келеді. Кен орнының директоры Айтжан Бутин қолқа салып болмаған соң, ол жиналған көпшілік халықтың алдында бақсылығын көрсетеді. Алдымен, алып келген қобызын біраз уақыт есіп-есіп ойнағанда оның бет әлпеті халықтың көз алдында күндегіден мүлде өзгеріп кетіпті. Содан кейін пеште қып-қызыл болып, қызған темір шыбықты тілімен бірнеше рет жалағанда, ол суық суға салғандай шыжылдапты. Одан кейін шалқасынан жатып, кеудесіне балтаның ұшын қойып, оны ауыр балтамен соқтыртады. Балта кеудеге кірсе де, қан шықпайды. Мұны көріп отырғандарда зәре жоқ. Келесі кезекте ол аяғынан тік тұрады да, беліне қыл арқанды орай байлатып, екі жақтағы екі ұшынан төрт-төрттен сегіз жігітке тартқызыпты. Шықаң: «Қатты тартыңдар!» деп жар салады. Белі қиыла жаздаған сәтте бақсы ауаны тереңірек жұтады да, арқанның екі жағынан ұстап, «аһ» деп өзіне тартып қалғанда сегіз жігіт бір-біріне соғылып, домалап түсіпті. Ел қыран-топан күлкіге батады. Соңында ол кен орны бастығының ерекше асау айғырын қобыз үніне бағындырып, жайылымда жүрген жерінен соңынан ертіп, аң-таң болған адамдарға толы киіз үйге кіргізген. Бұл, әрине, санамызбен түсініп болмайтын, белгісіз тылсым жағдай екендігі анық. Белгілі халық ақыны Қалихан Алтынбаев ағамыз осы уақиғаның куәгерлері болған үш кісімен жеке-жеке сөйлескенде, олардың барлығы, өзара ақылдаспай-ақ, болған уақиғаны бірауыздан растаған. Бұл оқиға Жарма аудандық «Қалбатау тынысы» газетінің 2012 жылғы 12 қыркүйек күнгі нөмірінде жарияланған.
Шыңғай бақсы туралы халық аузында күні бүгінге дейін айтылып жүрген, болған уақиғалар көп екен. Соның тағы біріне тоқталайын. Қылышынан қан тамып тұрған қызыл империяның колхоздастыру кезеңінде, 1930 жылы жалғыз ғана аты бар Шыңғай атамыз «кулак элементі» атанып, қара тізімге ілінеді де, түрмеге тоғытылады. Аудандық ОГПУ бастығы Титов Шыңғай атамызды абақтының бір бөлмесіне жауып, өзі кабинетіне кіріп, енді жайғаса бергенде: «Сәлеметсіз бе, бастық», деп атамыз табалдырықты аттап, кіріп келеді. Және бұл жағдай бірнеше рет қайталанады. Ақыры түрме бастықтары, қорыққандықтан, «психикалық тұрғыдан дұрыс емес» деген анықтама беріп, Шыңғай атамызды босатып жібереді.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Шыңғай алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. Аттанар алдында ауылдастарына: «Соғыстан тірі қайтамын, бірақ ауыр жарақаттанамын», депті. Майданға бірге аттанған ауылдастарының айтуы бойынша, жауынгерлер толы вагон ішінде адамның мүмкіндіктері жөнінде дау тұрып, өз сөзінің шындығын дәлелдеу үшін Шыңғай атамыз толық жүрісте келе жатқан вагоннан секіріп түсіп, домаланып, аяғынан тік тұрады да, қайтадан вагонға қарғып мінеді. Майданда шабуылдарға шыққанда жауменен бетпе-бет келген кездің өзінде де оқ атып өлтіруге қарсы болған. Көпке дейін өзіне де оқ дарымаған. Майдандастарына: «Маған адамның қанын төгуге болмайды, әйтпесе жыным мені өлтіреді», деп айтқан көрінеді. Алдын ала өзі болжап, айтқанындай, ол соғыстың ауыр зардабын тартып, оң қолынан айырылып, 1944 жылы Сталинград шайқасынан елге «мүгедек бақсы» атанып оралады.
Соғыстан кейін Шыңғай қобыз тартып, таңғажайып нәрселер көрсететін жағдайы болмағаны түсінікті. Дегенмен, кейде жұртшылықтың көзінше өз тілін шығарып, пышақпен түбінен кесіп, жерге лақтырып тастап, соңынан ауызынан жаңа тілін шығарып көрсеткен кездері болған көрінеді. Бақсы майданнан оралған соң «мүгедекпін» деп қарап отырмай, Жарма ауданы «Расцвет» колхозының Ортабұлақ бөлімшесінде бәйбішесі Нұрғаным екеуі еңбекке белсене араласып, ел құрметіне бөленіп, бақытты отбасылық өмір кешіпті. Шыңғай ақсақал 1980 жылы 30 мамырда 74 жасында туған жері Ортабұлақта дүниеден қайтқан. Тәрбиелеп өсірген 2 қызынан бүгінгі күні жиен-немерелері бар. Үлкен қызы Гүлбағдат Семейде екенін айттық. Ал кіші қызы Гүлсара Өскемен қаласында тұрады.
Гүлбағдат апаймен әңгімелесу барысында ол кісі әкесінің көбінесе психикалық ауытқулары бар науқастарды, бала көтере алмай жүрген әйелдерді емдегенін, ол оң нәтиже бергенін өткенді, болашақты білу қасиеті арқылы жоғалғанды табатындығын және емдеу кезінде әртүрлі шөпті қолданатынын айтты. Әкесінің қобыз тарту кезіндегі сарынын апайымыз, өкінішке қарай, есіне сақтай алмаған, тек қана сарын сөзінің: «Ақсақ кемпір Шораяқ, шақырмаймын сені аяп», деген бастапқы екі жолын ғана айтып бере алды. Сірә, Шораяқ – бақсы жынының аты болса керек. Олай дейтін себебім, бұрынғы бақсылардың да жындарының аттары болғаны белгілі. Емдеу сеанстарын өткізген кезде олар жындарының аттарын атап шақырған. Бұл туралы ғалымдардың зерттеу еңбектерінде жазылған.
Бақсылардың негізгі құралдарының бірі қобыз болғанын жақсы білеміз. Шыңғай бақсының қобызы Гүлбағдат апайдың үйінде сақтаулы екен. Үлкен ақ орамалға оралған қара қобызды әкеліп көрсетті. Бұл қобыз жеті аталарынан бері келе жатқан киелі аспап ретінде сақталып келеді. Әр атаның аралық жас мөлшерін 25 жылмен есептегеннің өзінде, бұл қобызға, кем дегенде, 200 жылға жуық «жас» беруге болады. Ал, Шыңғай атамыздың 1906 жылы туғанын ескерсек, қобыз 1700 жылдары жасалған деп мөлшерлеуге келер. Ерекше бір тебіреніспен қасиетті қара қобызды қолыма ұстап, мұқият тексердім. Бір қарағаннан-ақ, аспаптың жақсы шебердің қолынан шыққандығы білінеді. Аспаптың пішіні қарабайыр емес, прапорциялары дұрыс жасалған, жалпы ұзындығы 43,3 сантиметр, шанақтың негізгі бөлігінің диаметрі 13,7 сантиметр, мойыны 11,5 сантиметр, шанақтың терімен қапталған төменгі бөлігі 10 сантиметр, шанағының ішіне және құлақ басына темір шылдырмақтар ілінген, мойыны мен құлақ басының беткі жағы оюлы жез металмен көмкерілген. Тағы бір байқағаным, шанағының ішінде кезінде айна болғанға ұқсайды. Себебі, орны анық көрініп тұр. Бір өкініштісі, аспап ескіріп, талай рет сынған екен. Жөндеу жұмыстары кезінде қарабайыр түрде жүргізілгені анық көрінеді. Сынған жерлерін, тіпті, темірмен де жалғапты. Қыл ішектері үзіліп біткен, құлағында бірнеше тал ғана бар. Тобылғыдан жасалған шағын ысқышының қылдары да сондай жағдайда. Мен аспапты жан-жақты, әр қырынан фотосуреттерге түсіріп алдым. Аспапты келешекте жақсы кәсіби шебердің қолына беріп, жөндетсе, Шыңғай атамның аруағына мол сауап болар еді деп ойлаймын.
Гүлбағдат апай мен Мәдениет ағаның шаңырағында өткен әңгімеміз аяқталып, қайтуға бет алғанда, төрде ілулі тұрған үлкен портретке еріксіз көзім түсті. Майлы бояумен, керемет кәсіби деңгейде салынған портретте Шыңғай атамыз бейнеленген. Портретті әулеттің құдасы, кәсіби суретші Уәлихан Дүзмамбетов бақсының тірі кезінде, өзіне қарап отырып салған екен. Автор бақсының қарапайым, адами образын дәл берген.
Жалпы адамзат тарихында белгісіз тылсым күш иелерінің, қай уақытта, қай заманда болмасын өмір сүргенін бәріміз жақсы білеміз. Бірақ, олар туралы айтып, жазып насихаттау жағына келгенде тартыншақтай береміз. Өйткені, көпшілік тарапынан түсіністік таппай қаламыз ба деп қорғаншақтаймыз. Бұл дұрыс емес сияқты. Қазіргі кезде небір алаяқ адамдар өздерін «экстрасенспіз», «көріпкелміз», «балгерміз», «тәуіппіз», «құмалақшымыз», «емшіміз» деп ұялмай жар салып жүргенде, табиғатынан қасиеті бар, шын киелі адамдарды неге насихаттамасқа?! Сол себептен де, қолыма қалам алып, шынайы Шыңғай бақсы жайлы жазуды мақсат тұттым.
Оразғали СЕЙІТҚАЗЫ,
Шәкәрім атындағы Семей
мемлекеттік университетінің профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
СЕМЕЙ.